Start Білім ТҮРКІСТАН: САУРАНДАҒЫ ҒАЛЫМДАР ОТБАСЫ КӨПКЕ ҮЛГІ

ТҮРКІСТАН: САУРАНДАҒЫ ҒАЛЫМДАР ОТБАСЫ КӨПКЕ ҮЛГІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек»,-деген болатын.

Осы жолдарды оқыған кезде есіме қазір тоқсанға жасы жақын-даса да, бір ауылды даналығымен басқарып отырған Ұлпатша Әмірқызы апамыз есіме түсті.

«Ғалымдар отбасының» атағы алысқа кеткен Бабайқорған ауылдық округіндегі Абай ауылындағы Бейсеновтер отбасына алыс-жақын жерден туыстары ғана емес таныстары да әжеміздің ақ батасын алуға асығып келіп жатады. Отағасы Әбдібек Бейсенов ақсақал қазақтың ғарышкері «Қазақстанның халық қаһарманы» Айдын Айымбетовке ғарышқа ұшар алдында ақ батасын бергенін айтсақ та жеткілікті. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Тоймахан, Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев Бейсеновтер әулетінің тұрақты, құтты қонағы. Әзиз әжеміздің ақылын тыңдап, ақ батасын алып, халықтық істерге кірісіп жатады. Еліміздегі тасқын суға қатысты Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жасаған Үндеуін әжемізге жеткіздік.

«Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді»,-дегенін оқығанда әжеміз: «Иә, қазақтың басынан небір қиындықтар өткен. Шындығында «мың өліп, мың тірілген» халықпыз. Теледидардан көріп жатырмын. Мұндай тасқын суды мен ешқашан көрмегенмін. Табиғаттың тепе-теңдігін еш бұзуға болмайды. Менің шалым үйдің кіре берісіне ұялаған қарлығаштың ұясын бұзғызбайтын. Жапонияда қарлығаштың ұясын бұзған адамды соттайды екен. Себебі, онда балшық жоқ болғандықтан қарлығаштар ұясын бетонды ұрттап алып, тасып содан қалайды екен. Бізге де осындай жанашырлық керек. Ағын судың өтетін жолын бөгеп, ескі арнаға күл қоқыс тастап, кей әкімдердің су жолдарын оңды-солды үй салуға, қора-қопсыға бергенінің салдары деуге де болады. Бірақ, қазір біреуді кінәлап отыратын уақыт емес. Он облысты су басып жатқанда, ешкім де қарап қалмауы тиіс. Мен де зейнетақымнан ақша аударамын ба деп отырмын. Қазақ қандай қиындықты бірлесе шешкен. Бұл да уақытша сынақ. Бұл арқылы еліміз бір байрақтың астына бұрынғыдан да топтаса түседі,-дейді «Батыр ана» Ұлпатша Әмірқызы.

Енді Әмір атты өңірге танымал бидің қызының өмірбаянына тоқталалық. Ұлпатша Әмірқызы Бейсенова 1937 жылы Сауран ауданы, Бабайқорған ауыл округіне қарасты Игілік колхозында (ежелгі атауы Мес Ата) Мес ата әулие бұлақтың бойында Малдыбайұлы Әмір бидің шаңырағында сүт кенжесі болып дүниеге келген. Соғыс аяқталған тұста Игілік колхозындағы бастауыш мектептің табалдырығын аттайды. Бас-тауышты бітірген соң Бабайқорған ауылындағы негізгі мектепте білі-мін ары қарай жалғастырады. Артынан Абай колхозындағы мектепте арнайы білім алып, тәмамдайды. 1955 жылы Әбдібек Абылайұлымен тұрмыс құрады. Колхозда түрлі жұмыстар атқарып, 1980 жылдардан бастап ауылдағы «Көгершін» балабақшасында қызметке ауысып, сол жерден зейнетке шығады. Еңбек және тыл ардагері. 1977 жылы 9-шы қарашадағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Батыр – Ана» Құрметті атағы берілген (Л.И.Брежнев). Сондай-ақ, «Алтын алқа, «Күміс алқа» алқа-ларымен және I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы ана. Түркістанда өткен «Аялы алақаны ақ әженің», «Үлгілі отбасы» сынды бірқатар отбасылық байқаулардың бас жүлдесін жеңіп алған.

