Start Білім ТҮРКІСТАН: ӨНЕР МАЙТАЛМАНЫНА АЙНАЛҒАН ҰСТАЗ

ТҮРКІСТАН: ӨНЕР МАЙТАЛМАНЫНА АЙНАЛҒАН ҰСТАЗ

Әсем әні қалықтаған қазақ даласында небір халық композиторлары жүрек түкпірінен жан тербеп шыққан әсерлі әндерін шығарып, кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Міне, осы өнер бүгінде жалғасын тауып, мөлдір бұлақтай көзі ашылып отыр. Ән салған адам сезім қылын шертетін әдемі үнімен жүрек тебірентеді. Тыңдаушының жанын жадыратып, мұңын тарқатады. Бүгінгі әңгіме киелі өнер иесі, танымал әнші әрі тамаша сазгер туралы өрбімек.

Қаламқас Парманқызы Өтеуова 1963 жылы Жетісай ауданы, Амангелді бөлімшесінде дүниеге келген. Өнерге құштар болып өскен ол мектеп қабырғасында жүргенде домбырашылар ансамблінің үздік оқушысы атанып, көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. 1981-1984 жылдары Шымкент Саз колледжінің «вокал» бөлімінде оқып жүріп, республикалық «вокалистер» конкурсына қатысып, дауыс диапазонының жоғары деңгейде екенін көрсетіп, «Дипломант» атанды.

1985 жылы Шымкент қаласында филармония әншісі, 1986-1988 жылдары Жетісай педагогикалық колледжінде музыка оқытушысы және «Жетісай сазы» фольклорлық ансамблінің әншісі қызметін атқарды. Жастайынан қара өлең жазумен айналысып, ақындық қабілетінің шыңдалуынан болар облыстық ақындар айтысына қатысып, жүлдегер атанды.

1988 жылы Түркістан ауданы, Ынтымақ ауылының азаматына тұрмысқа шыққан Қаламқас өнері мен үй шаруашылығын қатар алып, Түркістан аудандық балалар Саз мектебінің оқытушысы, ал, 1994 жылдан бастап Түркістан қалалық Саз мектебінің ұстазы қызметін атқарады. Өнерге жаны құмар Қаламқас Парманқызы 1985 жылдан бастап қара өлең жазумен айналысады. Сонымен қатар, 2001 жылдан бастап Түркістан мәдениет үйінің «Иассы» халықтық фольклорлық ансамблінің сүйемелдеушісі әрі әншісі қызметін қоса атқарып келеді.

2002-2006 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің «музыкалық білім» бөлімін бітірді. 2004 жылы қалалық «Жігерлі әйелдер» сайысына қатысып, шешендік өнерінің арқасында III орынға ие болды.

Неше күнгі жүрек тебіренісінен туған сыршыл ән көпшілік көңілінен шықса, сазгердің бағының жанғаны емес пе? Қаламқас алғаш мәтінге ән жазып, тыңдаушысын тапқан сазгер болды. Нақтырақ айтсақ, 2006 жылы облыстық «Балдәурен» балалар әндерінің байқауында ақын Елтай Бимаханбетұлының «Бүлдіршін» және ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Тірісіңдер құрбандар» өлендеріне жазған әндері бас жүлдеге ие болып, көпшіліктің құрметіне бөленді.

2006 жылы қаламызда өткен республикалық «Түркістаным-Тұраным» атты байқауда Төлеген Айбергеновтың «Түркістан» өлеңіне жазған әні қала әкімінің арнайы номинациясын иеленсе, 2007 жылы Шардара қаласында өткен «Егіздерім қос қанатым» байқауында «Шағалалы Шардара» әні (сөзін де өзі жазған) II орынға ие болды.

Сондай-ақ, 2008 жылы Жетісай қаласында өткен облыстық «Мырзашөл жұлдыздары» байқауында «Өнерлі Жетісай» әні (сөзін де өзі жазған) III орынға ие болды. 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай өткізілген облыстық байқауда «Тірісіңдер құрбандар» әні II орынды жеңіп алды. 2013 жылы «Түркістан» газетінің 85 жылдығына орай «Журналистер жаршылар» атты арнау өлеңді әнімен жазып, мерейлі кеште өзі орындады.

Ұстаз үшін шәкіртінің жетістігін көрудің өзі үлкен бақыт. Ендеше, «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дегендей, 2011 жылы Алматы қаласында өткен республикалық «Күншуақ» фестивалінде шәкірттері Жансұлу Жолдасова I орынды, Индира Кәрібай II орынды иеленсе, 2013 жылы республикалық «Күншуақ» фестивалінде шәкірті Есенбек Асылжан I орынды иеленді.

