Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түседі. «Мектептің жаны – мұғалім. Ол қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, балалар мектептен терең білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бүгінгі ұстазға қойылатын талапты дөп басып тұр.
Балабақша – мектеп – колледж – жоғары оқу орнында берілетін білім мен тәрбиенің қайнар көзі ұстаздың өресіне, білімділігіне байланысты.
2019 жылы „Педагог мәртебесі туралы“ заң қабылданды, ол есеп беру көлемін қысқартуды, жалпы еңбек жүктемесін азайтуды және оқытушылар құрамының еңбек жағдайын жақсартуды көздейді. Мәселен, 2020 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектеп, колледж және балабақша педагогтарының жалақысы жыл сайын 25% – ға артып келеді. „Педагог мәртебесі туралы“ заңмен бірге оқытушылар қосымша әлеуметтік кепілдіктерге ие болды және өздеріне тән емес қызметтерден ресми түрде босатылды.
«Педагог мәртебесі туралы» заңды Мәжіліс депутаттары да қызу талқылап өз тарапынан бірқатар ұсыныс айтып, түзетулер енгізді. Олар: – 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап орта білім беру ұйымдары педагогтері үшін апталық нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөніндегі норма;
– педагогтердің педагогикалық этика нормаларын бұзуы бұрын көзделгендей әкімшілік құқық бұзушылыққа емес, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көрсетілген кәсіби жауапсыздыққа әкеп соғатын теріс қылыққа теңестірілді;
– білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемдеу есебінен лауазымдық үш айлық ақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленуін көздейтін норма енгізілді;
– «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталған педагогке 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем белгіленді;
– мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының және әскери оқу орындарының педагогтеріне магистр дәрежесі үшін 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы енгізіледі;
– ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін басым тәртіппен беруге кепілдік белгіленді;
– педагогтің білім алушылар, тәрбиеленушілер және олардың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан өзіне құрметпен қарауды және тиісті мінез-құлықты талап ету құқығы нақтыланды;
– мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстарға тарту, оларды қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесуге міндеттейтін нормалар және қайталанатын ережелері бар нормалар алынып тасталды;
– өзінің лауазымдық міндетін орындау кезінде педагогке былапыт сөйлеген, мазақ қылған, бейәдеп іс-әрекеттер жасаған және де бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы басқа да осындай әрекеттерге барған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мысалы, педагогтерге этикаға жат қылық көрсеткен жеке тұлғаға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Егер ол адам осы әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған болса, оған 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады. Осы құқық бұзушылықты он екі жастан он алты жасқа дейінгі балалар жасаса, ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Осы әрекет әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, бұл айыппұл 10 АЕК-ке өседі;
– жоғары оқу орындарының педагогтерінен басқа, барлық педагогтерге әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру жөніндегі норма қарастырылды. Бұрын мұндай норма тек ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтерге қатысты еді.
Колледждерге ерекше тоқталғымыз келіп отыр. 2021 жылдан бастап тәлімгерге өндірістен еңбекақы төлеу, материалдардың шығынын өтеу, студенттер мен арнайы киімдерді сақтандыру қарастырылған. Мұндай шара оқытудың дуальды үлгісін дамытуға және түлектердің жұмыс берушілерімен ықпалдасуна әсер етеді. Колледждердегі оқыту траекториялары осылайша еңбек нарығының талаптарына бейімделеді, ал колледждердің өздері, жоғары оқу орындары сияқты, дайындық бағыттары бойынша рейтингке ие болды. Дуальды оқыту 5,5 мыңнан астам кәсіпорынның қатысуымен 535 колледжде енгізілді.
