Start Білім ТҮРКІСТАН: БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ БҮГІНГІ ЖАЙ-КҮЙІ ҚАНДАЙ?      

ТҮРКІСТАН: БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ БҮГІНГІ ЖАЙ-КҮЙІ ҚАНДАЙ?      

Қазақстандық білім саласының шынайы жай-күйі, кейбір теріс құбылыстардың себептері мен салдары, реформалардың пайдасы мен зияны жайында ғалым, Қазақстандағы салыстырмалы педагогика және оқулық сапасы мониторингі бағытының негізін салушы, Педагогика ғылымдары академиясының президенті Асқарбек Құсайыновтың пікіріне құлай түрейік. 

Балаларды ерте жастан күрделі бағдарламалармен оқытып, күрделі тапсырмалар беру олардың психофизиологиялық және ақыл-ой дамуына теріс әсер ететінін, сонымен бірге олардың білімге деген ынтасы шектелетінін әлемдік тәжірибе дәлелдеп отыр

– Білім берудің бір құралы – оқулық. Оған қоса оқулық тәрбиелік те, идеологиялық та қызмет атқарады. Оқулық сапасына қатысты көп сын айтылуы да осыдан тәрізді.

– Сапалы оқулық жазу – аса күрделі жұмыс. Жақсы оқулықтар жазу  

үшін, біріншіден, елімізде оқулықтану ғылымын дамыту керек. Оқулық жасаудың бар қиындығын басынан кешкен академик А.Колмогоров оны реактивті ұшақ құрастырумен салыстырған.  

Оқулық сапасы төмендігінің бірнеше себебі бар.                           

Біріншіден, бұрын оқулық жазбаған, оқулық жазу теориясын меңгермеген авторлар оқулықтар жаза бастады.

 Екіншіден, оқулық авторларына қажетті жағдай жасалмады.  Оқулықтану ғылымы дамыған Франция елінің ғалымдары жақсы оқулық жазу үшін 3-5 жыл уақыт қажет дейді. Бізде оқулықтар жазуға бар-жоғы бір жыл көлемінде уақыт беріледі.

 Үшіншіден, дайындалған оқулықтың сапасын анықтау үшін, оған Теориялық және Тәжірибелік сараптама жүргізілуі керек. Ол үшін ғылыми негізде дайындалған критерийлер жүйесі болуы тиіс. Өкінішке орай, бізде мұндай жүйе жасалмағандықтан оқулықтар сапасына объективті баға берілмей отыр.  

 Төртіншіден, дамыған елдерде бір пәннен барлық сыныптарға арналған бір концепцияға негізделген желілік оқулықтар мен инновациялық оқу-әдістемелік кешендері дайындалады. Оларды дайындау үшін арнайы авторлық ұжым құрылады. Себебі, оқушылар бір пәннен әр сыныпта әр түрлі авторлардың жазған оқулықтарымен оқитын болса, сапалы білім ала алмайды.  

Бесіншіден, қазіргі уақытта әр оқулықпен бірге сол оқулықтың мультимедиялық оқу құралы, диск ретінде қоса дайындалады. Онда оқулықта берілген материалды терең түсінуге қажетті интернетте бар материалдар жүйеленіп беріледі. Бізде бұл жұмыс та нәтижелі атқарылмай отыр.

– «Бізді оқытатын адамдар мұғалім деп аталады, бірақ, бізді оқытатындардың бәрі бірдей бұл атаққа лайық емес» деген екен неміс ойшылы Гете. Мұғалімдердің білім деңгейіне халықтың көңілі тола бермейді. Бұған не айтасыз?    

– Біз бәріміз жақсы ұстаздан оқыған балалардың жақсы білім алатынын білеміз. Мысалы, бастауыш мектепте кәсіби деңгейі төмен ұстаздардан білім алған оқушылардың тек 25%-ы ғана жоғары сынып стандартының талаптарына сай білім ала алады, ал қалған 75%-ы ондай білім ала алмайды. 

Ұстаздық еңбек асқан талғампаздықты, мол адами қасиетті, рухани тазалықты қажет ететін, жауапкершілігі мол, аса күрделі мамандық. Дамыған елдерде ұстаздың бойында бала қызыға қарайтын, мен де осындай болсам екен деп еліктейтін қасиеттердің болғаны дұрыс. Себебі баланың ұстазына деген сүйіспеншілік сезімінің болуы оның жақсы білім алуына оң ықпал етеді. Кез келген адам жақсы ұстаз бола алмайды.  

