Start Білім ТҮРКІСТАН: ЕРЕКШЕ БІЛІМ БЕРУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ОҚУШЫЛАРДЫ ӨМІРГЕ ДАҒДЫЛАНДЫРУ

ТҮРКІСТАН: ЕРЕКШЕ БІЛІМ БЕРУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ОҚУШЫЛАРДЫ ӨМІРГЕ ДАҒДЫЛАНДЫРУ

Қазіргі таңда арнаулы білім жүйесінде мүмкіндігі шектеулі балаларды сапалы біліммен қамту өзекті мәселенің біріне айналды. Білім беру жүйесінде даму мүмкіндігі шектеулі балаларға айрықша орын бөлінген. Бұл балаларға қатысты біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – олардың әлеуметтік ақталуы мен бейімделуіне, қоғамдағы толыққанды өмірге дайындалуына жағдай жасау және көмек көрсету қажеттілігі айтылған.

«Баланы кішкентайынан өз күшіне сендіріп үйретіп, сенімділікті арттыру керек» – бұл сөздерді естігенде алдымен ерекше оқытуды қажет ететін балалар көз алдымызға келеді. Себебі ерекше оқытуды қажет ететін балардың өзіне деген сенімділігін арттыру, өмірге деген позитивті көзқарасын қалыптастыру, әлеуметтік қоғамда өз орнын табу, қабілеттерін дамыту бұл негізгі мақсатымыз. Бұл мақсаттарға жету үшін барлық маман иелері бірлесе отырып, жан-жақты жұмыс атқару керек.

Белгілі ұлы педагог Ушинский: «Баланы жан-жақты етіп тәрбиелеу үшін оны жан-жақты білу керек» деген. Әрине әрбір баланың өзіндік қабілеті, өзіндік ерекшеліктері бар. Біз әрбір баланы педагогикалық-психологиялық тұрғыдан қолдауымыз керек.

Педагогикалық-психологиялық қолдау дегеніміз – бұл баланың жанын түсіну, жанына жақын болу, өзіне деген сенімділігін арттыру, алға қойған мақсаттарына жету үшін қолдау көрсету, достарын көбейту, ортасына, қоғамға деген оң көзқарас қалыптастыру, жарқын болашаққа сендіру.

Ерекше оқытуды қажет ететін оқушылардың өзіндік әлемі бар. Олар сол әлемінде өмір сүреді. Біздің мақсатымыз сол әлемді шынайы әлеммен байланыстыру.

Біз педагог-психологтар ерекше оқытуды қажет ететін оқушылармен жұмыс жасай отырып, олардың танымдық процестерін зерттеп, қабілеттерін анықтап, оларды шыңдау, өмірде өз орнын табуға көмектесу негізгі міндетіміз болып табылады. Бұл орында ата-аналарының қолдауы бізге ауадай қажет.

Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды өмірге дағдыландыру тәсілдері:

1. Күнде афирмациялар қолдану (ата-аналар үшін)

Өзін-өзі сендіру, ойды бекітіп алға ұмтылысқа көмектесетін сөздер. Оларды балаға жиі айтқан сайын санада сенім пайда болады. «Менің баламның болашағы жарқын», «Мен оның қуанышыны ортақпын», «Менің балам жетістіктерге жетеді», «Біздің айналамызда жақсы адамдар көп», «Мен бәріне қол жеткіземін»

Оқушылар үшін «Мен ғажаппын», «Мен осы өмірге келуіммен кереметпін», «Мен тамаша жанмын».

2. Тренинг жаттығулар «Мен ғажаппын», «Мандала», «Өмір ағашы», «Менің жетістіктерім», «Менің арманым», «Дос іздеймін», «Өмір және қиял» және т.б.

3. Туризм (көрмелер, музейлер, қалалар)

4. Оқушының неге бейім, қабілеті бар екеніне қарай сол бағыт бойынша жұмыс жасай отырып, өмірге деген құлшынысын ояту, қоғамда өз орнын табуға көмектесу. Айта кетейік, оқу-ағарту министрінің ғылыми қоғамдастық және ҮЕҰ өкілдерімен арнайы және инклюзивті білім беру мәселелері бойынша кездесуі барысында дәл осы тақырып барысында сөз қозғаған болатын. Министрліктің мәліметінше «Өздеріңіз білетіндей ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың саны артуда. Жылына 6-7 пайыз өсім байқалады. Былтыр ғана 188 мың бала болса, бүгінгі таңда 203 мың баладан асып отыр. Сондықтан министрлік тарапынан бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде басты бағыттарымыздың бірі – балалардың барлығын сапалы біліммен қамту болғандықтан, арнайы білім беру ұйымдарының желісін ұлғайту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Биыл 12 ПМПК (Психологиялық – медициналық – педагогикалық консультациялар) ашылды, қазір елімізде 104 ПМПК бар. Бұл балалардың білім беру маршруттарын анықтап, сапалы қызмет алуға үлкен мүмкіндік береді», – деді Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаева.

Ол сондай-ақ түзету кабинеттерінің саны 2027 жылға дейін 34-ке жететін атап өтті.

Түзету кабинеттерінің санын арттыру бойынша жүйелі түрде жұмыс атқарылып жатыр. Биыл 9 түзету кабинеті ашылды, келесі жылы – 9, 2027 жылға дейін олардың санын 34-ке жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдардың 44%-ында, орта білім беру ұйымдарының 86%-ында және техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарының 47%-ында инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Білім беруді дамытудың тұжырымдамасына сәйкес бұл көрсеткішті 2027 жылға дейін 100%-ға жеткізу көзделген, – деді ол.

Қорыта келгенде әрбір баланың бұл қоғамда орны бар, балаға сол орнын табуға көмектесу әрбіріміздің міндетіміз.

Ф.ОСМАНОВА,

М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің педагог-психологы.