Start Білім ТҮРКІСТАН: АДАЛ АДАМ БОЛУ ӘЛ ФАРАБИДЕН БАСТАУ АЛҒАН

ТҮРКІСТАН: АДАЛ АДАМ БОЛУ ӘЛ ФАРАБИДЕН БАСТАУ АЛҒАН

Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдан соң Адал адам қандай болу керек деген әртүрлі жазбалар қаптап кетті. Соның бірі өзім болатынмын. «Осы уақытқа дейін Ұлтты ұйыстырған жиын», деген қысқа пікір жаздым да күрделісін кейінге ысырып қойдым. Өйткені бұл адам-қоғам мәселесі терең философия оған атүсті қарауға болмайтын,қалай болса солай қалам тартуды көтермейтін тақырып.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Адал адам туралы тек Атырауда ғана айтқан жоқ Атырауда Адал адам болуға жетелейтін адал еңбек пен адал табыс табу арқылы Әділетті Қазақстан құру көзқарасын нақтылаған болса, ал қоғамдық сананы өзгерту жөніндегі бастаманы Түркістандағы Құрылтайда көтерген болатын. Ата-бабамыз ниет түзулігі жөнінде бұрыннан айтып келеді. Сол сияқты қазіргі уақытта Әділетті Қазақстанды құру тек саяси-экономикалық реформалармен шектелмейді. Мемлекет басшысы айтқандай Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Ең бірінші сананы сілкілеу барымызды нарымызды електен өткізіп қажетін қалдыру.

Жалпы Ұлттық Құрылтайдың қай жиынында болмасын басты тақырыпта адам-қоғам оны заманға сай қалай дамыту, рухани өсу жолдары қозғалып келеді.

Мемлекет басшысының даңқты бабаларымыз ат тізгінін босатып, шылбырын байлаған қасиетті киелі жерлерде Құрылтай өткізуінде үлкен астар жатыр.

Адам мәселесіне келетін болсақ белгілі ғұлама Әл-Фарабидің еңбектерінен артық еңбекті, дана сөздерді кездестірмеппін. Абайдың «Толық адамы» да Әл-Фараби еңбектерінен кейін дүниеге келген. Алайда бұл танымда Абайдың антика дәуірінің мықты философтары Сократтың, Платонның, Аристотельдің де еңбектеріне ден қойғаны байқалады. Әсіресе Аристотельдің «Этика» ілімінен осы Абайдың «Толық адам» ілімі бастау алып адамгершіліктің құндылығы қайырымдылықта деген түсінікті толықтырып жалғастыра түскен. Гректің ойшылдары мен Әл Фараби еңбектері сабақтастас, ой түйісуі бірдей. Қандай адам болу адамның өзіне байланысты адам өз өмірінің қожасы деген тұжырымға алып келеді. Отырарлық ғұлама болмысты зерттей отырып бақытқа барар кілтті іздейді. Аристотель мен Платонды философияны жасаушы деп ұқсақ, Әл-Фараби осы екеуінің еңбектерін зерделеген, жалғастырушы деп айтсақ қате емес деп ойлаймын. Әл Фараби болмысты зерттеу арқылы адам бойындағы қабілетті өле-өлгенше болмысты тануға жұмсауға меже тұтты, ізгілікке жетуді мақсат етті, ізгілікке жеткенді адами даналық деп түсіндірді. Әл-Фараби адам мен қоғамды бөліп жармайды, қайта адам бақытқа жету үшін өзара бір-бірімен бірігуге мұқтаж дей келе «бақыт дегеніміз ізгілік» дегенге саяды. Ғұламаның дәл осы ойлары қай фармацияда болмасын өміршеңдігін жоғалтпады. Біреулер бақытты мал-мүліктен, байлықтан, кейбірі биліктен іздесе ғұлама бақытты ғылымнан тапқан. Негізінде бақытқа жетуді ғұлама қайырымдылықпен үнемі байланыстырып отырады. Ғұлама қоғамның түрін ұлы, орташа, шағын деп үшке бөледі. Ұлы қоғамға жататын бір идея төңірегіне біріккен, бір-біріне қол ұшын беретін көпшілік. Дәл осы қоғам Мемлекет басшысы күн тәртібіне мақсат етіп қойған баршаға үндеген ұлт сапасы мықты қоғам. Мемлекет басшысы ұлт сапасын жақсарта отырып қана Әділетті Қазақстанға қол жеткізуге болатынын елге жеткізуде. Әл-Фараби еңбегіндегі орташа қоғам бір халықты ғана құраса, шағын қоғам белгілі бір жерде мысалы бір қалада топтасқан қоғам. Ғұламаның Қайырымды қала еңбегінен қала адамдарының ізгілік мейірімінен адалдықты тануға болады. Ғұламаның ойшылдығына таң қалатын бір нәрсе бақыт жөнінде пікірді адамдардың өзіне қалдырады, демек ой еркіндігін мойындайды, қайта адамдардың бәрі бақытты терең ұғынуы үшін ұстаздың, тәлімгердің қажеттігін айтады. Халық айтты деп күнара айтатын «Адамға ең бірінші білім емес тәрбие керек.Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген дана сөздер Әбу Насыр Әл Фарабидің түйінді ойлары екенін жұрттың бәрі біле бермейді. Ғұлама бақытқа жетудегі ең қажеті қайырымдылық, ал кедергісі зұлымдық дейді. Бұны да уақыт дәлелдеп отыр.