Қазіргі таңда бауырынан өрбіген он ұл қызынан қырыққа жуық немерелері, елуге жуық шөберелері, жалпы жүзге жақындаған ұрпағының алдында шалқып, немере, шөберелерін, айналып-толғанып, күй кешуде. Менің бір таң қалатыным, жасы тоқсанға таяса да Ұлпатша әжеміз бүкіл немере, шөберелерінің аты-жөндерін, туған күндерін жатқа біледі. Шатастырып алу деген жоқ. Сосын олардың жағдайларын күнделікті сұрастырып біліп, барлығын онлайн басқарып отырады. Міне, тектілік, бидің қызы болсаң осындай бол!

«Ғалымдар отбасының» отағасы Әбдібек ақсақал тірі болғанда биыл тоқсанға толар еді. Түркістан қаласының құрметті азаматы Әбдібек қажы Абылайұлы 1934 жылы Сауран ауданы, Бабайқорған ауылдық округі, Абай ауылы, бұрынғы Ақтөбе колхозында туылған. Ақсақал 89 жасқа қараған шағында 2022 жылы 3 наурызда қайтыс болған. Әбдібек Абылайұлы саналы ғұмырында ұжымшардың агрономы қызметін атқарып, Бабайқорған ауыл округінің дамуына елеулі үлес қосты. Елдің абыз атасы атанған батагөй, қаламгер Әбдібек ақсақал екі рет Республикалық «Батаменен ел көгерер…» байқауларында «Нартай» және «Молда Мұса» атындағы аталымдардың иегері атанды.

2021 жылы іргетасы 1898 жылы қаланған Түркістан қалалық №1 Ахмет Байтұрсынов мектебінде Әбдібек Абылайұлы Бейсеновтің атына бастауыш сыныбы кабинеті ашылған. Әбдібек Абылайұлының өмірлік танымдық тұрғыда және саналы ұрпақ тәрбиелеу мәселесінен ой қозғайтын «Бақыттың бастауында» атты кітабы 2017 жылы жарыққа шықты.

«Ғалымдар отбасы» атанған жанұядағы он баласының барлығы жоғары білімді. Үш ғылым кандидаты, екі магистр және бір халықаралық тренер профессор, доцент, аға оқытушы бар. Сондай-ақ, 30-дан астам немере-шөберелері де жоғары білімді және олардың бірқатары магистр.

Мәуелі бәйтерекке айналған жанұяның сан салалы мамандықты меңгерген ұл-қыздары, ұрпақтары Республиканың барлық аймақтарында мемлекетіміздің дамуына сүбелі үлес қосып, абыройлы қызметтер атқарып жүр.

Бейсеновтер отбасы ән-жыр өнерінің майталмандары. Өнегелі отбасы аймақтың тарихы мен шежіресіне, жастарға тәлім-тәрбие беру, оларды патриотизмге тәрбиелеуге өзінің зор үлесін қосып келеді. Ал, ұстанымы салт-дәстүрге берік, алыс-жақыннан келетін ел-жұртқа ақ батасын беруімен және қонағына жайылған берекелі ақ дастарханымен Ұлеке атанған Ұлпатша әже бөбектерді бесікке салу, тұсау кесу сынды өнегелі рәсімдерді атқарып отырады.

Жақында ұрпақтары Әбдібек Абылайұлының басына ақ мәрмәрдан кесене тұрғызды. Қасына жүздеген ағаш отырғызды. Себебі, Әбдібек ақсақал көзінің тірісінде «дала академигі» атанған жан еді. Ол кісі еккен зәулім жаңғақ ағашы елу жылдан бері жемісін беріп келеді. Міне, мәуелі бәйтерек деп осыны айтса керек! Ал, жүзде-ген жанды айналып, толғанып, сүттей ұйытып отырған Ұлпатша апамызға ұзақ ғұмыр тілейік. «Ғалымдар отбасы» бұдан да биік белестерді бағындыра берсін!

Ләззат САРЫБАЕВА.