Start Экономика ТҮРКІСТАН: КЕНТАУ ТРАНСФОРМАТОР ЗАУЫТЫ ЖЫЛЫНА 12 МЫҢ ДАНА ӨНІМ ДАЙЫНДАЙДЫ

ТҮРКІСТАН: КЕНТАУ ТРАНСФОРМАТОР ЗАУЫТЫ ЖЫЛЫНА 12 МЫҢ ДАНА ӨНІМ ДАЙЫНДАЙДЫ

Бүгін Кентау трансформатор зауытында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур аясында журналистер алдымен Кентау қаласында орналасқан трансформатор зауытына барды. Өндіріс орнының басты ерекшелігі – өнімдерін заманауи қондырғылар негізінде жасап шығарады. Басқарма Төрағасы Бауыржан Худайбергеновтің айтуынша, зауыт жылына 12 000 дана өнім дайындайды.

  • Кентау трансформатор зауыты қазір шикізаттың 15 пайызын ғана сырттан әкеледі. Зауыт жобалау институттарымен тығыз жұмыс істейді. Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Astana EXPO-2017» үшін арнайы салмағы 125 тонна, кернеуі 110 кВ, қуаты 80000 кВА электрлі машинаны шығардық. Жұмыс сапасын арттыру үшін Жапонияның Кайдзен жүйесін қолданудамыз,- дейді басқарма төрағасы.

Өндіріс орнында 1 100 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы мөлшері – 308 000 теңге. Трансформатор зауытында бір уақытта 6 адамның жұмысын атқара алатын жапондық «Yaskawa Motoman» дәнекерлеуші-роботы іске қосылған. Қазіргі таңда зауыт қуаттылығы 80 000 кВа дейінгі майлы және құрғақ трансформаторларды, қосалқы станцияларды, төмен және жоғары вольтты ұяшықтарды, вакуумдық ажыратқыштарды шығарады.

Сонымен қатар, журналистер Шымкент қаласында орналасқан «Asia Trafo» трансформаторлық зауытының жұмысымен де танысты.

«Asia Trafo»- еліміздегі трансформаторлық жабдықтар шығаратын ең ірі зауыт. Бүгінде өндіріс орны 350 адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. Зауыт өнімдері тек ішкі нарықта ғана емес, сонымен қатар шетелде де сұранысқа ие. «Asia Trafo» жыл сайын ТМД нарығына кернеуі 110 кВ және одан жоғары трансформаторлық жабдықтардың экспорттық жеткізілімдерінің санын көбейтуде.

Баспасөз туры аясында журналистерге алғаш рет бірегей жаңа өнім – қуаттылығы 250 000 кВА және кернеуі 500 кВ үш фазалы автотрансформатор көрсетілді. Қазақстан тарихында алғаш рет жасалған автотрансформатордың жалпы ұзындығы 13 метрден асады, ал биіктігі 10 метр. Бұл Қазақстанда бар автотрансформаторлардың ең ірі түрлерінің бірі. Өнімнің жалпы салмағы 295 тонна.