Ғұлама қоғамды бақытты ету үшін ел басқарушысына қажет он екі қасиетті атайды Қазіргі таңда ол қасиеттердің көбісін әдеп кодексінде пайдаланып жүрміз.

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында ғылым туралы айтпай кетпейді. Әл Фараби ғылымды екіге бөлінетінін, біріншісі ізгілікке жету, екіншісі пайдаға ие болу десе, қазіргі қоғамда елімізде ізгілік жасай отырып жаңалық ашып елге пайдасы тисе, оны ел болып,жұрт болып қолданса, ғалымның еңбегі бағаланып пайда тапса оның еш айыбы жоқ. Мемлекет басшысы ел экономикасын көтеру үшін креативті ойлаушы азаматтарды қолдап отыр. Бұл ғұлама ойларының ғасырлар асып жүзеге аса бастауының көрінісі.

Ұстаз жөніндегі ойлары да тебірендірмей қоймайды,Әсіресе «Ұстаздық мінез-құлық нормасы» жөніндегі ойлары өмірдің өзінен алынған. Педагог мәртебесі туралы заңның қабылдануы ұстазға деген құрмет баға, бұл дегеніміз адал еңбекті мойындау,ұстазға деген әділ көзқарас арқылы берілген баға, Әл Фараби ізімен адаспай жүрудің нақты көрінісі.

Менің пікірімше Адал адам ұғымын ғылыми тұрғыдан қарап, шынайы өмірмен салыстырмалы түрде талдау керек. Әл Фарабиден кейін менің пайымдауымша адам философиясына терең үңілген қарасөздің қайталанбас шебері Абай. Абайдың барлық қара сөздері адамгершілікті ұстын тұтқан, барлық жақсы әрекетті адамнан адамның өн бойындағы құндылықтардан тапқан.Абайдың Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол деуі көп нәрсені аңғартады. Абай отыз сегізінші қара сөзінде адамға кері әсер ететін надандық, еріншектік,залымдық дей келіп, оған ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек қасиеттерді қарсы қойып Толық адам келбетін іздейді оны осылайша бейнелейді.

Биылғы Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы жалпыұлттық құндылықтар жүйесіне тоқталды. Оны саралап жіліктеді де. Тәуелсіздік, отаншылдық,бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың негізгі бағыт-бағдары бола алады деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Атыраудағы Құрылтайда айтылған «Адал-адам, Адал-еңбек, Адал-табыс» ұғымдары Адал адам келбетін толық қамтиды. Адал адамсыз Әділетті қоғамды құру мүмкін еместігін ғұламаларымыз дәлелдеп кеткен, қарапайым халық та түсінеді. «Адам өз өмірінің қожасы» деп Әл Фараби жазып кеткендей Ұлы қоғамды жасайтын да адамдар, әрине ол адал адамдар. Бүгінгі Әділетті Қазақстанның құрылысшылары адамдар біз өзіміз, сырттан келіп бізге Әділетті Қазақстанды ешкім жасап бермейді. Адалдық та, адамгершілік те, ізгілік те өз бойымыздан табылуы тиіс, ұлттық бірегейлігіміз сонда ғана нығайады. Мемлекет басшысы адал азамат болуға ұмтылыс қажеттігін жұртшылыққа жеткізіп отыр, қолдайық, осы идея төңірегіне топтасайық. Несі қиын, әрқайсымыз өз саламызда адал еңбек етсек табысымыз да адал, айналамызға бауырмалдылық,қайырымдылық танытсақ, заңның үстемдігін мойындасақ Әділетті Қазақстанды құрудағы қосқан үлесіміз сол болады. Қайырымдылық демекші Қазақстанның көптеген өңірлерін су тасқыны алып, елді әбігерге түсірді. Көмек қолын созған азаматтар қаншама, онымен мәселе түгелімен шешіліп кете қоймас, дегенмен ниет түзулігін айтсайшы. Қанда бар қайырымдылық, жүректегі мейірім жылт етіп қиналғанда көрініс берді.

