Start Білім ТҮРКІСТАН: МЕКТЕПТЕГІ БІР БАЛАНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАНША ҚАРЖЫ КЕТЕДІ?

ТҮРКІСТАН: МЕКТЕПТЕГІ БІР БАЛАНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ҚАНША ҚАРЖЫ КЕТЕДІ?

Аз күнде жаңа оқу жылы басталмақ. Бүгінде  баласы мектепке баратын ата-аналар 1 қыркүйекке қызу әзірлік үстінде. Дәл қазір мектепке қажетті оқу жабдықтарының нарықтағы бағасы қандай? Қалтаға қонымды ма, әлде қалтаны қағып тұр ма? Әр балаға  қанша шығын кетеді? Осы жайды біліп қайтпаққа Түркістанның орталық базарына келдік.

Базарда кемі екі, кейбірі одан да көп бала жетектеген ата-аналар сауданы қыздыруда. Әуелі киім-кешек жағын аралап шықтық. Бағаларды сұрастырдық. Байқадық, басымызды шайқадық…

Бағаларға келсек. Бірінші сыныпқа баратын ұл баланың  жейдесі 2 мыңнан басталса, жақсысы – 4 мың теңге тұрады. Ұлға арналған мектеп формасы:  костюм-шалбар 7 мың теңге, ал егер бешпентімен болса (тройка)  – 9 мың теңге. Ұлдың туфлиі –  10-15 мың теңге аралығында.  Спорттық костюм – 8 мыңнан басталып, сапасына қарай 13 мың теңге дейін барады. Кроссовкидің бағасы  10-12 мың  теңге аралығында. Жиыны – 37000 (минималды)  теңгеге ұлды басынан аяғына киіндіре аласыз. Ал, 1-2 сынып бастауышта оқитын қыз баланың  кофтасы –3,5мыңнан басталады, ең әдемісі –5мың теңге тұрады. Қыз баланың мектеп формасы, яғн  сарафан 5мың , егер юбка қосып алатын болса , тағы  да   – 4-5мың теңге қосылады, жемпірі 6-8 мың теңге. Туфлиі – 10-12 мың теңге, кроссовкийдің бағасы – 8-13 мың теңге аралығында,  спорт киімі 9 -13 мыңға  дейін екен. Бантик – 500-1000 теңге, голфий – 500 -700 теңге аралығында.  Бастауыш сынып оқушыларының  сөмкесінің орта  бағасы  – 5-5,5мың теңге. Сонда бастауыш сынып оқушысын (ұл ) киіндіру – 42 мың ,  қыз баланың жиынтығы (минималды сома) – 43500теңгеге шығады екен. Дәптер-қаламын қоспағанда.     Ал, 10-11 сынып  оқитын ұлдың жейдесі – 4 мыңнан басталады, сапалысы 5-6 мың  теңге тұрады. Костюм шалбар  20мыңнан басталып , қымбаттары – 35 мың теңге тұрады. Туфлиі – 8 мыңнан бастап 30 мыңға дейін барады. Спорт костюм – 10 мыңнан  18 мыңға дейін, кроссовки 7 мыңнан басталып, 20-25 мыңға(Аdidas, Nike көшірмелері)  дейін барады.  Сөмкесі – 6 мың теңге.  Жиыны – 55 мың теңгеге (минималды есептегенде) ұлды мектепке даярлауға болады екен. Әрине, қағаз-қаламын санамағанда.

