Start Қоғам ТҮРКІСТАН: БӨДЕНЕ ЖҰМЫРТҚАСЫН ӨНДІРУ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

ТҮРКІСТАН: БӨДЕНЕ ЖҰМЫРТҚАСЫН ӨНДІРУ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Түркістандық кәсіпкердің бөдене жұмыртқасын өндіріп сату ісі табысты бизнеске айналып келеді. “Бөдене өсіріп, жұмыртқасын сатып баю мүмкін емес, тек күнкөріс” деген қасаң пікір бүгінде жоққа шықты десек те болады. Ол өткізу нарығы әлі қалыптаспаған, сондай-ақ жұртшылық та оның өнімдерінің пайдасын жете білмейтін кезеңнің еншісінде қалды. Қазіргі таңда еліміздің түгелге дерлік қалалары мен елдімекендеріндегі дүкен сөрелерінен бөдене еті мен жұмыртқасын оңай табуға болады. Яғни, отандық өндірушілердің аталған құс жұмыртқасын өндіріп сатуға ден қойғаны байқалады.

Иә, иә, бөдене өсірумен айналысу – бүгінде берекелі кәсіптердің бірі. Өзі жұдырықтай ғана, жұмыртқасы кішкене болғаннан соң ба, оны өсіруге былайғы жұрт аса көңіл бөле бермейді. Ал, бөдене өсірумен айналысатындар  одан көл-көсір пайда тауып отырғандарын жасырмайды.

Бөдене қырғауылдар тұқымдастарына жатады. Ақшыл жолақты кішкене сұр құс еліміздің шөл далалары мен аса биік емес тау етектерінде ұялайды. Сол жерлерде қыстап та қалады. Ал, осы бөденені өсіруге Бәйдібек ауданы, Шаян ауылының тұрғыны Ғалымжан Тұрдалының көңілі қалай ауды? Өзінен сұрап көрейік.

– 2001 жыл мен үшін өте ауыр болды. Ішім бүріп ауырып, аз ғана уақыттың ішінде кәдімгідей жүдеп қалдым. Ішкенімді ішкендей құсып тастаушы едім. Тіптен, судың өзін сіңіре алмадым. Бұл кезде мен Алматы қаласында «Қазақстан-1» ұлттық арнасында жұмыс істеп жүрген едім. Қаралмаған дәрігерім жоқ. Содан бір күні таныс жігіт кездесіп қалды. Ол менің мына түрімді көріп шошып кетті. Мен жағдайымның мүшкіл екенін жасырмадым.

– Ғалымжан, сен саспа. Мен бөдене өсіремін. Соның жұмыртқасын беріп тұрамын. Шикілей жұт. Әлі-ақ шауып кетесің, – деді.

Мен оған сенбедім. Сонда да бөдене жұмыртқасын ішіп көргім келді. Досым күнде бір қорап жұмыртқа әкеліп тастайды. Мен оны жарып, уызын шикідей жұтамын. Байқаймын, денсаулығым күн санап жақсарып келеді. Осылай жағдайым бірте-бірте оңала бастады. Енді, міне, көріп тұрсыз, ауырған адамға ұқсаймын ба? – деп күледі кәсіпкер Ғалымжан.

Мұнан соң ол бөдененің пайдасы жөнінде іздене бастапты. Санкт-Петербург қаласындағы радиациялық гигиена ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ақ егеуқұйрыққа жүргізген тәжірибе кезінде бөдене жұмыртқасынан дайындалған тағамды жеген адамда сәулелі ауру болмайтынын, болған күнде де жеңіл өтетінін білген. Жапония мен Қытай бірнеше ғасырдан бері бөдене еті мен жұмыртқасын халық медицинасында пайдаланады екен. Ал, Жапония мектеп оқушысының таңертеңгі ас мәзіріне бөдененің екі жұмыртқасын міндетті түрде енгізетін көрінеді. Ол балаларды бөртпе мен диатезден құтқарады. Сондай-ақ, баланың ойлау қабілетін арттырады. Қысқасы, бөдене жұмыртқасы анемияға, бас ауруына, демікпе мен туберкулезге, қан қысымының көтеріліп және түсіп кетуін реттеуге, суық тию мен тұмауға, асқазан және ішек ауруларына, әсіресе асқазан жарасы мен гастритке ем екенін Ғалымжан өз ауруынан айыққан соң іздене жүріп, әртүрлі басылымдардан біліп алыпты. Мұнан соң ол бөдене асырауға бет бұрады.

