Халық саны артқан Сайрам ауданында тағы бір мөлтек аудан құрылады. Жаңа қалашықта 12 мыңға жуық адам қоныстанады. Сайрам ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қарасу ауылдық округіндегі 57 гектар жер теліміне салынатын жаңа құрылыс аумағының бас жоспарымен танысты. Аудан әкімі Арман Сәбитов өңір басшысына егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен таныстырды.
Жаңадан құрылатын мөлтек ауданда 5 қабатты 49 тұрғын үй (2940 пәтер), әкімшілік ғимараты, мешіт, мәдениет үйі, жастар сарайы, қазандық, сауда үйі, 280 орындық балабақша, 600 орындық мектеп, 7 коммерциялық нысан мен саябақ салу жоспарлануда. Ғимараттың жалпы ауданы – 271 262,0 шаршы метр. Осы жылы инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы басталады деп көзделуде. Бас мердігер – «МПК-Проект» ЖШС.
Өңір басшысы Дархан Сатыбалды мердігерлермен кездесіп, салынатын нысандардың сәулеттік үлгілерін талқылады. Сондай-ақ аудан әкімі мен жауапты сала басшыларына инфрақұрылымдық жүйелерін жоспарға сәйкес жүргізу керектігін тапсырды.
Мөлтек ауданның құрылысы 2028 жылы аяқталады деп күтілуде. Бүгінде 11 аумақтық округке бөлінген Сайрам ауданы тұрғындарының саны 238 016 мың адамды құрайды. Жалпы ауданда 42 елдімекен бар.
Айта кетейік, ауданда биыл мемлекет тарапынан екі нысан бой көтермек.
Сапар аясында облыс әкіміне өткен жылы құрылған «Көрікті Сайрам» коммуналдық мекемесі таныстырылды. Мекеме экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына да атсалысуда. Ауданды абаттандыру, көгалдандыру, ретсіз қоқыстардан тазарту және көше жарық шамдарын күтіп ұстау секілді жұмыстар жүктелген коммуналдық мекемені 28 техникамен қамту көзделген.
Аудандағы Ақсукент ауыл округінде 600 орындық білім нысаны салынып жатыр. Ауданға арнайы іссапармен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды салынып жатқан мектеп құрылысымен танысты. Мердігерлермен кездесіп, сапалы әрі мерзімінде аяқтауды пысықтады. Сонымен қатар құрылыс барысында орын алған өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады.
Әсіресе, «Е-құрылыс» электронды порталы арқылы құрылыс жұмыстарының төлемдерін жүргізу қиындық тудырып отыр. Бұл туралы тиісті ұсыныстар берілді.
Мектептердің құрылыс жұмыстары бойынша аудан әкімдіктермен, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның өкілдерімен, мердігерлермен, арнайы штаб құрылып, жұмыс бақылауға алынған.
– Елімізде мектеп тапшылығын жою және білім сапасын көтеру мәселесі алда тұрған міндеттердің бірі. Президент тапсырмасымен қолға алынған маңызды жобаның жүзеге асыру барысы қатаң бақылауда, – деді Дархан Сатыбалды.
Жалпы Сайрам ауданы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп салу жоспарлануда. Ақсукент ауылдық округіндегі мектептен бөлек, Ақбұлақ және Қарасу ауылдық округінде де 600 орындық мектеп бой көтереді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында «ЮКМЗ» АҚ «Су сорғыш стансалар және ауыл шаруашылығы техникалары, мұнай компанияларына арналған техникалар, полимер бұйымдар» шығаратын зауытта болды. Зауыт басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жоспарлармен бөлісті. Жеке кәсіпкердің ұсынысын тыңдаған өңір басшысы кәсіпорындардың мүмкіндігін кеңейтуге мемлекеттік қолдау жолдарының қарастырылатынын жеткізді.
Бұл машина жасау зауытының іргесі 1931 жылы қаланған. Жылына 100 насос шығаруға қауқарлы зауытта 181 адам жұмыспен қамтылған. Жер көлемі – 5,6 гектар.
– Өңірде кіші және орта кәсіппен айналысатын азаматтар саны жыл сайын артуда. Басым көпшілігі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен ісін бастап жатыр. Кәсіп ашамын, кәсібімді одан әрі кеңейтемін деген азаматтарға әкімдік тарапынан мүмкіндігінше қолдау көрсетіледі, – деді Дархан Сатыбалды.
«ЮКМЗ» АҚ – Қазақстандағы ең ірі машина жасау зауыттарының бірі. Кәсіпорын 2000 жылы бұрынғы КСРО аумағында ішкі және сыртқы нарыққа жоғары сапалы машина жасау өнімдерін ірі жеткізушілердің бірі ретінде танымал «Манкентсельмаш» ААҚ негізінде құрылған.
Машина жасау зауыты «Оңтүстік Қазақстан Индустриалды-инновциялық колледжінің» құрылтайшысы. Ақсукент ауылында орналасқан колледжінде болған облыс әкімі Дархан Сатыбалды оқу базасымен танысты. Колледж оқытушыларымен кездесіп, білім ошағының даму мүмкіндіктерін пысықтады.
Бұдан соң Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында облыс әкімі жергілікті тұрғындармен кездесті. Облыстың, ауданның даму бағыты туралы ой қозғап, өзекті мәселелерді екшеді. Сайрамдықтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
– Сайрам – өңіріміздегі ең ауыл шаруашылығы дамыған, кәсіпкерлікке ден қойған аудан. Әлеуеті өте жоғары. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2023 жылы 14 елді мекенде 31 жобаны іске асыруға 2,6 млрд. теңге бөлінді. Бірқатарына тоқталсақ, Нұржанқорған елді мекенінде 300 орынға арналған мектептің қосымша корпусы пайдалануға тапсырылды. Қарамұрт елді мекеніндегі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, Ақбұлақ елді мекенінде мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Қасымбек Датқа елді мекенінде электр желілерінің құрылысы жүргізілді. 30 көше орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,2 млрд. 207 жоба қаржыландырылды. АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, 28 мектепте толық іске қосылды. Сайрам ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 20 пайызға өсіп, 2023 жылы 257 млрд. теңгеден асты. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 71 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға өскен. Дегенмен, алда атқарылар жұмыс көп. Ауданның өндірісін дамыту, кәсіпорындарды көбейту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайту, терең өңдеу салаларын дамыту керек, – деген Дархан Сатыбалды сала жетекшілеріне қаржыны игеру, заңсыз құрылыстарды тоқтату, қылмысты төмендету, су мәселесін шешу және өзге де түйткілдерді реттеу бойынша тапсырмалар берді. Сонымен бірге «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Кездесуде аудан әкімі Арман Сәбитовтың жыл қорытындысы мен биылғы 4 айдағы атқарылған жұмыстар бойынша есебі тыңдалды.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан облыс әкіміне инфрақұрылым және өзге де әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша өтініштер түсті.
Одан кейін облыс әкімінің жеке қабылдауы өтті. Оған басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары да қатысып, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Көтерілген мәселелер мен арыз-шағымдар назарға алынып, тиісті жұмыстар жүреді.