ҚАСИЕТТІ ҚҰРАН ТҮСКЕН ҚАДІР ТҮНІ
Биыл Қадір түні 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түнге сәйкес келіп тұр.
Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде жасырылған. Ғалымдар жұп күннен тақ күнге өткен түн Қадір түні болуы мүмкін дейді. Сондықтан оразаның соңғы он күндігіндегі тақ бес күнді назарда ұстаған жөн. Ал Рамазан айының 27-түні – Қадір түні болуы ең ықтимал түн. Бұл түнде қасиетті Құран Кәрім түскен. Осы түні жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болуына байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.
Қадір түні нақты қай күн екені еш жерде жазылмаған. Бұл түн жасырылғандықтан өзіндік белгілері бар:
- Ауа райы бірқалыпты болады. Жел баяу соғады. Ол түні ай жарық болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады».
- Сол түнді құлшылықпен өткізген адамның жүрегінде тыныштық орнайды. Жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Себебі, періштелер жерге түсу арқылы пенделерге мейірбандықты әкелген еді. Таң өткір сәулесіз атады.
- Иттер шуылдамайды, есектер ақырмайды;
- Нұр байқалады;
- Кей адамдардың сол түні дұғалары жылдам қабыл болады.
Қадір түнінің мән-маңызы:
Айлардың сұлтаны Рамазан айы болса, түндердің ең қасиеттісі Қадір түні саналады. Өйткені бұл түні Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған. Қадір түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар. Осыған байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.
«Қадір» – араб сөзі. Тілдік мағынасы қадірлі, қасиетті, артық-кемі жоқ деген мағыналарға келеді. Ал шариғи терминдік мағынасына „бір жылда болатын істерді белгілеп, соның жазылуына Алла Тағаланың үкім беретін түні“ деп анықтама берілген.
Қадір түнінде не істеу керек?
Биыл 6 сәуірге қараған түні күн батқан уақытта қасиетті Қадір түні кіреді. Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам Қадір түні кірместен бұрын дәрет алып, таза киім киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасауға тиіс.
Тағы бір хадисте: «Кімде-кім Қадір түнінің қасиетіне сене отырып, сауабын үміт етіп құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – делінген. Сол себепті Қадір түнінде жиі-жиі дұға жасауымыз керек.
Бұл түнді Алланың разылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, көбірек Құран Кәрім оқып, уағыз тыңдап, барынша құлшылықпен өткізген абзал. Қадір түнінің ғибадаттарын мұсылмандар мешітте де, өз үйінде де атқара алады. Үйде діни кітап оқып, діни фильмдер көру де ғибадат болып саналады.
Қадір түнінде не істеуге болмайды?
Бұл түні адамдардың сыртынан ғайбаттап, өсек айтуға, ішімдік ішуге, жанжалдасуға, дауласуға болмайды. Достармен көңіл көтеріп, ән айтуға, билеуге, сауық кештерін ұйымдастыруға тыйым салынады. Теледидардан ойын-сауық бағдарламалары мен фильмдерді көруге болмайды. Оның орнына тәрбиелік мәні бар дүниелерді тамашалаған дұрыс.
Қадір түнінің құрметіне дастархан жаюдың да қажеті жоқ. Үйге жақсылық кіреді деп есік-терезелерді ашып қою да – қате түсінік.
Қадір түні оқылатын дұға:
Айша анамыз Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын» деп сұрағанда, Алла елшісі: «Уа Аллам! Сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, менің күнәларымды кешіре гөр», – деп дұға етуге кеңес берген.