Start Білім ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢҒЫРАДЫ

ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТА БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢҒЫРАДЫ

Соңғы жылдары елімізде білім беру саласының дамуына мемлекет тарапынан көптеген қолай­лы жағдайлар жасалуда. Бұл өз кезегінде білімнің салтанат құрып, кеңге қанат жаюына жол ашпақ. Өйткені сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу болашаққа жасалған басты инвестиция. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Оны үйрететін орта мектеп болса, үйретуші мұғалім. Ал бүгінгі күннің мұғалімі ол қоғам тәрбиешісі екенін қаперде ұстаған абзал. Көп ізденісті, ерекше қабілетті талап ететін маман иесі. Ол сауатты ғана болмай, жас ұрпақты тәрбиелеуде, білім нәрімен сусындататын жауапты тұлға болмақ. Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып қызметіне кіріскен сәтте он бағыт бойынша тапсырма берген болатын. Оның ішінде әрине білім саласы, жаңа мектеп салу, үш ауысыммен оқитын мектептердің мәселесін толық шешуге айқындық танытқан. Әсіресе шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдық жерлердегі бес мыңнан астам мектепті қайта жаңғырту керектігін атап көрсеткен еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұрынғы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 4 жыл ішінде 500 мың педагогтің жалақысын 2 есеге арттыру қарастыруды басшылыққа алды. Экс министрдің айтуынша, педагогтерді қайта даярлаудың, біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі енгізіп, алдағы уақытта балабақша, қосымша білім беру, колледж педагогтерінің жалақыларын көбейтуді бастап кетті. Тағы бір маңызды мәселе — қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту. Осы және өзге де білім беру саласындағы мәселелерді нақты шешуге және оны одан әрі дамытуға бағытталған жұмыстарды қазіргі Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев мырза жалғастыруда. Ол білім сапасын арттыруға ғана емес, сонымен қатар балалардың қауіпсіздігіне және білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын азайтуға баса назар аударуда. Одан өзге тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамтуды қамтамасыз ету көзделіп отыр. Ол үшін мемлекеттік тапсырысты 2026 жылға дейін 15,5 мың орынға дейін арттыру жоспарлануда. “6950 маман кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша оқып, 100% жұмысқа орналастырылады. Колледж студенттерінің стипендиясын 50%-ға арттыру бойынша шаралар қабылдануда», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Түркістан облысында да білім саласы үшін үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының білім саласына қатысты мәселелер жан-жақты талданып, соны шешу жолдары да қарастырылып жатыр. Түркістан облысы республика бойынша білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі жағынан бірінші орында тұр. Білім сапасы балабақшадан бастау алады. Осы орайда біздің алдымызда балабақшадағы білім сапасын көтеру міндеті тұр. “Облыста 1400-ден аса мектепке дейінгі ұйымдар қызмет етуде. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау ондағы тәрбие мен оқытудың сапасын арттыруға үлкен көмек болмақ. Яғни, басты құндылық балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуі, педагогтерге қойылатын біліктілік талаптардың сақталуы және тәрбие мен білімнің сапасы артады. Барлық балабақшаларға кезекке қою, жолдама беру, қабылдау «Balabagsha.snation» жүйесімен 2019 жылдан бастап толық автоматтандырылған. Ендігі кезекте балалардың балабақшаға келуін есепке алуды автоматтандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Яғни, бұл дегеніміз нақты бала санын келіп-кетуінің ашық жүйесі орнатылады деген сөз”,-деген болатын Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды. Өткен жылдың еншісінде, сондай-ақ, біршама жаңа мектептердің ғимараттары пайдалануға берілгенін айта кеткен жөн. Облыста 2021-2022 оқу жылында жалпы 35 мектеп қолданысқа берілген. Оның ішінде 22 мемлекеттік, 13 жекеменшік білім беру мекемесі. 2021 жылмен салыстырғанда биылғы жылы жекеменшік мектептер саны артқан. Жекеменшік мектептер есебінен оқушы тапшылық орындары шешілді деуге болады. Қосымша біліммен қамту үлесі да артты. Осы бағытта Қазығұрт ауданында 120 балаға арналған, Келес ауданында 320 балаға, ал Сайрам ауданында 300 оқушыға арналған жаңадан оқушылар үйі ашылды. Ал, Түлкібас ауданы «Жанкент» жалпы орта мектебінің базасында 150 балаға арналған «Өнер» мектебінің филиалы құрылғанын да жылдың айшықты оқиғалары қатарында атап өтуге болады. “Келе жатқан жылда облыста білім саласында айтарлықтай жағымды жаңалықтар болады деп ойлаймын. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 14 шілдедегі кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің (жобалық қуаттылығы 57 300 орын) құрылысын салу жоспарға енді. Жаңа жайлы мектептің іргетасы осы жылдан бастап қаланады. Сонымен қатар, педагогтерді аттестаттау процесін автоматтандыру бойынша «Е-Портфолио», білім саласының аналитикалық есебін қалыптастыратын «Basqarma.Smartnation.kz» білім беру ресурстары енгізілуде. Сондай-ақ, мектеп кітапханаларын цифрландыру үшін «Е-Кітапхана» платформасы іске қосылуда. Осыған орай, Басқармада білім беру ұйымдарындағы жағдай мен білім сапасын қадағалайтын және білім саласын цифрландыруды жүзеге асыратын ситуациялық орталық үлгісінде жұмыстардың орындалуы алдағы жылдың еншісінде.  width= Облыс бойынша 2025 жылға дейін «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 324 мектептің кітапханаларын жаңғырту жоспарлануда. Өздеріңіз көріп отырғандай, заманауи кітапхана оқушының тек кітап алып, кітап оқитын орны ғана емес, баланың толыққанды ақпарат алып, ізденетін, еркін ойлы қатарластарымен бірге тиімді уақыт өткізетін ортасы болып саналады. Алдағы жылдары білім беру ұйымдарындағы кітапханаларда IТ жабдықтары бар Coworking – орталықтары ашылатын болады. Өткен жылға өкпе жоқ, біршама жұмыстар атқарылды, сонымен қатар алдағы жылдарда бізді ауқымды жұмыс жоспарлары мен жобаларымыз жүзеге асады деп сенемін,”-деді. Үстіміздегі жылы Түркістан облысы Сарыағаш ауданында өңірдегі 1 000-шы мектеп ашылған болатын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берген еді. Бұл ретте демографиялық өсімі жоғары болғандықтан, нәтижесінде мектеп саны 1 000-ға жетіп отыр.

