Журналист-жазушы Слам Нұрмағанбетұлы 21 мамырда 75 жасқа келді. Өмірбаяндық жазбаларына көз жүгіртсек, өзі туып-өскен Құтарыс ауылындағы орта мектепті бітірген соң, Шымкент педагогика институтының сырттай оқыту бөліміне түсіп, оны 1972 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығыпты. Бір қызығы, қызметтік жолы мұғалімдік кәсіппен емес, журналистік жолмен өрілген.
«Қайнарбұлақ» кеңшарында құрылысшы, ауылдық клуб меңгерушісі, Шымкент облыстық банктің инкассаторы бола жүріп, 1971 жылдың 1 қазанында Сайрам аудандық «Еңбек туы» газетіне аудармашылық қызметке шақырылады. Сонау мектеп қабырғасында жүріп республикалық «Қазақстан пионері» газетінің белсенді тілшісі ретінде бас жүлдеге ие болғанын, аудандық газетте жиі жариаланған мақала, өлең, әңгімелерін ескерген болуы керек. 1974 жылы сол кездегі Бөген аудандық «Коммунизм таңы», «Заря коммунизма» (қазіргі Ордабасы аудандық «Ордабасы оттары») газетінде істеген он жылдай уақыт ішінде, мұнан соң 1983 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жұмысқа орналасқан.
Міне, сол кезден бүгінге дейінгі 48 жылға жуық кезеңде журналистика майданының нағыз майталманы ретінде бұл саладан қол үзбей келеді. Олай дейтініміз, 2012 жылы облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінен зейнеткерлікке шыққанымен, облыстық қаржы басқармасының жанынан шығатын «Қаржы» экономикалық газетіне қатар басшылық жасап, директор – бас редактор қызметін жиырма жылдан бері жемісті жалғастырып келеді.
Оқырмандарға өте жағымды деп танылған «Қапқа буылған тұтқын», «Өмір өрнектері», «Әйел исі», «Қаламгерлер қалжыңы» атты көркем-әдеби, «Дәрісіз емделу» атты халықтық медицина тақырыбына жазған кітаптары бар. Слам ағаның еңбегі лайықты бағаланып «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына ие болды. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, облыс әкімнің Алғыс хатымен және бірнеше рет облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталған.
Анау замандағы аудандық, облыстық газеттердегі ең негізгі, ең қиын, аса азапты жұмыс аударма, яғни тәржіма болатын. Тү-у биіктерден, жоғарғы орындардан, облыстық, қалалық, аудандық алуан түрлі органдардан жіберілетін, міндетті түрде жариялануға тиісті материалдарды айтпағанда, аудандық газет редакцияларының өзіндегі журналистердің мақалалары мен авторлар беретін дүниелердің басым бөлігі орысша дайындалатын. Қазақша газеттердің көпшілігі аударма еді. Міне, сол орысша мақалалардың, қаулы-қарарлардың, шешім-кесімдердің, үндеу-ұрандардың, тағысын-тағылардың бәрін жазбаша тәржімалауға уақыт жоқ. Слам Нұрмағанбетұлы, мысалы, орыс тіліндегі мәтінге қарап тұрып бірден ауызша аударып, машинкаға дауыстап айтып бастырады. Ол мәтін бір бет болуы да, он-жиырма бет болмағы да бек бәлкім. Ауызша аударуға екінің бірі машықтана алмайды. Онның, отыздың бірі ғана шеберленуі мүмкін. Слам Нұрмағанбетұлы Сайрам аудандық «Знамя труда» – «Еңбек туы», Бөген аудандық «Заря коммунизма»– «Коммунизм таңы» газеттерінде аудармашы-тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болсадағы, негізінен тәржіман тірлікті өгіздей өрге сүйреді. 1983 жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстанға» келгенде де негізінен тәржімадағы тарландығы ерекше есепке алынғаны аян. Мемқызметте де ісқағаздарды мемлекеттік тілге тәржімалаудың өнегесін танытты. Аударма ісіне аянбай тер төкті. 2004 жылы облыстық үздік аудармашылар байқауында бірінші орынды, келесі жылы бас жүлдені жеңіп алып, Астанадағы республикалық байқаудан да мерейлі оралды. Слам Нұрмағанбетұлы – тәржіман тірліктің тектісі. Ол әуелі қарымды қаламгер. Жампоз журналист. Он екі-он үш жылдай аудандық газеттерде бейнет кешкен. Сексен үшінші жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне шақырылған. Он бір жылдай осында еңбек еткен. Он жыл партия тұрмысы дейтұғын аса ауыр бөлімнің меңгерушісі, сондай-ақ партия ұйымының хатшысы болған. Бұл жұмыстар, әрине, айтуға ғана оңайтұғын. Бұдан соң үш жылдай облыстық сот жанынан шығатын «Заң және заман» атты басылымының жауапты редакторы, одан кейін он жылдай облыстық қаржы басқармасында бас маман-аудармашы. Он жыл өткенде Нұрмағанбетұлы қайтадан қарашаңырақ «Оңтүстікке» оралған. Бұқарамен байланыс бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың орынбасары. Осылайша 2012 жылы зейнеткерлікке шыққан.
Қаламгерлігінің қат-қабат, қыртысты қырлары, әлбетте, журналистігінде жатқаны ақиқат. Оларды оқырмандары жап-жақсы, жан-жақты біледі. Бағалайды. Аудандық, облыстық, тағы басқа да басылымдарда қаламының ізгілікті іздері сайрап жатыпты. Слам ағамыз сондай-ақ стилі сырбаз жазушы да. Толыққанды көркем әңгімелері талғампаз оқырмандардың ықыласына ие. Әзілге құрылған шағын дүниелерді қағазға қаз-қалпында қондыра қоятыны да тәнті етеді. Нұрмағанбетұлының «Қапқа буылған тұтқын», «Әйел иісі», «Қаламгерлер қалжыңы», «Өмір өрнектері», т.б. жинақтары – нағыз оқылымды кітаптар. Алайда, кейбіреулер секілді көпе-көрнеу күпініп «Мен – жазушымын» деп айтпайды, қарапайымдылығынан қайтпайды. Ол сонау тоқсаныншы жылдарыңыздың ортасында мемқызметте жүріп, «Қаржы» дейтұғын ерекше экономикалық газет ашқан. Қазір де осы қаржы-экономикалық басылымның бас редакторы. «Қаржы» газетін оқып отырсаңыз, бүгінгі заманның ділгір дүниелерін, мәністі мәселелерін қызғылықты қозғайтын, қаржыгер мамандардан қалыспайтын, қайта сәйгүлікше сергек заулайтын Слам Нұрмағанбетұлының мақалаларын әр нөмірден, тіпті әр беттен байқайсыз. Бас алмай қадалып қаласыз. Қаржыгер демеске лажыңыз қалмайды. Жетпістің бе-сеуіне аяқ артқан, тағлымды тәржіман, қажырлы қажымас қаржыгер – «Оңтүстік Қазақстан» редакциясы ардагерлер ұйымының төрағасы Нұрмағанбетұлы Сламның сапалы дүниелері әлі де жарық көріп, оқырмандарын қуантуда. Ардагер қаламгерге ұзақ өмір, мықты денсаулық тілейміз. Жазар көбейсін!
Назира ИСАБЕКОВА,
кітапханашы.