Бұл елдерде педагогикалық оқу орындарына мектепті жақсы аяқтаған, мысалы, Оңтүстік Кореяда үздік 5%-ға, Финляндияда – 10%-ға, Сингапур мен Гонконгта – 30%-ға кіретін түлектердің ғана құжаттары қабылданады; олар педагогикалық кәсіпке бейімділігін анықтайтын арнайы тест тапсырады; магистр-мұғалім мектепке жұмысқа келгенде, қоғамдық қомиссия алдында күрделі сынақтан өтеді; жұмысқа қабылданған жас магистр-мұғалімге тәлімгер (коучер) бекітіледі. Ол жас мұғаліммен бірінші күннен бастап, қашан ол өз бетінше жақсы сабақ бере алатындай деңгейге жеткенше, бірге жұмыс жасайды.  

Ал, бізде ұстаздар қалай дайындалады? Педагогикалық ЖОО мен колледждерге, негізінен, мектепте орташа оқыған балалар барады. Олардың  көбі ортақол мұғалім болып шығады. Мектепке келгенде, бірден жұмысқа қабылданып, сабақ бере бастайды. Оларға тәлімгерлер бекітілмейді, бекітілген күннің өзінде олар қосымша ақы алмағандықтан, олар бұл жұмысты жасауға қызықпайды.

Ең бастысы, ұстаздар мәртебесін көтеру керек. Әлемдік тәжірибе мұғалім мәртебесі жоғары болса және оларға жоғары базалық еңбекақы төленсе, онда көптеген дарынды адамдар мұғалім болатынын, бұл осы мамандық мәртебесінің одан әрі арта түсетінін дәлелдеп отыр.   

– Білім саласындағы шенеуніктердің тағы бір сәтсіз эксперименті –  

Ұлттық бірыңғай тест жүйесі. Бұл ұстаздар қауымын тұтас бір сүргінге салып қойды, жоғары сынып оқушылары тек тест тапсырумен күні өтеді. Тіпті, мектеп түлектерінің ҰБТ-дан алған орташа баллдары сол мектептің негізгі көрсеткіші ретінде бағаланатын болды. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай?  

 Бұл жүйе елімізде 2004 жылы енгізілді. Содан бері көптеген сыни пікірлер айтылып келеді, ұстаздар қауымы да оны қолдамайды.

Біріншіден, ҰБТ кезінде 5 пәннен берілген 125 сұраққа жауап беру үшін 3,5 сағат, яғни 1 сұраққа жауап беру үшін, орта есеппен, 1,7 минут уақыт беріледі. Бір жарым минутта бір теореманы дәлелдемек тұрмақ, қандай да бір күрделі есепті шығару да мүмкін емес.

Екіншіден, ұсынылған төрт жауаптан бір жауапты таңдау арқылы оқу жетістігін анықтау тестісі, адамның білімін емес, тек есте сақтаған немесе болжаған ақпаратын ғана анықтай алады.

Үшіншіден, берілген 5 пәннің 4-і барлық мектеп түлектері үшін ортақ пәндер, 1 пәнді ғана оқушылар өздері таңдайды. Айталық, бір бала мектепте химия пәнін жақсы оқып, үнемі ізденіп, көптеген олимпиадаларға қатысып, алғашқы ондықтан орын алды делік. Сонда ол жүз мыңнан аса мектеп бітірген түлектердің ішінде химия пәнін ең терең меңгерген он баланың бірі болады. Осы бала ҰБТ негізінде химия факультетіне оқуға түсе алмауы мүмкін. Себебі, ҰБТ ережесі бойынша, ол химия пәнінен басқа міндетті 4 пәннен емтихан тапсырады және 4 пәннің нәтижесінде, қазақ және орыс тілі пәндерінің баллы есептелмей, ортақ балл шығарылады. 

Төртіншіден, ең ауыры, ҰБТ елімізде жалпы білім сапасын көтеруге кері әсер етіп отыр. ҰБТ көрсеткішін жақсарту бүкіл мектеп ұжымының негізгі мақсатына айналды. Бүкіл мектеп ұжымы оқушылармен тек ҰБТ-ға кіретін негізгі 4 пәнді дұрыс тапсырулары үшін жұмыс істейтін болды, ал басқа сабақтарды оқытуға аса мән берілмейді. Сонымен, негізгі мақсат – терең білім беру емес, қайткен күнде де ҰБТ-дан жақсы көрсеткішке қол жетізу болды. Көрсеткіштері жақсы болуы үшін мектеп басшылығы нашар оқыған балаларды оған қатыстырмау жағын да іске асырып жүр.  

