Бүгінде Түркістан өңірінде IT саласы аясында жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Жалпы IT саласы тікелей заман талабы саналады. Және бұл салаға сұраныс жоғары. Қазақстан да ақпараттық технология ағымынан қалыспай, технопарктер құру, мамандар даярлауға ерекше ден қойып жатыр. Ел президенті елімізде 100 мың IT-маман даярлау жөнінде арнайы тапсырмасы да бар. Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі инновациялық экожүйе мен IT-саланы дамыту мәселелерін кеңінен талқылады. Елімізде соңғы бес жылдықта аталмыш сала мамандарына сұраныстың күрт өскені байқалады. Сауатты әрі мамандығын жіті білетіндерді іздеушілер көбейген.
Цифрландыру үрдісінің қарқынын ескеріп, Мемлекет басшысы да осыдан төрт жыл бұрын 2025 жылға дейін жоғары білікті 100 мың IT-маман дайындауды міндеттеген болатын. Осыған орай, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірқатар жобаларды қолға алды. Солардың ішінде өңірлерде мамандар даярлайтын IT-мектептердің ашылғанын айта кету керек. Мұндай IT-мектеп аймағымызда Торайғыров универ-ситеті базасында ашылды. Яғни, құзырлы министрлік, облыс әкімдігі және ERG энергетикалық корпорациясының қолдауымен жұмысын екі жылдан астам уақыт бұрын бастаған.
Мәселен, сайт әзірлеуді үйренгісі келген азаматқа түрлі мақсаттағы сайтты қалай жасау қажеттігін толық түсіндіріледі. Python-мен бағдарламалау курсында студенттер бағдарламалаудың негізін меңгереді. Blender бағдарламасында 3d модельдеу курсында үш өлшемді форматта модельдер жасаудың қыр-
сырын үйренеді. Сонымен қатар, Photoshop негіздері атты курста екі өлшемді кеңістікте графикамен жұмыс істеудің тәсілдері түсіндіріледі. Яғни, студент картиналар мен суреттерді редакциялауды меңгереді. Демек, бұл курсты толық өтіп, тереңінен түсінген түлек дизайнер болып жұмыс істеуге дайын дей беріңіз. SMM-маманы атануға келушілер де аз емес көрінеді. Олар медиакеңістікте контент құру, оны барынша кеңінен таратудың тетіктерін үйренеді.
Таяуда еліміздегі мектептерде кітапхана қорының толық циклдерін қамтамасыз ететін «Qazaq mura» жүйесі іске қосылған болатын. Бірегей жоба оқушылардың кітап оқу дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Qazaq mura» әсіресе көркем әдебиет қоры аз аймақтардағы кітапханаларға үлкен сый болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан аса кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек», деп «Балалар кітапханасы» жобасын жүзеге асыруды тапсырған. Платформа осы бастаманың аясында Ұлттық кітап палатасымен интеграцияланып іске асып отыр. Ол ауқымды кітап қорына тегін әрі шектеусіз қол жеткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, барлық мектептен ақпарат жинап, нақты деректі де ұсынады.
Білім беру мен цифрлық инновацияларды дамытудағы жаңа қадам отандық бағдарламашылардың арқасында жүзеге асып жатыр. Платформаны әзірлеушілер тобының жетекшісі Мұқатай Мәліктің айтуынша, цифрлық кітапхана жүйесін дайындауға 3 жылдан аса уақыт жұмсалған.
– Кітапхана саласын цифрландыру қазіргі білім берудегі заманауи бағыт. Бүгінгі таңда елімізде кітапхана қоры туралы толық ақпарат жоқ. Сондықтан еліміздегі мектеп кітапханаларының жұмысын цифрландыру мен автоматтандыруға байланысты бірқатар іс-шараны іске асыру қолға алынды. Яғни кітапханашылар ғана емес, оқырмандар, баспалар және білім басқармасы мен министрлік өкілдері де жүйеге қосыла алады. Платформа кітапхана ақпаратына негізделген құжат айналымы жұмысын оңтайландырып, кітапхана қорын басқаруға мүмкіндік береді, – деді жоба авторы.
Жаңа жүйе кітапханашылардың жұмысын автоматтандырып қана қоймай, «Oqu» мобильдік қосымшасын ұсынады. Ол оқушыларға әлемдік классиканы түпнұсқада ғана емес, сонымен қатар қазақ тілінде де тегін оқуға мүмкіндік береді. Аталған қосымшада әр оқушы кез келген кітапқа тапсырыс беріп, оның қорда бар-жоғын да тексере алады.
«Qazaq mura» цифрлық кітапханасы қалалар мен ауылдардағы кітапхана инфрақұрылымының жетілмеген мәселелерін шешуге бағытталған. Нәтижесінде, кітапхана қорының айналымындағы кітаптардың барлығының электронды нұсқасы қолжетімді болады. Бұл өскелең ұрпақты кітап оқуға ынталандырып, мәдени мұраның сақталуына да септігін тигізбек. Бүгінде бұл жүйеге Алматының бірқатар мектебі қосылып үлгерген. Цифрландыру жобасы енді еліміздің басқа да аймақтарын қамтымақ.