Start Білім ТҮРКІСТАН: БЕДЕЛІ ЗОР БІЛІМ ОРДАСЫ

ТҮРКІСТАН: БЕДЕЛІ ЗОР БІЛІМ ОРДАСЫ

Сауран ауданы білім бөліміне қарасты барлық білім ошақтарының басшыларына мектептердің қазіргі материалдық-техникалық жағдайы, оқушылардың білім деңгейі, мұғалімдердің біліктілігі туралы сауал жолдаған едік. Осыған орай Сауран ауданының білім бөліміне қарасты Әшірбек Сығай атындағы мектептің директорының редакция тарапынан қойылған сұрақтарға берген жауабымен таныс болыңыздар.

– Мереке Кенжетайқызы, оқу жылы аяқталды. Мектеп бітіруші түлектердің саны қанша?

– Сауран ауданы білім бөліміне қарасты Әшірбек Сығай атындағы жалпы білім беретін мектебін 2023-2024 оқу жылында 11 сыныпта 44 оқушы бітіреді. Оның ішінде 24 оқушы қазақ бөлімін, 20 оқушы өзбек бөлімінде оқиды.

– ҰБТ-ға дайындық барысына мектеп жауапты емес, дегенмен білім ұясынан түлеп ұшқан оқушылардың жоғары оқу орындарына көптеп түскені сіздерге де үлкен абырой. Түлектердің қанша пайызынан жоғары үміт күтіп отырсыздар?

– Биылғы мектеп бітіруші түлектердің 75% -нан үміт күтіп білім грантын жеңіп алады деп отырмыз.

– Көпшілік арасында 11 сынып оқушылары ҰБТ-ға дайындалу үшін қосымша сабақтарға барып, мектепке келмейді деген пікір бар. Осы сұрақ жөнінде редакциямызға оқырмандар тарапынан «Ата-ана ұл-қыздарын мектеп мұғалімдеріне неге сеніп тапсыратыны, алайда ҰБТ-ға дайындық кезінде қосымша сабақтарға қаржы төлейтіні ұстаздар қауымын ойландырмай ма?» деген сауалдар келуде. Бұған не дейсіз?

– Мектебімізде 11 сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау үшін оқу жылының басынан бастап әр пәнге қосымша сабақ кестесі бекітілген. Қосымша сабақ – Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықтың тиімді жолы. Қосымша сабақтың мақсаты – оқушыларды сапалы дайындаудың арқасында ҰБТ-ны жақсы тапсыруға ықпал ету. Қосымша сабақтың міндеттері – оқушылардың сабақта алған білімдерін тереңдету, пәнге деген қызығушылығын ояту, оқушыларды еңбек сүйгіштік пен жауапкершілікке тәрбиелеу. Күтілетін нәтиже – ҰБТ – да жоғарғы нәтиже көрсету. Күнделікті сабаққа қарағанда қосымша сабақтағы жұмыс түрі басқа материалдармен және басқа жолмен жүзеге асырылады. Қандай сабақ болмасын қазіргі заманғы жаңа оқыту технологиясын кеңінен пайдалануға болады. Мысалы: проблемалық оқыту, деңгейлеп-саралап оқыту, ойын, тірек-сигналдары және т.б. оқыту түрлерін көбірек пайдаланылады. Мектептегі қосымша сабақтар сабақтан тыс уақытта, яғни түстен кейін өткізіледі.

– Мектеп асханасының сапасын бақылауда ұстау директордың бір міндеті болып есептелетін шығар. Олай болса сіз басқарған білім ұясындағы асханаға қандай баға бересіз?

– Мектеп асханасы күнделікті өз бақылауымда болады. Асханамыз таза, талапқа сай жасақталған. Асхананың жұмыс істеу кестесі мен ас мәзірі және құзыретті мекемелерімен бекітілген 4 апталық ас мәзірі бар. Мектептің медбикесі асханадағы дайын және шикі тағамдарды алдын-ала бақылап, олардың санитарлық нормаларға сәйкес екендігін журналға толтыру және оларды тұтынуға рұқсаттама беріледі. Оқушылардың тамақтанатын орындары мен әрбір балаға берілетін ыдыс түрлері жеткілікті. Оқушыларға берілетін барлық тағам түрлері алдын-ала медбикенің қадағалауынан өтіп барып беріледі. Мектеп асханасында жұмыс жасайтын жұмысшылардың барлығында санитарлық кітапшалары бар. Жалпы мектеп асханасында тамақтанудың гигенасы мен санитарлық нормалары сақталған және оқушылардың дұрыс тамақтануына барлық жағдайлар жасалған.

– Өзіңіздің мамандығыңыз және осы саладағы қызмет өтіліңіз жөнінде мәлімет берсеңіз. Директорлық қызметке педагогикалық тәжірибеңіз жеткілікті деп есептейсіз бе?

– Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша Ақмола қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алдым. Университетте 1994-1998 жылдар аралығында оқыдым. Ұстаздық еңбек жолымды Астана қаласы, Шортанды ауданы, Новокубанка орта мектебінен бастадым. 1998 жылдан бастап мұғалім болып еңбек етіп келемін. Мен үшін мұғалімдік – ол өте үлкен, дара жол. Бұл қызметте еңбек ету – әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Ұстаздық жолда қажырлы қайрат керек. Баламен жұмыс істеу өте қиын. Баламен бала болып, тіл табысу, әрқайсысының мінезін зерттеп, онымен жылы сөйлесіп, қызмет атқару оңай жол деп есептемеймін. Сол себепті мектепте мұғалім болып істеген әрбір адам шыдамды, төзімді, қажырлы, қайратты болуы керек.

