Кристофер Ноланның «Оппенгеймер» фильмі – адамзат тарихындағы маңызды ғылыми жетістіктердің бірі болып табылатын атом бомбасын жасау үрдісін және осы жаңалықтың салдарын терең зерттейтін биографиялық драма. Картина физик Роберт Оппенгеймердің өмірі арқылы ғылымның, этиканың және саясаттың өзара ықпалын зерттейді, бұл оны ғылыми қауымдастық пен жалпы көрермен үшін ерекше маңызды етеді.
Фильмнің негізгі ғылыми және тарихи оқиғалары ХХ ғасырдың ортасына тиесілі. Онда Манхэттен жобасы, ядролық қарудың алғашқы сынақтары және осы жаңалықтардың геосаяси әсері бейнеленеді. Нолан сценарийді «Американдық Прометей» кітабының негізінде жазып, ғылыми және тарихи мәліметтерді мүмкіндігінше дәл беруге тырысқан. Бас кейіпкердің бейнесін Киллиан Мерфи шебер жеткізіп, Роберт Оппенгеймердің тек ғалым ғана емес, сонымен қатар моральды ойтолғауларға толы тұлға екенін көрсетті. Фильмде атом бомбасын жасау процесінің техникалық аспектілері көп болмаса да, оның қоғам мен ғылым үшін маңызы кеңінен қарастырылған. Атап айтқанда, Нолан ғылым мен оның қолданылуындағы моральдық жауапкершілік мәселелерін көтереді. Бұл тақырып тек физиктер мен инженерлерге ғана емес, этика, саясаттану және халықаралық қатынастар саласындағы мамандарға да өзекті.
Визуалды және техникалық жағынан фильм жоғары деңгейде орындалған. Оператор Хойте Ван Хойтеманың жұмысы және Людвиг Йоранссонның музыкалық сүйемелдеуі ғылыми және тарихи оқиғалардың драматизмін толықтыра түседі. Атом бомбасының сынақ көріністері ғылыми дәлдік пен көркем бейнелеудің үйлесімін көрсетеді, бұл көрерменнің жаңалықтардың ауқымын сезінуіне мүмкіндік береді. Жарық пен түстердің үйлесімді қолданылуы, қара-ақ және түсті кадрлардың кезектесуі – әрбір көріністі эмоционалдық және символикалық тұрғыдан толықтырады. Атомдық жарылысты бейнелейтін көріністер нақты ғылым мен көркемдік қиялдың тоғысқан үлгісі болып табылады, бұл көрерменге оның шынайылығын сезіндіреді. Әуендердің қарқыны мен ритмі драматикалық шиеленісті күшейтіп, кейіпкерлердің сезімдерін тереңірек сезінуге жол ашады. Әсіресе, атомдық сынақ көріністеріндегі үнсіздік пен динамикалық дыбыстардың ауысуы көрерменге ерекше әсер етеді.
Фильмнің ғылыми қауымдастық үшін тағы бір маңызды жағы – ғылымның саясатпен және әскери іс-қимылдармен байланысы. Оппенгеймердің тарихи рөлі – ғалымдардың ашқан жаңалықтарының олардың бақылауынан тыс пайдаланылуының нақты мысалы. Бұл контекстте фильм ғылымның прогресі мен оның салдарлары туралы маңызды сұрақтар қояды: ғылым адамзатқа тек пайда әкеле ме, әлде ол бақылаусыз қауіпке айналуы мүмкін бе? Дегенмен, фильм кейбір ғылыми және тарихи аспектілерді егжей-тегжейлі талдамайды. Бұл жайт кәсіби ғалымдар мен тарихшылар үшін белгілі бір ақпараттың жетіспеушілігін тудыруы мүмкін. Сонымен қатар, кейбір қосалқы кейіпкерлердің оқиғалары бас кейіпкердің оқиғасына қарағанда аз зерттелген.
«Оппенгеймер» фильмі ғылым мен моральдың тоғысында тұрған маңызды тақырыптарды қозғай отырып, көрерменді ғылымның күші мен оның жасай алатын қауіптері туралы ойлануға итермелейді. Бұл туынды ғылымның қоғам өміріндегі рөліне, ғалымдардың жауапкершілігіне және тарихи шешімдердің салдарына арналған маңызды фильм ретінде бағаланады.
Актерлік шеберлік
Киллиан Мёрфи басты кейіпкердің күрделі бейнесін ерекше дәлдікпен жеткізді. Оның ойынындағы нюанстар – көзқарасы, дауыс ырғағы және мимикасы – Оппенгеймердің ішкі драмасын ашады. Сонымен қатар, Эмили Блант, Роберт Дауни кіші және Мэтт Дэймон сияқты актерлердің қосымша рөлдердегі шынайы ойындары фильмнің көркемдік деңгейін көтере түсті. Айта кетерлік, Киллиан Мерфи үздік актер ретінде, Кіші Роберт Дауни 2024 жылы Оскар жүлдесін 96-шы марапаттау рәсімінде Оппенгеймер фильміндегі рөлі үшін «екінші пландағы үздік актер» номинациясы бойынша жеңіп алды. Картинада ол американдық кәсіпкер және басты антагонист Льюис Штраусты ойнады.
Символизм және философия
Фильм ғылыми прогресс, адамзаттың жауапкершілігі, билік пен мораль тақырыптарын қозғай отырып, символизмге бай. Атом бомбасы тек ғылыми жетістік емес, сонымен бірге апатты салдардың бейнесі ретінде көрінеді. Оппенгеймердің өміріндегі этикалық дилеммалар – жалпы адамзаттың өмірлік таңдауына арналған метафора.
Роберт Оппенгеймер – ХХ ғасырдағы ғылым мен технологияның дамуында ғана емес, адамзат тарихындағы ең күрделі этикалық сұрақтарды көтерген тұлға. Оның өмірі мен қызметі ғылымның қоғамдағы рөлі, әскери технологияның дамуы және ғалымдардың моральдық жауапкершілігі туралы терең ойлануға мүмкіндік береді.
Біржан АМАНБЕК, Ахмет Ясауи университеті,
Журналистика мамандығының 4 курс студенті.