Ысырапшылдыққа ата-бабамыз ешқашан жол бермеген. «Мал тапқанша есеп тап» деп ұрпағын үнемшілдікке тәрбиелеген. Жаһандық сын-қатерлердің бастысы су тапшылығы болса суды үнемдеу бізде жолға қойылмаған, оған мың сан мысал табылады, жарық мәселесі де дәл солай кейбір жерлерде күндіз жарық жанып тұрады оған ешкім мән беріп қарамайды да. Уақытты үнемдеуге де көңіл аудармаймыз, кейбіреулердің уақыты ұялы телефонды шұқылап отыруға кетеді,бұл жаман әдет ақпараттың керегі бар керексізі бар жалпы алғанда алып қашты пікірлерге бекерден-бекер алтын уақытты жоғалтамыз.. Тағы бір Мемлекет басшысының аса басып айтқан мәселесі құмарпаздық пен нашақорлық, вейп мәселесі. Бұл жаһанданудың арқасында пайда болған ұрпақ тағдырына тікелей әсері бар жаңа кесел кесапат.Жеңіл ақша табудың түбі әрқашан қылмысқа апарып отырған, ойын ойнап қарызға кіріп кеткен қанша отбасының шаңырағы ортасына түсті. Айта кететін бір жағымсыз жәйт ажырасудан еліміздің екінші орында тұруы қазақ біткенді ойландыратын күн тәртібіне қойылатын мәселе. Нашақорлық ұлттың болашағына балта шабу, ұрпақты азғындату. Наша сатушыларымен, синтетикалық есірткі бизнесімен айналысатындар қоғамның қас жауы ретінде заңның үстемдігін сезінуі тиіс.Вандализмге келсек барды бүлдіру, өткен тарихтың бетіне дақ салумен бірдей бұл жаныашымастың қасында басы ауырмас елін, жерін сүймейтін тәрбиесіз адамның әрекеті. Тарихи ескерткіштердегі шатпақ жазуларды өшірумен өңірлерде жастар әжептеуір жұмыс атқаруда. Туристерді шақырайық, туризм әлеуетін көтерейік дегенде бір жағынан тарихи ескерткіштерді таныстырып жатқанда шет елден келгендер тастарға қашалып не бояумен жазылған бейберекет жазуларды көріп не ойда кететін өздері ғана біледі, бірақ әттеген-ай деп кететіні сөзсіз. Бұндай жұғымсыз қылықтар бабалар жолына, ұрпақтарына қалдырған аманатына қиянат. Адал адам болу үшін маңдайыңнан тер төгіп,адал еңбек етсең ғана адал табысқа жетесің,алайда қоғамдағы осындай келеңсіз жағдайға көзді жұмып қарауға болмайды әр саналы азамат. Ұлы қоғам болу үшін ұлт тәрбиесіне үлес қосуымыз керек.

Біздің елде алдымен ұлы қоғамды жасау үшін заманауи бюджет дерті сыбайлас жемқорлықтан құтылу керек.

Қоғамда сыбайлас жемқорлықтың мүлдем жойылып кетуіне күмән сенімсіздік бар екенін жасыра алмаймыз. Оған дәлелді санауға саусақ жетпейді, сондықтан жоғарыда айтқан сананың тазалығы қажет.

Адал азамат идеясы бізді Әл Фараби мұраларына үңілуге алып келді. Отырарлық ойшылдың өсиет сөздері адами даналық. Адал адам адамның бақытты ғұмыр кешуі үшін Құрылтайдан Құрылтайға жеткізіп отырған сабақтастық ізбен жасалып жатқан дүниелер,осыны әр қазақстандық бар болмысымен сезінуі қажет. Адал азамат болып адал еңбек ету, адал табыс табу тек өзіміздің ерік-жігерімізге, отаншыл-дығымызға, адами пейілімізге байланысты. Адал азамат болуға әркімнің-ақ бар хақысы.

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,

Түркістан облысы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Түркістан облысының Құрметті азаматы.