Дегенмен, білім беру жүйесінде әлі де шешілмеген күрделі мәселелер бар: кейбір елді мекендерде 3 ауысымдық мектептер және күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер жұмыс істеп тұр. 2026 жылға дейінгі бала туу қарқынын ескере отырып, оқушы орындарының тапшылығы миллионға жетуі мүмкін, бұл сонымен қатар педагогикалық кадрларды даярлау бойынша қосымша міндеттер туғызады, 2022 жылы 277 мектеп салынды және „Жайлы мектеп“ ұлттық жобасына сәйкес тағы 840 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Бүгінгі таңда мектеп пен колледж түлектері ҰБТ-ны 5 ретке дейін тапсыруға, сондай-ақ оқу жылы барысында 3 рет гранттарға қатысуға үміткер бола алады. Осыған қарамастан, коронавирустық пандемияның салдары әлі де білімге әсер етуде. 2022 жылы наурызда Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) нәтижелері жарияланды, орташа балл жоғарғы балдың (140) 69,08% -ын құрады, оқушылардың шамамен 40%-ы ең төменгі балды жинай алмады.
Білім алушылардың тестілеуден өтуіне екі мүмкіндік ұсынылғанмен, елеулі өзгерістер болған жоқ. ҰБТ нәтижелері білім беруді одан әрі реформалау қажеттілігін көрсетіп берді.
Қорытынды
Соңғы жылдары білім беру саласында жүргізілген ірі реформалардың бірі – оқу процесінде цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға бағытталған бастамалар болды.
Жоғары білім беру жүйесін оңтайландыру жүргізілді – жоғары оқу орындары азайды, бірақ олар академиялық еркіндікке ие болды. Жоғары оқу орындары түлектерінің құзыреттілігі заман ағымына сай болуға тиіс, осыған байланысты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары білім беру бағдарламаларын уақтылы жаңартуға және олардың мазмұнына толық жауапты болады. Студенттік орталықтандырылған тәсіл Болон процесінің негізгі қағидаты ретінде, экономика мен білім беруді ықпалдастырумен қатар, алдағы уақытта елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз етеді.
Қазақстан Үкіметі білім беру саласында озық тәжірибелермен алмасу үшін халықаралық ұйымдармен және шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік орнатты. Бұл қатынастар білім беру реформаларын қолдау және Қазақстандағы білім беру секторының жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті және жоғары сапалы болуын қамтамасыз ету мақсатында құрылды.
Мұғалімдердің еңбек жағдайлары мен жалақысын жақсарту үшін түрлі қадамдар жасалды. Мұғалімдердің жалақысы көтерілді, олар үшін жақсы еңбек жағдайын жасау және мұғалім мамандығының жалпы мәртебесін көтеру қарастырылды. Бұл шаралардың мақсаты – білім беру саласына жоғары білікті оқытушыларды тарту және олардың оқушыларға сапалы білім беруін қамтамасыз ету.
Жалпы цифрландырудың арқасында түлектердің құзыреттілік үлгісі, сондай-ақ білім беру ұйымдарына қойылатын біліктілік және техникалық талаптар түбегейлі қайта құрылды, бұл одан әрі дамудың негізін қалады.
Осыған қарамастан, білім беру саласы әлі де жаңа мектептер салуды, қолда бар инфрақұрылымды жаңартуды, ұлттық және PISA, PIAAC сияқты халықаралық тестілеу нәтижелерін жақсартуды талап етеді.
Сондай-ақ, робототехника, цифрлық қауіпсіздік, бағдарламалау, инженерия және т.б. салалардағы заманауи мамандықтарға көп көңіл бөлінуі керек.
Дегенмен, оқытушылық әлеуеттің жетіспеушілігі, кадрлардың қартаюы, техникалық және компьютерлік сауаттылықтың жеткіліксіздігі әлі де байқалады. Бұл мәселелердің барлығы уақытты және білімге қосымша инвестицияларды қажет етеді.
Тұрақты артықшылықтарға қол жеткізу үшін мына ұсыныстарды атап өткен жөн:
1. Технология мен заманауи жабдыққа инвестиция салу студенттерге цифрлық экономикада табысқа жету үшін қажетті ең жаңа құралдар мен ресурстар ұсынады.
2. Жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу: Еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуді жалғастыру студенттерді болашақтың сын-қатерлеріне дайындауға көмектеседі.
3. Оқытудың әртүрлі кезеңдерінде үздіксіз оқыту қағидаттарын сақтау мамандарды даярлаудың жоғары сапасын қамтамасыз етеді.
4. Білім алушылар мен білім беру қызметкерлеріне қамқорлық жасау да оң нәтиже береді.