“Мемлекет басшысы балаларға жағдай жасауды ерекше тапсырды. Өнерлі, білімді, спортқа бейім балаларды жан-жақты дамыту керектігін айтты. Бұл тапсырманың біздің өңір үшін маңызы өте жоғары. Себебі еліміздегі сәбилердің бестен бірі Түркістан облысында дүниеге келеді. Облысымызда қазір 700 мыңнан астам бала бар. 2 400-ге жуық білім беру ұйымы жұмыс істейді. Облыста 2023-2025 жылдары кезең-кезеңімен 96 мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қолдаулар ұстаздарға шабыт береді және жас ұрпақтың сапалы білім алуына оң ықпал етеді,”– деген болатын облыс әкімі Дархан Сатыбалды. 2025 жылға дейін Түркістанда әлі де жаңа мектептепдің құрылысы кезең-кезең бойынша салынбақшы. Бұл әрине өз кезегінде үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу үшін жасалып жатқан жұмыстар. Бүгінгі таңда оңтүстік өңірде жалпы саны 1406 балабақша бар, оның 267-сі мемлекеттік, 1007-сі жекеменшік, 86-сы мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар құрайды. Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрлыбаевтың айтуынша, әр саладан жинақталған ұсыныстарға сәйкес 87 мамандық бойынша қажеттілік анықталған. Жалпы өңірде 52 колледж бар. Мемлекеттік тапсырысты білім стандарттарына әрі техникалық талаптарға сай оқу орындары ғана ала алады. Биыл өндірісті дамыту мақсатында инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары үшін 8375 грант, ауыл, орман, балық шаруашылықтары және ветеринария саласына – 700, қызмет көрсету кадрларын даярлауға 1575 грант бөлу жоспарланған. Яғни, техникалық мамандықтарға басымдық беріліп отыр. Ал, білім саласы мамандарын даярлауға – 1100, өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 275, кәсіпкерлік басқару және құқық саласына –375, цифрландыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы үшін 1950 грант бөлу межеленген.