Бұл күнде оның бағымында 1300 бөдене бар. Оны 2000-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Таяуда Ғалымжан Созақ ауданына барып, өндіріс орындары басшыларымен кездесіп, бөдене жұмыртқасын тұрақты жеткізіп беру жөнінде сөйлескен. Олар әр күн сайын 5000 дана бөдене жұмыртқасын алып тұруға құмбыл. «Сол үшін бөденені көбейтуім керек» дейді кәсіпкер. Ғалымжан сонымен қатар таяуда Ташкент қаласына барып, бөдене етінен сорпа жасауды үйреніп қайтыпты. Кәсіпкер Ғалымжан Тұрдалы бөденемен қатар түйеқұс та өсіреді екен.

– Бөдене өсірудің өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, бөдене тұратын орынның температурасын үнемі қадағалап отыру қажет. Кіп-кішкентай құс тазалықты сүйеді. Бөдене балапандарын екі сағат сайын тамақтандырамыз. Бөдене балапандарын өсірудің алғашқы аптасында қатты пісірілген, майдалап ұнтақталған тауық немесе бөдене жұмыртқаларын, оның қабығын, дақыл жармаларын, одан кейін балапандарға арналған зауыт жемдерін береміз, – дейді кәсіпкер.

Ғалымжан бизнесті қолдау қорынан 1 несие алған. Әйткенмен, бұл қаржы аздық ететін сияқты. Бір ғана бөлмедегі ауаны реттеп отыратын аппарат сатып алуға қыруар қаржы жұмсапты. Бөдене мен түйеқұсты өз есебінен көбейту арқылы табысын бірте-бірте еселеп келе жатқан Ғалымжан бүгінде 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Кәсіпкердің ендігі мақсаты – бөдене шаруашылығын одан әрі дамыту. Бұл үшін бөдене еті мен жұмыртқасын сататын шағын дүкен ашуды көздеп отыр.

Біріншіден, бөдене – адам денсаулығы үшін таптырмас ем. Екіншіден, берекелі бизнес. Сондықтан бұл кәсіпті одан әрі дамыта берсем, – дейді кәсіпкер бізбен қоштасып тұрып. Оған сәттілік тіледік.

Құстардың ішінде сағаттап өсетін құс бар. Бейне бір қазақ ертегілеріндегі батырлар сияқты. Бірақ, қанша көз ілеспес жылдамдықпен өскенімен, сонша тез қартаяды. Яғни, өмір сүру циклі қысқа. 1,5-2 айдан бастап жұмыртқалай бастайды да, жұмыртқадан шыққаннан кейін 35-40 күнде үлкен құсқа айналады. Жалпы жұмыртқалау кезеңі бір жылдан асар-аспас. Бір жылдан кейін оны бордақылап, етке өткізеді. Иә, біз бөдене құсы туралы айтып отырмыз. Бөдене шаруашылығы нәрестеге қарағандай үлкен төзімділік пен ыждаһаттылықты қажет етеді. Бұл құс жылуды жақсы көреді. Қыста жылы ұстап, жазда желдеткіш қойып, бөлмеде 20-25 градус бірқалыпты температура болуы шарт. Айман апай бөдененің «бөлмесін» қыстыгүні 18-20 градустан төмен түсірмеуге, жаздыгүні қатты ысытып жібермеуге тырысады екен.

