Start Басты жаңалықтар Ө. ШӨКЕЕВ: ТҮРКІСТАНДЫ ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ДАМЫТАМЫЗ

Ө. ШӨКЕЕВ: ТҮРКІСТАНДЫ ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ДАМЫТАМЫЗ

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 2018 жылдың 19 маусымында Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойып, облыс орталығы етіп Түркістан қаласын бекіткен болатын. Осы орайда, Түркістан облысының құрылғанына бір жыл толуына орай, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы Жастар ресурстық орталығында баспасөз-конференциясын өткізді. Жиынға республикаға танымал БАҚ өкілдері және өңірлік төртінші билік өкілдері арнайы қатысты.

Арада небәрі бір жыл өтсе де өңір қарқынды дамудың жолына түсіп, облыс орталығы болған Түркістан қаласы жаңа кейіпке еніп келеді. Мәселен, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін осы бір айдың көлемінде Үкімет тарапынан аса маңызды 5 қаулы қабылданды. Оның ең маңыздысы – «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары».

Сонымен қатар, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету мөлшері орташа есеппен 40%-ға артып, 2019 жылы 103 464 мыңнан астам отбасы өтініш білдірген, оның 65 946-на атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Түркістан облысы бойынша жыл соңына дейін 1032 көпбалалы отбасыпәтермен қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, 2019 жылдың 5 айында Түркістан облысы бойыншабарлығы 1724 пәтер тапсырылды. Жыл қорытындысымен 50 тұрғын үй, яғни 2 613 пәтер пайдалануға тапсырылады.

Сондай-ақ, медицина саласында облыстық бюджет есебінен 2018 жылы шалғай елді мекендерге 62 модульдік медициналық пункт сатып алынды, 2019 жылы 19 модульдік медициналық пункт орнату жоспарланды. Облыста 2 қалалық, 4 аудандық емхананың құрылысы және Түркістан қаласында №3 облыстық перинаталдық орталығына жапсарлас 150 орындық перзентханасы және 900 орындық 1 білім ұясының құрылысы жүруде.

Биыл мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында 3315 жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне айтарлықтай әсер етті. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде 24 478 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты.

Облыс тұрғындарының өмір сапасын арттыру мақсатында инженерлік инфрақұрылым, соның ішінде жылу, су тарту жүйесі, газ және электрмен жабдықтау бойынша көптеген мәселелер шешімін тапты.

Баспасөз-конференциясында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығын дамыту жоспарымен таныстырды.

«Түркістан қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін ағымдағы жылдың соңына қарай халықтың 56% газбен қамтамасыз ету жоспарда бар. Сонымен қатар, Түркістан қаласын 83%-ға ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар басталды. Бүгінгі таңда құрылысы қарқынды жүріп жатқан Түркістанда 29 нысан бой көтереді. Оның ішінде жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысанның құрылысы басталды. Биыл 7 нысан пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, облыс әкімдігі, Астана алаңы, Медиа орталық, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, саябақ, музыкалық мектеп, халыққа қызмет көрсету орталығы», – деді Өмірзақ Естайұлы.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласында туризм саласы бойынша колледж ашу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ экологиялық, тарихи-мәдени және танымдық бағытта 57 туристік маршрут әзірленді. Соның бірі – Қасқасу туристік-рекреациялық кешені, «Ұлы Жібек – жолы» ұлттық қол өнер шеберлері орталығын» жасақтау, Шығыс базары.

Ауа-райының қолайлылығы, халықтың еңбекқорлығы – өңірдің инвестициялық қабілеттілігін көрсететін басты өлшемнің бірі. Биылғы жылдың алғашқы бес айында инвестиция көлемі 60 млрд. теңгеден асты.

Облыс орталығын азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласы аймағында радиусы 15 шақырымды құрайтын азық-түлік және жасыл белдеу қалыптастыру жобасы басталды.

Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған болатын. Олар: біріншіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Міне, осы 4 бағыт бойынша идеологиялық жұмыстар қолға алынады. Оның бірқатары Түркістан облысының 1 жылдығы аясында басталып та кетті.

Аз ғана уақыт ішінде облыс жеткен жетістіктер аз емес. Ары қарай да ел игілігі үшін атқарылатын шаруа шаш-етектен. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.