Start Білім ТҮРКІСТАН: ДҮНИЕДЕГІ МАМАНДЫҚ АТАУЛЫНЫҢ ТӨРЕСІ – ҰСТАЗДЫҚ

ТҮРКІСТАН: ДҮНИЕДЕГІ МАМАНДЫҚ АТАУЛЫНЫҢ ТӨРЕСІ – ҰСТАЗДЫҚ

Ұстаз – шәкірттерін білім нәрімен сусындататын адам. Ұстаз болу – екінің бірінің қолынан келмес, әрі аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. «Мұғалім мамандығы барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ғалым да, батыр мен ақын да, темір балқытқан жұмысшы мен диқан да, мал бағып терін төккен шопан мен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, бәріміз үшін де ұстаздықтың шоқтығы биік тұр.

Осындай жауапты мамандық иелерінің бірі, құрметті ұстаз, Жетісай ауданына қарасты Абай ауылдық округінің «Ю.Гагарин атындағы №53 жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 1997 жылдан бері оқушыларға білім беріп келе жатқан Дариға Сарыпбекова апайымыз. Ол бастауыш сынып мұғалімі. Дариға Серікбайқызы 1970 жылы 18 мамыр күні Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң, 1992 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Түркістан педагогикалық училищесін, 2001 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық колледжін, 2008 жылы Шымкент университетінде білім алып шыққан. Мамандығы бойынша біліктілігі, ғылыми дәрежесі мен ғылыми атақтарға ие болған. Бірінші санатты бастауыш сынып пәні мұғалімі лауазымы мен жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі лауазымына ие. Сонымен қатар, 2019 жылғы 10 тамыздағы №1 шешіміне сәйкес бастауыш сынып мұғалімі «педагог-зерттеуші» біліктілік санаты беріліп, 2021 жылғы 16 тамыздағы №225 бұйрығымен бастауыш сынып пәнінің мұғалімі лауазымы бойынша «педагог-шебер» біліктілік санатын алған.

«Өмірлік ұстанымым сапалы білім, саналы тәрбие беруге бағытталған. Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман. ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған ел тығырыққа тірелері анық. Білімнің барлық қайнар бұлағы бұл бастауыш білімнен беріледі. Яғни, біліктіліктің бәрі, күштің бәрі тікелей ұстазға жүктеледі. Кез келген маманды білікті, білімді, дана және дара тұлға етіп қалыптастыру үшін тал бесіктен бастап сапалы білім беру аб-зал. Бұл бастауыш сынып мұғалімдері-нің тікелей міндетіне жүктеледі. Біз әрбір баланы жеке тұлға етіп шығару үшін кішкентай кезінен бастап өзіндік пікірінің қалыптасуы үшін еңбектене-міз. Алдыңғы қатарлы дамыған елге кіруіміз үшін жастарды жетілдіреміз. «Ел боламын десең бесігіңді түзе», – деп бекер айтпаған. Білім мен тәрбие бастауыш сыныптан бастап берілетіндігін тағы да айтып өткім келеді. Бастауыш сынып мұғалімі тек қана оқытушы ғана емес, ол тәрбиеші, бала бойындағы қабілеттің көзін ашушы, қорғанышы деуге болады. Барлық білімнің негізі бастауышта қалыптасатын болса, балаға дәл осы кезден бастап білім беруіміздің маңызы зор. Жалпы адамның мектептегі білім алу кезеңі және тұтас педагогикалық үрдісі сапалы нәтижеге жетуі үшін, біз бастауыш сыныптарға тәрбие беру үдерісін заман талаптарына сай құруымыз қажет. Біз әрқашанда білім беру барысында жаңа әдістерді пайдалана отырып, оқушылардың білімге деген ынтасын арттыру мақасатында үнемі ізденіп, ұтымды тәсілдерді қолданып сабақ өтеміз. Мен білім беру жолында оқушыларымның шығармашылығын, ізденімпаздығын қалыптастыру мақсатында пәндік апталықтар, ғылыми апталықтар, түрлі жаттығу жұмыстарын ұйымдастырамын», – дейді бастауыш сынып мұғалімі Дариға Сарыпбекова.

Мектеп қабырғасында еңбек ете жүріп, балалармен жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері мен маңыздылығын сезінген. Қазірде мектеп қабырғасында ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп келе жатқанына 25 жылдың көлемі болған. Еңбек өтілі оған мол тәжірибе берген. Бүгінде халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық байқаулардан алған жетістіктері соның айғағы. Айтарлық, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Халықаралық Ғылым мен Білімді қолдау орталығы Құрмет грамотасымен, «Рухани жаңғы-ру» ақпараттық сараптамалық орталы-ғының арнайы дипломымен марапат-талған. Сондай-ақ, ғылыми- әдістеме-лік «Жас ғалым» – 2021 атты Республи-калық мектеп оқушылары арасында өткен ғылыми жоба байқауында «Балдың адам ағзасына пайдасы» тақырыбы бойынша оқушыларын белсенді қатыстырып, білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хат. Сонымен қатар, «Үздік сынып жетек-шісі-2018», «Ustaz tilegi» Республика-лық ғылыми-әдістемелік орталығының алғыс хаты, «Жылдың үздік авторы-2021» атты шығармашылық байқауына «Бастауыш сыныптағы математиканы оқытудағы логикалық есептердің ерекшелігі» тақырыбы бойынша қатысып I дәрежелі дипломын алған. Дариға ұстаз – өз мамандығын жетік меңгерген білікті ұстаз. Ол үнемі ізде-ніс үстінде жүреді. Шығармашылық-пен жұмыс істегенді ұнатады. Тәрбие мен білімді қатар ұстағандықтан да болар, оқушыларының да жеткен жетістіктері аз емес. «Алтын ұрпақ» зияткерлік олимпиадасы, «Бәйтерек» зияткерлік олимпиадасы, «Дарын Лэнд» интеллектуалды орталығында өткен олимпиадалардан оқушыларының жетістіктері өте көп.

«Мектепте жұмыс жасап келе жатқаныма 25 жыл болды. Осы уақыттың ішінде 11 сыныптардың арасынан 5 бітіруші түлектерді мектеп ұясынан ұшырдым. Әр қайсысында 21,22 оқушыдан оқыды. Олардың барлығы қазірде үлкен қалаларда оқу оқып, жұмыс істеп жатыр. Осы жылы да менің сыныбым оқу бітіріп жатыр. Мектеп бітіруші оқушыларыма, үлкен өмірге қанат қағып бара жатқан шәкірттеріме қанаттарың талмасын, биіктерді бағындыра беріңдер дегім келеді. Жоғары оқу орнына оқуға түсіп, студенттік дәуірді қызықты өткізіп, абыроймен аяқтауларына тілектеспін. Мектеп өмірі артта қалды, алдарында күтіп тұрған жаңа өмірдің баспалдақтарынан сүрінбей өтулеріне тілектеспін!», – деп Дариға апай ыстық тілегін білдірді.

Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алған екен.

Шапағат ҒАЙБУЛЛА.