Start Білім ТҮРКІСТАН: ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР САПАРЫН БІЛІМ МЕКЕМЕЛЕРІН АРАЛАУДАН БАСТАДЫ

ТҮРКІСТАН: ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР САПАРЫН БІЛІМ МЕКЕМЕЛЕРІН АРАЛАУДАН БАСТАДЫ

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Бірқатар білім беру ұйымдарының жұмысымен танысты.

Алдымен облыс орталығында салынып жатқан “Жайлы мектептің” біріне ат басын бұрған Тамара Дүйсенова Президенттің Жолдауында жарияланған әлеуметтік бастамалардың орындалу жолдарын зерделеді. Жаңа мектептің құрылысы Түркістан қаласындағы «Жаңа қала» шағынауданында жүргізіліп жатыр. Мұнда тұрғын үй құрылысын белсенді жүргізу мектептерге жүктемені арттыруда. Жаңа мектептің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. 2000 орындық нысан қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Тамара Дүйсенова оқушылар үшін білім нысанын аралап, оқушыларға жасалатын жағдайлармен танысты. Білім ұясы оқу кабинеттері, спорт залдары мен асхана, сондай-ақ қауіпсіздік жүйесімен, турникеттер мен бейнебақылау камераларымен қамтылған.

Айта кетейік, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған. Ал, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сапар барысында Тамара Дүйсенова Шәуілдір ауылындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатының жұмысымен танысты. Мұнда «Жұмысшы мамандықтар» көрмесі ұйымдастырылды. Онда 12 колледжде өндірілетін өнімдер көрсетілді, оның ішінде балық өнімдері, ветеринарлық техника, роботтар және металл өңдеу өнімдері бар.

Түркістан облысындағы ТжКБ ұйымдарының әлеуметтік серіктестерімен бірлесіп жасалған бизнес жобалар мен көрмеге жұмысшы мамандықтар даярлап жатқан колледждер өз жобаларын таныстырды. Көрме аясында колледж директорлары жүргізіліп жатқан жаңа стартап жобаларын көрсетті.

Нақтырақ айтқанда: «№16 колледж» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны әлеуметтік серіктестерімен балық өнімдерін вакуум – қаптау аппараты және мектеп жиһаздарын жасап шығару жобаларын қарады. Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны ауылшаруашылық саласы бойынша жаңа инновациялық жобаларын таныстырды. «Жас маман» жобасы бойынша алынған құрал жабдықтардың сапалы мамандар даярлаудағы тиімділігі мен артықшылықтарын көрсетті. «№8 колледж» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны ЖК «Қазанқапов Есімхан» және «Dosti» ЖШС әлеуметтік серіктестерімен бірге түзілген цифрландыру жүйесі бойынша жаңа инновациялық жобаларын ұсынды.

Ал, Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер коллдежі мен «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжі робототехника саласы бойынша құрастырылған құралдарының ерекшелігін алға тартты.

Сонымен қатар, сапар аясында облыста білім сапасын арттыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Мәжілісті облыс әкімі Дархан Сатыбалды жүргізіп отырды.

Кеңеске мектеп директорлары мен колледж басшылары қатысты. Өңірде Президенттің тапсырмаларын орындау шеңберінде мектептермен кешенді жұмыс жүргізілуде. Халықаралық және ішкі зерттеулер нәтижелері бойынша білім беру нысандары 3 санатқа бөлінді. Әр санат үшін KPI анықталды. Түркістан облысында 280-ден астам мектеп «Мақсатты мектептер» ретінде белгіленді. Олар министрлік жанындағы институттармен әдістемелік көмек алады. Бұл мектептердің мұғалімдерін үш деңгейлі оқыту қарастырылған.

Президент өз Жолдауында техникалық және кәсіби білім беру саласын трансформациялау міндетін қойды. Кеңесте осы бағытта қабылданатын шаралар туралы айтылды. Мысалы, жан басына қаржыландыру нормативі қайта қаралып, базалық және ынталандырушы бөлікке бөлінеді. Халықаралық стандарттарды енгізген және түлектерін жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарына жұмысқа орналастырған колледждер жоғары қаржылай қолдау ала алады. Мұндай оқу орындарының мысалы ретінде Талдықорған қаласындағы Политехникалық колледжін атауға болады. Ол білім ұясы NCCER стандарттарын енгізу тәжірибесімен бөлісуге дайын.

«Баланы балабақшадан бастап, колледжге дейін жан-жақты дамыту керек. Бұл – біздің негізгі міндетіміз. Балабақшалар мен бастауыш сыныптардағы бағдарламаларды синхрондау, жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру, оқу барысында салалық стандарттарды енгізу және басқа да шаралар балалардың тұлғасын дамытуға бағытталған. Колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие болуы керек», деп атап өтті ҚР Премьер-министрінің орынбасары.