Start Білім ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҢ  БІЛІМ САЛАСЫ ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУДЫ БАСТАН ӨТКЕРУДЕ

ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҢ  БІЛІМ САЛАСЫ ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУДЫ БАСТАН ӨТКЕРУДЕ

Өскелең ұрпаққа жан-жақты білім беру арқылы көптеген жетістікке жететініміз анық. Ол үшін білім ұяларының жеткілікті әрі заманауи болуы маңызды.  Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында  білім саласына ерекше тоқталып өтті. Бұл тұрғыда Түркістан облысы айтарлықтай көш бастап келеді.  Өйткені еліміздегі әрбір 7-ші бала осы өңірде. Сондықтан да мектеп тапшылығын жою, үш ауысымды білім ошақтарын реттеу алдыңғы міндеттің қатарында еді. Биыл облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен көптеген білім нысанының құрылысы жүргізіліп, үнемделген қаржы есебінен мектептер жөнделіп жатыр. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. 

Білім мен тәрбие отбасынан соң балабақша жалғасатыны белгілі. Онда бүлдіршіндер адами құндылықтарды бойына дарытып өседі. Биылғы «DIGITАL KAZAKHSTAN: заманауи білім беру» тақырыбында өткізілген дәстүрлі Тамыз кеңесінде облыс басшысы Дархан Сатыбалды «Бізде 2-6 жасқа дейінгі балалардың үштен екісі ғана балабақшаға барады. Демек 72 мың бала балабақша тәрбиесінен тыс қалып, отбасында тәрбиеленуде. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажетпіз. Біз бұл бағытта мониторинг және тазалау жұмыстарын тоқтатпаймыз. Мемлекеттік ғана емес жекеменшік балабақшаларға да сапаға өтетін кез келді. Біз оны талап етеміз!» деген болатын.

Биылғы тексеру барысында балабақшаларда жоқ балалардың тіркелуі, санитарлық талаптан тыс артық балалардың қабылдануы, балабақша ғимаратының тиісті талаптарға сәйкес келмеу фактілері анықталған.  Нәтижесінде 7664 орын қысқартылды. Құрылтайшылары тарапынан салықтан жалтару мақсатында мекеме ғимаратын жеке тұрғын үй ретінде, ондағы қызметкер санын толық көрсетпеу фактілері де жиі кездескен. Бұл жағдайда кәсіпкер мен мемлекет арасындағы келісім бұзылуы тиіс. Жалпы осындай кемшіліктерді жойып, ретке келтіру мақсатында балабақшаларға цифрландыру мен воучерлік жүйе енгізілмек.

Бұл жұмыстар «Алақан», «БілімКидс», «Е-асхана», «Смартнейшн» және өзгеде цифрлық жүйелер арқылы жүзеге асатын болады. Воучерлік жүйеде ата-ана баласына бәсекеге қабілетті балабақшаны таңдап, қаржысын соған жұмсауға ықпал ете алады. Қазіргі кезде кейбір балабақшалар бала тәрбиесі екінші орынға қойып, балабақшаны жеке табыс көзіне айналдыруды басты мәселе етіп алғаны жасырын емес. Сондықтан мемлекеттік тапсырыстардың сапалы орындалуы мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынбақ. Мемлекеттік тапсырыс бойынша бір балаға бөлінетін қаржы көлемі де айына ауылдық жерде  55 100 теңгеге, қалада 49 553 теңгеге  ұлғайтылды.

Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында 500 мыңнан астам бала білім алады. Жаңа оқу жылында облыс мектептеріне 1-сыныпқа 52 мыңнан астам оқушы қабылданды. Мектеп тапшылығы мен үш ауысымда білім алі мәселелерін жою кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді.  Өңірімізде қазіргі таңда 49 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 29-ы «Жайлы мектеп» болса, 20-сы арнайы қордың есебінен өңірдің мектеп қажет ететін аудан, қалаларында құрылысы белсенді іске асуда.

Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының  қолдауымен балалардың алаңсыз білім алуына бар жағдай жасалып отыр. Биылғы жылдың соңына дейін аталған 49 мектептің 42-сі тапсырылады. Жаңа оқу жылы қарсаңында жалпы 20 білім ошағы пайдалануға берілді. 4-уі мемлекеттік, 16-сы жекеменшік. Солардың қатарында Қазығұрт ауданында 300 орындық жаңа мектептің ашылуына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, тұрғындарды осынау мерейлі мерекемен құттықтады. Тағы бір қуаныш, Түлкібас ауданында 300 орындық жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Білім ошағының ашылу салтанатына аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовпен бірге қатысып, Бақыбек мектебінен талантты шәкірттер тәрбиеленіп шығарына сенім білдірдік. Қос білім нысаны да заман талабына сай жабдықталған. Биыл сондай-ақ, облыстағы 350-ге жуық білім беру ұйымына жөндеу және табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Осылайша облыстағы әрбір үшінші мектеп жаңартылды деген сөз.

Қазіргі таңда әлем цифрландыру кезеңінен жасанды интеллект немесе адамның ойлау қабілетін компьютерлік жүйелермен модельдеу дәуіріне өтіп жатыр. Жаһандық ғылыми-техникалық даму үдерісі баршамызға белгілі. Сондықтан жоғары сыныптарда жаратылыстану бағытындағы пәндерді және ағылшын тілін тереңдетіп оқыту маңызды. Жаңа оқу жылында 62 мектепке 265 арнайы пән кабинеті алынуда. Мектептердегі интернет жылдамдығын ретке келтіру мақсатында биылғы білім саласынан үнемделген бюджет қаржысына 330 мектепке Starlink құрылғысы орнатылды. Өңірдегі білім беру ұйымдарында «Е-асхана», «Е-Кітапхана», «BilimLand» сынды автоматтандырылған жүйелер пилоттық жоба ретінде енгізіліп, оң нәтижесін берді. Ендігі кезекте білім беру ұйымдарында «Alagan», «Tolem» жобалары, «MATATALAB», «Gode play» цифрлық кешенді білім беру жүйесі, «IoT board», «Codrone» робототехникалық құралдары, түрлі басылымдар мен логикалық «Intellectum» вертуалды ойындары сынды жаңа технологиялар енгізіледі. Білім беру ұйымдарында инновациялық бастамалар жалғасын таба берсе екен дейміз. Өйткені қазіргідей цифрлы қоғамда білім беру мазмұнына, оқушы тұлғасы мен педагог қызметіне деген көзқарас өзгеріп келеді.

Президентіміз өз Жолдауында «Бұдан бөлек, мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алған жөн. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал. Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет» деген болатын. Әділетті Қазақстанды құруда, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мысалы, ағылшын ғалымдарының жүргізген зерттеуінде дәрігер бір адамды емдеп, аман-сау алып қалып жатса, мұғалім дұрыс білім беру арқылы сегіз адамды сауықтырады екен. Өңірде Үздік педагогтарды басшылық қызметке конкурссыз тағайындау үшін 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталуда. Бұл туралы аталған жобаға қатысушы мұғалімнің пікірін білген едік. 

– Біз бұл курсқа екі рет іріктеуден өтіп барып қабылдандық. Әрі қарай базалық деңгей, ілгерінді және кәсіби деңгей деп, жаз бойы дәріс алдық. Әр деңгейдің өсу аралығында екі апта практикалық жұмыстан өтіп отырды. Яғни оқыған теориямызды практикада жүзеге асырдық. Сонымен қатар бір апта еліміздегі маңдай алды мектептерде тәжірибеден өттік.  Өзгеріс көшбасшылары болашақ басшыларды даярлау курсы – қазіргі заманғы жұмыс орындарында маңызды көшбасшылық дағдыларды дамытуға бағытталған бағдарламалар жиынтығы. Бұл курстар қатысушыларға тиімді басқару, ұйымдық өзгерістерді енгізу, команда құру және мотивациялау, сонымен қатар стресске төзімділік пен шешім қабылдау қабілеттерін жетілдіруге көмектеседі, – Жансая Шорабекова.