Қазіргі таңда педагогикалық еңбек өтілім 25 жылға жуықтапты. Оның 11 жылында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Ал 2021 жылдан бастап мектеп басшысы қызметіндемін. Мектеп басшысы – білім саласындағы болып жатқан өзгерістерді жүзеге асырудың сәттілігін анықтайтын білім беру саласындағы шешуші тұлға.

Қазіргі уақытта мектеп директоры үйлестіруші, әлеуметтік құрылысшы, жаңа, прогрессивті және демократиялық барлық нәрсені жеткізуші болып табылады. Әртүрлі басқару қағидаларына сүйене отырып, басшы ретінде өз жұмысымда тұлғаға бағытталған әдісті ескере отырып, мұғалімдерге деген жеке әдісті қолданамын. Сонымен қатар облыстық көшбасшылық қауымдастығының құрамындамын.

– Жас жеткіншектердің оқу үлгерімі, тәрбиесі секілді азамат ретінде қалыптасуына мектептің де қосар үлесі мол. Осы ретте оқушыларға үлгі болатын педагогтердің білім берумен қатар білім ұясындағы мәдениеті яғни өзара ынтымағы мен жүріс тұрысына қатысты не айтасыз?

– Бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесі мәселесі елімізде, тіпті бүкіл әлемдегі ең өзекті мәселе. Мектеп – өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесіндегі шешуші буын. Оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі өте зор. Жеткіншектік кезең бұл тану, білу процесінің ең күшті дамитын кезеңі болып қана қарамастан, өзінің мінез-құлқын өзгертетін ең өзекті мезгілі; ата-ана жеткіншектердің жарқын үлгісі. Ал мектеп біліммен және тәрбиемен сусындататын алтын ұя. Қазіргі кезеңдегі үлгілі педагогтардың бірі Б.Сағындықұлы өз еңбектерінде былай деп атап көрсеткен еді, «мектеп өз бетімен жеке жұмыс жүргізуі жеткіліксіз, мектеп әр отбасымен ынтымақтаса отырып, олардың басын қосып біріктіру арқылы белгілі статус ала отырып, тәрбие орталығына айналады», яғни ата-анамен мектеп бірлесіп сәйкесті жұмыс істегенде ғана жеткеншіктердің дұрыс тәрбиеленуіне, дамуына тамаша негіз қаланады.

– Педагог мәртебесі көтерілді. Соған сәйкес оқушылардың білім сапасы мен ұстаздардың біліктілігі жетілдірілді ме?

– Білім сапасын арттыру үшін басты мақсат-мұғалімнің кәсіби шеберлігін арттыру, үздіксіз білім алу арқылы сапалы білім беру көзделеді. Мұғалім кәсіби шеберлігін ұдайы жетілдіріп отыруының арқасында өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырған жағдайда ғана сапалы білім беруге ұмтылады. Өркениет көшінен қалмай білім беру ісін зор ізденушілікпен жұмыс жасағанда ғана оқушының білім сапасы артады. Қазіргі ХХІ ғасыр ақпараттық технологияның дамыған дәуірі. Осы тұста болашақтың кемелденуі жолында білімді шәкірттеріміз, еліміздің болашағы болмақ. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу үшін, мұғалімнің үздіксіз білімін жетілдіруі сапалы білім кепілі болмақ. Мұғалімнің рөлі сапалы білім берудің айғағы. Мұғалім үздіксіз білім алып, өз білімін көтеру арқылы шығармашылықпен жұмыс жасап, болашақ жастарды сапалы білім алуға жетелейді. Мектебіміздің мұғалімдері үнемі біліктілік арттыру курстарынан өтіп білімдерін жетілдіруде. Осы 2023-2024 оқу жылының наурыз айындағы қорытындысы бойынша мұғалімдеріміздің 57% -і өз кәсіби білімдерін жетілдіруде біліктілік арттыру курстарынан өтті.

– Вейпке және насыбай атуға, темекі өнімдерін тұтынуға елімізде тыйым салынғаны белгілі. Осы бағытта аталған мәселенің алдын алу үшін мектепте қандай шаралар атқарылып келеді? Баланы одан қалай қорғауға болады?

– Балалар мен жасөспірімдердің темекі шегу мәселесі қазіргі уақытта өзекті. Тіпті мектеп оқушылары арасында дәл осы электронды темекіні шегу (бу тарту) сәнге айналды. Көптеген қоспалардың, темекі өнімдері сияқты, құрамында никотин бар, сондықтан бұл заттың ағзаға теріс әсерінің барлық түрлері электронды темекіге тән. Сонымен қатар, вейперлер олардың денсаулығына зиян тигізбейтініне сенімді, олар классикалық темекі шегуден гөрі жиі бу тартып, никотинді көп тұтынуда.

Ата-аналармен және басқа да жақын ересектермен сенімді қарым-қатынас – тәуелділіктен арылудың басты шарты болып табылады, балаларға никотинге тәуелділік, оның зияны мен болашақтағы өмірге әсері туралы хабарлау керек.Баланың сүйікті ісінің, қызығушылықтарының болуына назар аудару керек деп ойлаймын. Ерте жастан бастап балаларды спортқа және түрлі ермек іске баулуға болады. Жасөспірімдермен әңгіме барысында қатаң тыйымдарға қарағанда, вейп пен электронды темекісіз өмірдің артықшылықтарына назар аудартқан жөн. Көптеген балалардың пікірінше – тыйым салынған нәрсені міндетті түрде сынап көру керек деп ойлайды. Жасөспірімдердің ағзасына қандай зиян келтіретінін және болашақта олардың денсаулығына қалай әсер ететінін түсінуі маңызды. Осының барлығын үнемі жоғарғы сынып оқушыларымен түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде атқарып келеміз.