Кішкентай кезімізде жазғы демалыста кітап оқу қалыптасқан әдет еді. Оқығаннан түйгеніміз бойынша қыркүйекте, сабақ барысында жарыса шығарма жазатынымыз есімде. Ал қазір технологияның қауырт дамыған заманы. Әр үйдің төрінен ойып тұрып орын алған «ақылды темір» жай ғана жұмыс құралы емес, баланың бос уақытын өткізуші ермегі, ажырамас досына айналған. Кейде «бұларсыз ата-бабамыз қалай өмір сүрген?» деген субъективті сұрақ ойға оралады.
Негізі «Заманына қарай адамы» деген тауып айтылған сөз. Бүгінде интернетті игеріп, компьютерді шемішкеше шақпасаң, қоғам дамуында бір саты арттамын деп есептеңіз. Өйткені қазір кітаптан ғаламтор озған кезең. Десек те, əр дəуірді жырлап келе жатқан кітап ешуақытта өз құндылығын жоймайды.
Кітап – алдыңғы буынның кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы, рухани жетелеуші құралы, жан азығы. Бүгінгінің баласы үшін майшамның жарығымен кітап оқу – ескі заманның көрінісіндей. Ғылым дамуының нəтижесінде, бұрын əрқайсысы жеке болып келген, дыбыстық не бейнебаяндар, сан алуан суреттер мен əндер, түрлі тақырыптағы оқулықтар мен əдебиеттерді бұл күнде бір ғана компьютерден, яғни интернеттен ала аламыз. Бар қажеттіліктің бір жерге тоғысқаны оқырман үшін тиімді екені белгілі. Осы орайда желінің мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды.
Алпауыт елдерде мектеп жасындағы балаға берілетін тәрбиенің бір тіні көркем əдебиет оқып, кітаппен дос болу керек дегенде жатыр. Содан болар кітапхана халықтың сүйікті де қастерлі орнына айналған. Шетелдіктер саябақтың іші тұрмақ, оған барар жолда да, автобус пен жағажайда да, түскі үзілісте де кітап оқуды жөн санайды. Google ұсынған статистикалық деректерге зер салсақ, әлемде Үндістан мен Қытай кітап оқуда ешкімге дес бермей тұр. Ал елімізде кітапты жанына серік еткен, көркем шығарманы сүйіп оқитын жасты шаммен іздеп табу қиын екені рас.
– Бұл пікірді біз теріске шығара алмаймыз. Бұл – қоғамның талқылап жатқан үлкен проблемасы. Расымен де байқасақ, көпшіліктің, соның ішінде жастардың кітап оқуға деген ынта-ықыласы төмендеп кеткен. Былайша айтқанда, біздің жұрт, әсіресе жастар кітапқа құлықсыз қоғамда өмір сүріп жатқан секілді. Яғни оларға рухани байлық маңызды емес. Ал енді, мен секілді мамандарды, зиялы қауым өкілдерін, аға буынды неге кітаптар оқылмай жатыр, неге жастар кітапханаға келмейді деген секілді сауалдар толғандыратыны белгілі. Қазіргі заманда жастардың кітапты көп оқымайтыны іштей қынжылтатыны рас. Бұл өмірде кітап оқудың адамға берері көп екендігі әуелден дәлелденіп қойған. Ол сонау Абайдың заманынан бар дүние. Соны жастар түсіне білсе, бәрі жақсы боларына көзім жетеді. Абай атамыз айтқандай, артық білім – кітапта. Сондықтан мен кітап оқуға кеңес беремін. Ал енді, адамдар кітап оқымайды дегенге келсек, ол әр адамның сана-түйсігіне байланысты дер едім. Біз тағы бір нәрсені түсінуіміз керек, егер де қоғам талабына сай, адамзаттық құндылықтармен қалыптасқан, білімді, жаңашыл, өмірдегі өзіміздің орнымызды нық таба алатын тұлға болып қалыптасамыз десек, рухани байлықтан, кітап оқудан қол үзбегеніміз жөн, – дейді педагог Мақсат Қайырбекұлы.
Кеңес заманында елімізде 1500 кітап дүкені болған екен. Қазір шалғайдағы ауыл тұрмақ, кейбір аудан орталықтарында кітап сату орны кезікпеуі мүмкін. Ал көрші Ресейде 500 адам тұратын жерде бір кітапхана болуы керек деген талап бар. Əлеуметтанушылардың зерттеуін бағдарласақ, қазір кітап оқитындармен қоса, үй кітапханасын жинақтайтындар саны да азайып кеткен. Қоғамдық-саяси институт сарапшылары жүргізген сауалдамаға сай, əр төртінші отандасымыз мүлдем кітап оқымайды. Ал басым көпшілігі жылына 1-2 кітап оқумен ғана шектелетін көрінеді. Жастардың бірі уақыттың тапшылығын сылтауратса, екіншісі «бар керегімді интернеттен-ақ алып отырамын» дегенді алға тартады.
Бізде тақырыпқа сай, жас буынға сауалдама ұйымдастырдық. Сауалдама Google платформасы арқылы жүзеге асты. Оған жүзден астам адам қатысып, басым көпшілігі сарапшылардың дерегін растады. «Көптен кітап оқымадым. Бүгінгі таңда интернет қарыштап дамып келеді. Десек те, желіден алған білім том-том кітаптарға жетпес еді. Ол тек уақыт үнемдеу үшін таптырмас құрал болып келеді. Рас, кейде кітаптан таба алмағанымды интернеттен аламын. Компьютер арқылы оқу кітаптан алар əсерді бере алмайды. Ол сөзсіз. Мен болашақта қолына қалам ұстаған журналист болсам деген жастардың бірімін. Əсіресе біз секілді студенттер үшін кітап оқу ең пайдалы қор жинағанмен бірдей. Тіл байлығын дамытудағы таптырмас құрал. Осы ретте қатарластарыма интернеттегі жарияланымдарға алданып, кітаптан қол үзіп қалмайық дегім келеді», дейді студент Ақзира Жалиева.
«Көпшіліктің пікірі екіге жарылғанымен, кітаптың орнын ғаламтордың баса алмайтындығын ұғынуымыз керек. Өйткені қазір еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін пайдалануды білетін интернетте кімнің қандай ақпарат таратып отырғанын білу мүмкін емес. Қанша жерден ғаламтор дегенмен, негізі көп ақпарат кітапта. Мысалы, сабақ бойынша іздесең, желіден көп нәрсені таппайсың. Сол кезде кітап көмегіне жүгінуге тура келеді. Жуырда «Бейсен және болмыс» кітабын оқып шықтым. Еңбек лирикалық шегіністерге толы, автордың басынан өткен оқиғалары, халық ауызындағы əпсаналар мен əңгімелер əдемі де əсерлі жеткізілген», дей-
ді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Әйгерім Имашева.
Жалпы, кітап адамға рухани кемелденуге, білім-білігіңді арттыруға таптырмас құрал екені анық. Бүгінгі сапалы техника адам жадының шығармашылық әлеуетін қайтсе де алмастырмайтыны сөзсіз. Сондықтан ойымызды Ахмет Байтұрсынұлының мына бір сөзімен түйіндейміз: «Білімнің бас құралы – кітап».
Салтанат БАЙТЕКЕНОВА