«Ұстазынан шәкірті озыпты» деген осы болар, баптап дайындаған шәкірттері «Сәлем Астана» республикалық фестивалінде қатарынан үш жыл жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, 2016 жылы республикалық «Сәлем Астана» фестивалінде шәкірттері Дамира Болатқызы мен Жанель Егембердиевалар I орынды иеленсе, Нармахан Досымжан 2017 жылы және Балнұр Қалдыбекова 2018 жылы бас жүлдені иеленіп, ұстаз мерейін биікке шарықтатты.

Өнерлі ұстаз Қаламқас Парманқызы 2013 жылы «Шаянға барсаң әншімін деме» облыстық композиторлар сайысына қатысып, III орынға ие болды. Ал, «Ән тербеген Сарыағаш» әні II орынға ие болып LG теледидарын ұтып алды. Сондай-ақ, 2015 жылы Қазақ Хандығының 550 жылдығына орай өткен облыстық композиторлар байқауында ақын Нұрмахан Назаровтың сөзіне жазылған «Әзіреті Түркістан» әні II орынға ие болды.

Сазгер көбіне Отан, ана, әке, табиғат жайлы лирикалық әндер жазады. Күміс көмей әнші репертуарында халық әндерімен қатар орыс композиторларының әндерін де орындап келеді. Бүгінгі таңда 40-қа жуық әндердің авторы. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген халық даналығы сазгер, әнші, ақындықты қатар алып жүрген Қаламқас сынды өнерлі жанға айтылса керек. Өнер жолындағы елеулі еңбегі еленіп, 2014 жылы «Бейбітшілік әлемі» халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Мәдениет майталманы» медалінің және республикалық «Үздік педагог» төсбелгісінің иегері атанып, мерейі үстем көрінді.

Мырзашөл өңірінің қызы ақ мақтаны теріп, қайнаған еңбек жолында өскен оны ата-анасы өте өжет, алғыр, еңбекқор етіп тәрбиеледі. Сондықтан болар түркістандықтар Қаламқасты «бес аспап маман» деп атайды. Жолдасы дүниеден ерте озса да, «Орнында бар оңалар» дегендей, отбасының ұйытқысы болып, ұл-қыздарын бір өзі жетілдірді. Өмірде өнерін бойына сіңдіріп, шәкірт тәрбиелеп қиыншылықты жеңе білді.

Ата-анасы мен енесінен үлгі алып, «Зеңгі бабаның пірі» атаған қара мал өсірудегі мол тәжірибесін жалғастырып келе жатқан Қаламқасқа ауылдастары мен көршілері үлкен құрмет көрсетіп, сыйлап қадір тұтады.

Өнердің майталманы бүгінгі таңда 2 ұлын ұяға,1 қызын қияға қондырып, олардан 7 немере сүйіп отырған ардақты ана. Қазіргі таңда үлкен қызы Камила терапевт дәрігер, күйеу баласы Спандияр мал дәрігері. Ұлының үлкені Мұхтар жеке кәсіпкер, келіні Мөлдір банк қызметкері. Ал, кіші ұлы Дархан ана жолын қуып, өнер жолында келеді. Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы Жамал Омарова атындағы №1 өнер мектебінің «Домбыра» пәнінің мұғалімі, №2 Назарбаев зияткерлік мектебінің домбырашылыр оркестрінің жетекшісі. Жақында облыстық шертпе күйшілер сайысының жүлдегері атанды. Кіші келіні Жұлдызай терапевт дәрігер.

«Егер мұғалімді, тәрбиешілерді, шәкірттерді фестиваль, конкурс, қыз сыны, «Өнерлі ұстаз», «Үздік тәрбиеші» сайыстарына Қаламқас апай дайындаса міндетті түрде бас жүлде немесе I орынды алады». Түркістандық өнерлі ұстаздар арасында тараған мызғымас қағидаға айналған осынау сөздің жаны бар. Шынында, Қаламқас дайындаған мұғалім де, шәкірт те биік белестерді бағындырып келеді.

Ендеше, үнемі ізденіс үстінде жүретін өнер майталманына айтарымыз еңбегің жанып, шығармашылығыңыз өрлей берсін. Түркістандықтарды әлі де болса сазгерлік әсем әндеріңізбен көркейте беріңіз демекпіз.

Ләззат САРЫБАЕВА