Start Қоғам ОБЛЫС ӘКІМІ ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТӨЛЕБИЛІК ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІН ТЫҢДАДЫ

ОБЛЫС ӘКІМІ ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТӨЛЕБИЛІК ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІН ТЫҢДАДЫ

Түркістан облысында тұрғындар жалпы қабылдауда облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға көкейдегі сауалын қойып, өтініштерін ашық айта алады. Бұл үрдіс өңір басшысының аудан, қалалардағы жұмыс сапары аясында қалыптасқан. Кезекті «Ашық есік күні» аясында бірыңғай қабылдау Төлеби ауданында өтті.

Жалпы жиынға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері де қатысып, айтылған мәселелердің оң шешімін табуына атсалысты. Төлеби ауданындағы жеке қабылдауға Қасқасу ауылынан жазылған азамат тұрғын үймен қамтамасыз етуді сұрады. Ал Киелітас ауылдық округінің тұрғыны дизель отыны мен минералды тыңайтқыштардың бағаларын тұрақтандыру мәселесін көтерді.

Сонымен қатар еркін кездесуде мектеп оқушыларына арналған жазғы лагерьлер құрылысына ықпал етуді өтінді. Ленгір қаласының тұрғыны Сауран және Астана көшелерінің қиылысындағы жол астындағы су құбырын ауыстыру жайын қозғады. Тағы бір қала тұрғыны легализация кезіндегі жер кадастрі бөлімі жіберген ретсіздіктерді айта келе, зардабын көріп отырғанын жеткізді. Жеке қабылдауға арнайы Сарыағаш ауданынан келген азамат ауданға қарасты Жібек жолы ауылында орналасқан мектеп алдындағы жолға бейнебақылау орнатуды сұрады. Өңір басшысы тұрғындарды тыңдап, олардың сауалдарын жауапты тұлғалар жан-жақты зерттейтінін, әрбір мәселе шешімін тапқанша өз бақылауында болатынын айтты. Кез келген мәселе заңдылығына қарай шешімін табады. Ол үшін облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына міндеттер жүктеді. Қабылдаудың басты ережесі де ашықтық болған соң, жазылушылар, келушілер өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты жауап алды. Айта кетейік, дәл осындай ашық форматтағы өңір басшысының жеке қабылдауы барлық аудан, қалада жалғасады.