Қыз баланың кофтасы  3500-ден басталып 10 мың теңгеге дейін, юбкасы 6-7 мыңнан басталып 15 мыңға дейін , шалбары 6-6500 теңге,  туфли 7500 теңгеден басталып, 25000 теңгеге дейін (Josiny компаниясының аяқ киімдері қымбатырақ әрі сұраныс едәуір екен) барады. Жоғары сынып қыздарына арналған мектеп формасы (юбка жакетімен ) – 13-15 мың теңге аралығында тұрады.  Спорт костюм – 10 мыңнан , 18 мыңға дейін, кроссовки 7 мыңнан басталып, 20-25 мыңға(Аdidas, Nike көшірмелері)  дейін барады.  Қыздардың сөмкесі 6 мыңнан басталып, бренд сөмкелердің көшірмелері  – 12000 теңгеге дейін барады екен.  Бантик – 1000 т. Капрон шұлығы – 1000 теңге. Қысқасы жоғары 10-11 сыныпта оқитын қыз баланы– 62 мың (минималды ) теңгеге киіндіруге болады.

Базардың қалам-қағаз, дәптер сататын қатарына келдік. Бұл қатар әдеттегіден кісі қарасы қалың ығы-жығы болып жатыр екен. Кірген бойда  «5теңгеден дәптер бар» дегенге жалт қарадық.  Сатушы: «Әрине, басқа да заттарды қосып алсаңыз 5 теңгеден болады» дейді. Иә, оқу жабдықтарының бағасы бір қарағанда арзан көрінгенімен, қажеттінің бәрін сатып алған кезде біраз ақша жұмсалады Осы жерде үйіп-төгіп  кәрзеңкені толтырып 2 немересіне дәптер қалам алып жатқан тұтынушыны кездестіріп, сөзге тарттық.

Сәлима Талдыбаева, зейнеткер:

–Қыркүйек жақындап қалды ғой, пенсиямды алып 2 немереме мектеп жарағын киімдерін алып берейін деп келген едім. Қыздарым бірі 2- 3 сыныпқа барады. Екеуінің  мектеп жарағы, су ішетін  құтыларын қосқанда 27 мың теңге болды. Сонда әр балаға 13500-ден түсті. Барлығын түсіріп берді, оқушы дәптерін (12 парақтық)  5 теңгеден берді, оның 2 бумасын алдық.  Қыздарыма ақ кофта (Түркиялық) 5 мыңнан, туфлилерін –12 мыңнан, кроссовкилерін де 12000 теңгеден алып бердім. Барынша сапалысын, әсіресе аяқ киімнің қымбатын алғанды құп көремін өз басым. Білмеймін, әзірге тізімдегі заттың біразын алған жоқпыз әжелерінің бір пенсиясы жетпей қала ма, көреміз енді, дейді қыздардың әжесі.

Сандуғаш Ақболатқызы, мектеп мұғалімі:

–Бес балам бар, оның 4-еуі мектепке барады. Өзім физик-математикпін. Әбден есептеп, барынша қысқартып  минималды суммаға тізім жасап келдім базарға. Сонымен, 4 баланың  қағаз-қаламына  16 мың теңге жұмсадым, орташа әр балаға 4 мыңнан келіп тұр. Бірақ сөмкелеріне ақшамыз жетпей қалды. Ал киімдерге  бірінші күні 100 мың жетпей қалды да, бүгін тағы 100 мыңмен келіп 4 баламды толық киіндірдім. Үйден дүкендердің әлеуметтік желідегі парақшаларын қарап-зерттеп, (скидкаларды іздеп) мейлінше  түсіріп арзан жерден  алғанда әр балаға 50 мың теңге кетті. Дәптер-қаламымен  қоса санағанда 54 мың теңге. Сөмкені қосқанда әр балаға – 60 мың теңгеден  шығын кетеді.