Адамға қажетті жылу мен жарық, су бөденеге де өз уақытында үш мезгіл берілмесе, өнім азайып кетеді. Құрамажемнің малға, мүйізді ірі қараға, итке де, құсқа да арналған түрі бар. Құрамажем микроэлементтер мен дәрумендерге бай. Бидай, жүгері, тары, балық ұны, т.б. Бәрі де зерттелген. Бірақ, бағасы әжептәуір қымбат. Бір қабы – 25 кг. Бір адамның өзі көтеріп кете беретін жеңіл етіп шығарғаны дұрыс болды. Бір килосы 160 теңгеден, бір қабы 4 мың теңгеге түседі. Бөдене басқа құстар сияқты әр түрлі жемді жей бермейді.

Әр құстың балапан басу мерзімі әр түрлі. Мысалы, тауықтар 20-21 күнде, күркетауық 28 күнде, түйеқұс 40-45 күнде, бөдене 16-17 күнде балапан басып шығады. Аңғарғанымыздай, осылардың ішінде ең тез көбейетіні – бөдене. Қолдың бөденесі жабайы бөдене сияқты өз бетінше балапан баспайды. Бұлар кезінде қолға үйретіліп, селекция арқылы шығарылған ғой. Соның өзінде жартылай жабайы. Сондықтан, инкубаторсыз балапан шықпайды. Жұмыртқасы инкубаторда 16 күн тұрады. Адамдар «ойбай, инкубатордан шыққан» деп шошиды. Олай емес. Бұл тек өмірге келу тәсілі ғана. 37,7-38°С қажетті температура, ылғалдылық сақталса, жұмыртқалай береді. Мекиені де балапан басқанда сондай жағдай жасайды.

Инкубатордан құс шығару қиын. Екінің бірі бөдене құсын асырай алмайды. Өйткені, ол басқа құстар сияқты кез келген жемді жей бермейді. Өте сезімтал құс. Көп адамдар қиындықтарына шыдай алмай бұл кәсіпті орта жолдан тастап кетеді. Қыстыгүні шығын өте көп.

Бөдененің еті мен жұмыртқасының пайдасы өте көп. Мамандар бөдене жұмыртқасын әсіресе, балаларға, қарттарға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді. Себебі, бұл өнімнің адамның иммунитетін көтеріп, сергітетін қуаты мол. Аз сөзбен айтсақ, мың ауруға шипа. Жұдырықтай құстың еті холестеринсіз, диеталық тағам. Жұмыртқасы дәрумендігі жағынан тауықтан үш есе құнарлы, амин қышқылы, микроэлементтерге бай. Бұрын патшалар мен ақсүйектердің ғана жейтін асы болған екен. Екінің бірінің қолы жете бермеген деседі. Кезінде Шыңғыс ханның өзі жаралы жауынгерлеріне бөдененің жұмыртқасын ішкізіп, аяққа тұрғызғанын тарихи кітаптардан кездестіруге болады. Еті мен жұмыртқасынан бөлек бөдене шаруашылығының сан түрлі қырын дамытып, пайда табуға болады. Етін тұздап, жұмыртқасын маринадтаса, жеңсік ас ретінде желінеді. Кептірілген қиын ұнтақтап, қаптап ұсынсаңыз, тыңайтқыш ретінде өтімді болады. Жүнін жастықтың мамығына пайдаланса тіпті, керемет! Ол үшін құстың басын көбейтіп, ерінбей айналысу керек». Жапондар мұны біліп қана қоймай, ұлт денсаулығын жақсартуға қолданатынын айтады. Тіпті, мектеп жасындағы балаларға күніне екі бөдене жұмыртқасы тегін таратылады екен. Қытайда 70 млн, Ресейде 350 мың бөдене басы бар екенін де деректер айғақтайды.

Ал бізде бұл сала ақырындап дамып келеді. Сайрамда бөдене өсіретін шаруашылықтар баршылық деп естиміз. «Малышева» атты жеке шаруашылық бұл құстың өнімдерін супермаркеттерге тарататынынан хабарымыз бар. Бірақ, бөдене құсы әлі заңды түрде тіркелмеген көрінеді. Яғни, заңдастырылмаған, реестрге енгізілмеген. Тауыққа бар. Бөденеге жоқ. Бөдене асырасаңыз, тіркей алмайсыз. Бұл біздегі Ауыл шаруашылығы министрлігі ескерер өзекті мәселе деп ойлаймыз.