Елімізде педагогикалық тестология ғылымы дамымаған, тестолог мамандарды дайындайтын «педагогикалық квалиметрия» мамандығы бірер жоғары оқу орындарында жақында ғана ашылды.

– Бүгінгі күннің басты тақырыптарының бірі – 1- сыныптан бастап үш тілде оқыту. Осы мәселеге сіз не дейсіз?   

– Мен компаративист-ғалым ретінде әлемнің озық 20 елінде бастауыш сыныптарда, яғни 1 – 6-сыныптарда қанша тіл оқытылатынын зерттедім. Сонда байқағаным, осы елдердің ішінде 2 тіл 1-сыныпта 4 елде, 2-сыныпта 5 елде, 4-ші және 6-сыныптарда 13 елде оқытылады екен. Бірде-бір елде 3 тіл бірдей оқытылмайды. 

Елімізде біраз жылдардан бері бірқатар мектептерде 3 тіл оқытылып келеді. Соның нәтижесін білу үшін, біз, Алматы қаласы мен Алматы облысының 8 қазақ мектебінде әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Зерттеуге бастауыш сыныптарда сабақ беретін 103 мұғалім тартылды. Осы ұстаздардың 83,97%-ы оқушыларға 3 тіл оқытқанда олардың 3 тілді де меңгеру деңгейі төмендейтінін ашық жазды. Балалар тілдерді шатастырып, сөйлегенде, өздері де оған мән бермей, үш тілді  қосып сөйлеу фактілері кездесетінін айтыпты.

Мұғалімдер 1-сыныпқа келген көптеген қазақ балалары қазақ тілін нашар білетінін, бәрі дерлік орыс тілінде жақсы сөйлейтінін айта келе, 1-сыныпта тек қазақ тілін ғана оқыту керек деп жазыпты. Орыс тілін 2-ші не 3-сыныптан бастап оқытып, ал ағылшын тілін 6-сыныптан бастап қазақ тілі негізінде интенсивті түрде, яғни аптасына 3-4 сағат көлемінде үйрету керек деген. Ағылшын тілі осылай оқытылатын болса, 2-3 жылда барлық балалар оны жақсы үйреніп шығатындарына сенім білдіріпті.

Бұл пікірді лингвист-ғалымдар да қолдап отыр. Мен де осы пікірді ұстанамын.

– Білім беру жүйесі дұрыс дамуы үшін ғылымға негізделуі тиіс дедіңіз. Орта білім саласы проблемаларына қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары (ҒЗЖ) қалай жүргізілуде?    

– Орта білім беру жүйесі өте күрделі жүйе, сондықтан білім сапасын көтеру мақсатында жүргізілген реформалар ғылыми негізде жүргізілуі керек еді.Өкінішке орай, әлі күнге дейін білім беру саласындағы зерттеу жұмыстары қалдық принципімен қаржыландыру негізінде жүргізіліп келеді. Мысалы, 2009 жылы елімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге 6 млрд. 163,5 млн. теңге бөлінген болса, сол сомадан тек 44,1 млн. теңге (0,7%)

ҒЗЖ жүргізуге бөлінген, ал осы сомадан 12 жылдық білім беру проблемаларын зерттеуге бар болғаны 12 млн. теңге бөлінген. Кейінгі жылдардағы жағдай да осындай.  

Бұдан елімізде білім сапасын көтеруге бағытталған барлық реформалар ешқандай ғылыми негізсіз жүргізілген деген қорытынды шығаруға болады.

Мұндай көзқарасты өзгерту керек. Біз білім сапасын көтереміз десек, іргелі және қолданбалы ҒЗЖ-ның толық әрі нәтижелі жүргізілуін қамтамасыз етуіміз қажет. 

Білім сапасын көтеру үшін бүкіл жұмыс жүйелі түрде атқарылуы тиіс. Ғылыми мекемелер мен орталықтар, жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер, ғалымдар мен ұстаздар, оқу әдебиеті авторлары мен баспалар жұмыла отырып және олар бір-бірінің атқарған жұмыстарын бірлесе талқылап, қажетті шешім қабылдап отырғанда ғана нәтиже болады.  

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбатты жүргізген Дина Имамбай