Start Экономика ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҮРГІЗІЛУДЕ


Шардарада көктемгі дала жұмыстарын уақтылы ұйымшылдықпен өткізу мақсатында аудан әкімінің тапсырмасымен «2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарын үйлестіру жөнінде аудандық штаб» құрылды. Биыл егілетін егіс көлемі жоспарланды.
Атап айтқанда, 1200 га жерге күздік бидай, 1500 га жерге жаздық арпа, 600 га жерге күріш, 4300 га жерге дәндік жүгері, 1100 га жерге маш, 600 га жерге күнбағыс, 12800 га жерге мақта, 17200 га жерге ескі жоңышқа, 4100 га жерге жаңа жоңышқа, 4100 га жерге сүрлемдік жүгері, 250 га жерге картоп, 600 га жерге көкөніс, 9450 га жерге бақша, барлығы: 57 800 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр. Мақталық алқаптың егіс көлемі 2459 гектарға, күріш алқабы 600 гектарға азайтылып, орнына мал азығы (ескі жоңышқа), дәнді-бұршақты, майлы дақылдар (күнбағыс) егіс көлемін арттыру көзделген.
Ал ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығына келсек, қолда бар 1898 ауыл шаруашылығы техникасының 90,0% көктемгі дала жұмыстарына дайындалды. Соңғы бес жылда ауданда 568 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасы алынып, ол техникалар аудандағы ауыл шаруашылығы техникаларының 34,8 пайызын құрады. 2024 жылдың қаңтар айында 10 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, тағы 20-сы рәсімделуде. Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарына бөлінген жанар-жағармай бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес, «gosagro.kz» ақпараттық жүйесінде 2024 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына 2406,1 тонна дизель отынына өтінім беріліп, қалыптастырылды. Аталған дизель отынын тасымалдауға және жеткізуге «KZ Мұнай -2» ЖШС және «Универсал РК» ЖШС айқындалды.
Шардара ауданында келесі жылдың өнімі үшін 38 960 га жерге жер жырту жоспарланып, бүгінгі таңға 22 830 га жер айдалды. Сондай-ақ 1200 га күздік бидай егу межеленіп, бүгінге дейін 1050 га жерге егілді. Жер жырту жұмыстары ауа-райының жылы күндері жалғасуда.
Сор шаю және ылғалдандыру жұмыстары бақылауда тұр. Бүгінгі таңда «Тұран су» ШЖҚ МКК Қоссейіт және Көксу ауыл округтеріндегі ағын су қашыртқыларын механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуде. Қазірге дейін Қоссейіт ауыл округінде 3 шақырым, Көксу ауыл округінде 54,5 шақырым қашыртқы механикалық тазалаудан өтті. Бұл жұмыстарға Қоссейіт ауыл округінде 4 эксковатор, 1 бульдозер, Көксу ауыл округінде 12 эксковатор, 2 бульдозер, 3 драглайн жұмыс атқаруда. Қашыртқыларды механикалық тазалау жұмыстары жалғасып жатыр.