Роза Батырханова, сатушы:

–Дәптер-қалам сатқанымызға біраз жыл  болды. Негізі ИП анамның атында, мен көмектесемін. Сауда әдетте 1 қыркүйек қарсаңында қызады ғой, басқа кезде бірқалыпты жүреді. Шүкір, осы саудамен бір отбасы толық  күн көріп отырмыз. Жалпы, мектеп жабдығы әр балаға орташа 6 мың теңгеден кетеді. Былтырғыдан баға қатты өскен жоқ. Ал,  «5 теңгелік» дәптерге келсек. Бұл да бір сауданың  тәсілі, Маркетинг деуші ме еді, оны? Негізінде, дәптердің өзі   фирмадан 21-22 теңгеден келеді. Қыс бойы 23 теңгеден саттық оны. Ал, 5 теңгеден беріп 16-17 теңге минусқа кетудің сыры: клиент шақыру ғой. Оның есесін басқа заттардан шығарып алады. Клиент «5 теңгеден» деген бірауыз сізге тұтылады. Өз басым бұл тәсілді онша қолданбаймын, құптамаймын. Былай қарағанда кісіні алдау. «Сауданың иманы – өтірік» деген сөз бар. Бірақ, мейлінше адал саудаға не жетсін. Қазір науқан ғой, сауда жаман емес. Науқан кезінде 12 сағатқа дейін базарда тұратын кездер болады.

Шолпан Тоқсанова «SHOLPAN»  сауда үйінің иесі, кәсіпкер:

–Менің  кеңсе тауарлары нарығында  жүргеніме 20 жыл болды. Басында базарда сауда жасадым, біршама тәжірибе  жинап осы дүкенді аштым. Екі жыл болды бұл дүкенді ашқанымызға. Бізде бағалар базардан 30-40 пайызға төмен. Заттарға көп қоймауға тырысамыз. Тұрақты клиенттер тарттық. Шүкір, бүгінде клиенттер Қызылорда, Аралдан бермен қарай келіп жатыр. Нарық заңы төмен баға ұстау. Осы қаидатты ұстауға тырысамыз. Тұрақты клиенттер қашықтан тапсырыс  беріп, онлайн сауданы да кеңейтіп жатырмыз. Инстаграм парақшамызды жүйелі жүргізіп, жарнаманы, таргетті жолға қойдық. Қазір науқан ғой, шүкір  сауда жақсы жүріп жатыр. Сатушыларымыз түскі ас ішіп келуге үлгермей жатыр. Осылай,  қолдан келгенше халыққа сапалы қызмет жасауға тырысамыз.  Мысалы, базарда қалың  дәптер 200-250 болса, бізде 130-дан басталады. Қаламсаптар  қорабында 50 дана, сонда бір қаламсап 16 теңгеден түседі. Түрлі қаламдар 6 даналық, 12 даналық  100-200 теңгеден басталады. Ал енді, бір балаға қанша кетеді дегенге келсек. Бір балаға сөмкемен қосқанда орташа заттар алатын болса 10-12 мың теңгеден болып жатыр. Барлық керек-жарағын түп-түгел осы сомаға алуға болады. Енді, әртүрлі клиент болады.  Кіл қымбат, сапасы жоғарысын алатындар болады. Ол кезде жиынтық –17 000 теңге болады,-  дейді Шолпан ханым.

P.S Мектепке  баланы дайындауға байланысты сұрағымызды мектептің орта буын сыныбы (7 сынып)  ата-аналар чатына да салған едік. Ол жерден де бала мен баға,  ата-аналардың әлеуметтік жағдайын біршама аңғарғандай болдық. Сыныптағы 26 баланың ата анасы отыратын чатта: 3 адам балаға – 100 мың теңгеден артық шығын жұмсағанын айтса, 13 адам 50-60 мың теңге аралығында, 4 адам – 40-45 мың теңге шегінде, қалған ата-аналар әлі мектеп базарына бармағанын, Ресейде, Атырауда, Алматыда, жан-жақта жұмыс жасап жүрген отағасынан,  ұлдарынан ақша күтіп отырғанын жеткізді. 

Қорыта келгенде, бір баланы мектепке дайындап, бастан-аяқ киіндіруге ора  есеппен 60 мың теңге кетеді екен. Бір үйде 5 бала мектепке барса 300 мың теңге кетеді екен. Бұл аз ба, көп пе?  Оны санауды оқырманға қалдырдық.

                                   Әтіргүл ТӘШІМ.