Start Білім ТҮРКІСТАН: ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ТӘЛІМ – БІЛІМ ИДЕЯЛАРЫ

ТҮРКІСТАН: ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ТӘЛІМ – БІЛІМ ИДЕЯЛАРЫ

Қазіргі дүниені неғұрлым дұрыс танып, жақсы өмірдің дұрыс жолын таңдай білу үшін, өмірдің мәнісін тауып, оның болмысын түсінумен қатар білімді, тәрбиені, адамгершілікті, ізгілікті дамыту үшін біз әр уақытта, әр дәуірде өзімізге дейінгі өткен идеялар мен тәлім-тәрбиелік мәні бар қағидаларға сүйенетініміз хақ. Соның бірі ретінде қазақ топырағынан шыққан ғұлама ғалым-философ – Әл Фараби. Ол сонау ерте орта ғасырлардың өзінде адамзат ілімінің молайып, ақыл-парасаттың жетілуін, оқу-ағартудың қажеттілігін айтып, білім алудың маңызын атап көрсеткен болатын.

Әл-Фараби жетілген тұлғаны тәрбиелеу үшін «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген ұстанымды басты қағида ретінде ұсынды. Адамзат пен қоғамды білімді етіп, көзін ашу Әл-Фарабидің өз алдына қойған міндеті десекте болады. Тек біліммен ғана шектелмей, оқу-білімнен де маңызды дүние-тәрбие екендігін жадынан шығарған жоқ. Дана бабамыздың әлемге әйгілі болып, сан түрлі ғылым салаларын меңгеруі – текті ұрпақтың тебеурінді тәрбиесі мен талаптылық пен ізденімпаздықтың жемісті нәтижесі десек, артық айтпағанымыз болар.

Әл-Фарабидің педагогика ғылымының негізін салушы екендігін оның еңбектерінде қарастырылған педагогикалық ұғымдардың анықтамалары неғұрлым нақтылай түседі. Педагогиканың негізгі ұғымы болып табылатын оқыту мен тәрбиеге ғұлама мынадай түсініктеме береді: «Оқыту адамдар мен халықтарда теориялық қайырымдылық дарыту болады, ал тәрбие – білім-білікке негізделген өнер арқылы оларға этикалық қайырымдылық дарыту тәсілі.

Оқыту тек сөз арқылы жүзеге асырылады, ал тәрбие кезінде адамдар мен халыққа білімге негізделген қасиеттерден шығатын әрекеттерді жасауды дағдыға айналдыру үйретіледі…». Тәрбиенің тек ақыл-ой ғана емес, моральдық жағы да бар екенін айтады. Оның айтуынша, білім беру процесінде адамгершілік қасиеттерді дамыту маңызды, өйткені бұл жеке тұлғаның қоғамға пайдалы болуына мүмкіндік береді.

Адам өмірінің мәні, бақытқа жету жолдары туралы ойларында Әл-Фараби: «Адамның өмір сүру мақсаты ең жоғары бақытқа жету болса, ол адам бақыт дегеннің не екенін білуі қажет және оны өзінің мақсаты етіп қойып, соған ұмтылуы керек. Содан кейін ол бақытқа жету үшін не істеуге тиіс екенін біліп, соған әрекет жасауы керек. Бақыттың мәні парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат ете білуінде. Адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыштап отыруында»,-деп бақытқа жету жолдарының ізгілікті мәнін ашып көрсетеді. Олай болса, бақытқа жету мақсат қоя білумен шектеседі, ал мақсат адамның бойындағы жан-қуатына, ерік-жігеріне тікелей байланысты жүзеге асырылады.

Ойшылдың этикасының ең жоғарғы категориясы – бақыт, өйткені, басқа бірдеңе үшін емес, тек өзі үшін қажет болатын игілік және ең жоғары игілік осы бақыттың бойына шоғырланған. Әл-Фараби үшін бақытқа жету жолында адам əрекеттері мен қылықтарын рухани түсіну маңызды, өйткені ол əлеуметтік əрекет, бұл əрекет тек адам тілегіне орай қалай əрекет жасауында емес, ол қоғамда мақтауға немесе ұялтуға ие болатындығында тұр. Адам өз əрекеті айқын болуына сенімді болуы үшін адам əрекеті дұрыстығын қоғам мойындауы керек. Сондықтан философ «біз өз əрекеттеріміз дұрыс, жан аффектілері қандай болуы керек, біздің ізденістеріміз жақсы ақылға жету үшін қандай болу керектігін анықтап алуымыз керек», дейді. Демек, адам бақытқа жəне өзінің жетілуіне, қоғамда жəне адамдар қалыптасқан қоғамдық қатынастар жүйесі арқылы жетуі мүмкін. Бұл дегеніміз, əрбір индивид өзінің табиғи бейімділігін, мінез құлқын, темпераментін қоғам талаптарымен жəне оның жүйесімен салыстыруы керек.

Бұл жүйеде адам əрекеттерінің өлшем жүйесі анықталады жəне енгізіледі, яғни тек табиғи бейімділігіне, мінезіне, құмарлығына жəне тағы басқаға сəйкес оны жүзеге асыруы мүмкін емес.

Фараби қайырымдылықты үйретуге тәрбие мен оқу маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Жақсы мінез ақыл-оймен бірге қайырымдылықтың шарты болса, Фараби грек ақыл-ой иелері сияқты адамның қайырымды болуында оның сезімінде маңызды рөл атқаратынын атады. «Адам дүниеге келгенде таза мектеп тақтасындай болады, тақта бетіне әр адам өз қолтаңбасын жазып қалдырғандай кішкене нәрестенің де таза санасына өсе келе әр нәрсе жазылады»,-деді Фараби. Ол адамнан тәртіпті талап ететін шара сақтауға оқытты.

Жасаған қорытындының басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде. Гуманистік-этикалық идеялары әлемге кең тарады. Ол ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді.

Ендеше, ғалым тұжырымдаған осындай қасиеттерді өзара ұштастыра білген адам, әлбетте қайырымды да, бақытты тұлға болып қалыптасары сөзсіз.

А.ҚҰРМАНБЕК,

Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім маманы.