«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының жұмыс жоспарына сәйкес, Жетісай ауданында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілді. Қоғамдық қабылдауды «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды. Жиында Түркістан облысы мәслихатының хатшысы Кайрат Балабиев, Жетісай қаласының әкімі Мұрат Қадырбек, Түркістан облысы мәслихатының депутаттары – Талғат Қаржауов, Нұралы Абишев, облыстық басқармалар мен құқық қорғау органдарының жауапты өкілдері қатысып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Жетісайлық тұрғындар тұрғын үй кезегіне тұру, жер дауы, «көгілдір отын», жанармай, ауыл шаруашылығына қажетті аммиак селитрасы, жұмысқа орналастыру бойынша өтініштерін айтып келді. Мәселен Қарақай ауыл округінің тұрғыны Н.Мехлиева баспана мәселесін көтерді. Оған жалғыз басты ана ретінде тұрғын-үй кезегіне тұруға тиісті кеңес пен көмек берілді. Жер кезегіне тұра алмай, көмек сұрай келген Мырзашөл елді мекенінің тұрғыны Р.Нұрназарова да ауыл әкімдігінің көмегімен жер кезегіне тұратын болды.
Байқоныс елді мекенінің тұрғыны Г.Бердімұратова мемлекет тарапынан баласына бөлінетін сүтті ала алмай жүргенін айтып, шағымданды. Тұрғынға бұл көмек бойынша мемлекеттік тапсырыс жүргізіліп жатқаны, таяуда берілетіні айтылды. Облыстық мәслихат депутаты Талғат Қаржауов өз қаражаты есебінен көмек көрсетті. Жетісайлық К.Асабаева жұмысқа тұру, үй алу бойынша көмек сұрады. Тұрғынның мәселесі бірден назарға алынды. Жетісай аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жұмағали Төреқұл бұл азаматшаның 01.07.2021 жылы қалалық әкімшілікке құжаттарын тапсырып, жұмысқа қабылданатынын жеткізді.
Ынтымақ ауыл округінен келген Ш.Момынов Ынтымақ жалпы орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу, Әден ата елді мекеніндегі жолдарды жөндеу және ағын су мәселесін қозғады. Ауылдың түйіткілін депутаттарға жеткізген ақсақалға тиісті бөлім басшысы Әден ата елді мекенінің жолы 2022 жылы жөнделетінін түсіндірді. Мәселе бақылауға алынды. Сонымен бірге ағын су тапшылығын жою бойынша да тиісті жұмыстар атқарылмақ.
Жалпы көшпелі қоғамдық қабылдауда 12 адамның өтініші тыңдалды. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев барлық сұрақтар мен мәселелер партиялық бақылауға алынатынын айтып, тиісті басшыларға ұсыныстарын жеткізді.
2020 жыл қорытындысы бойынша партияның Жетісай аудандық филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлмесіне 2304 адам жүгінген, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (786) 3 есеге артық. Нәтижесінде 1488 өтініш (64%) оңтайлы шешіліп, 816 өтінішке заң аясында кеңестер берілді. 2021 жылы қаңтар-маусым айлары бойынша 494 өтініш келіп түскен. 379-ы оңтайлы шешіліп, 112 өтінішке заң аясында кеңестер берілген. 2021 жылы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 65 қабылдау жүргізіліп, 130 азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдары қаралған.