Алғашқы ұстазым Паччахан Құдіретовтың
жарқын бейнесіне арналады
Қаласақ та, қаламасақ та осы құтты мекенде өмір сүріп жатқан адамзаттың бәрі табиғат-Ананың перзенті екені рас. Бүкіл жаратылыс табиғат-Ананың мүлкі, нығметі. Мені алғаш рет осы табиғаттың қыр-сырларынан хабардар еткен адам – менің көкем, алғашқы мұғалімім Паччахан Құдіретов еді. Маған аса қадірлі болған бұл тұлға жайлы бұдан алдыңғы жазған шығармаларымда біраз оғаштау, бірақ өте қызықтыдеректер келтіргенімнен оқырмандарым хабардар болса керек деп үміттенемін.
1930-1933 жылдары мен туып-өскен Түркістан қаласындағы Керіз деп аталатын ауыл тұрғындарының бір бөлігі Сырдария бойына көшті. Көшіп келген жеріміз мал жайылатын жер еді. Ол жерде мал қыстайтын үлкен қора болатын, біз сол қораның бір шетіне жайғасып өмір сүре бастадық. Әлі толық құрылып бітпеген ауылымызды Жайылма деп атай бастады. Бір-екі жылдан соң аудан орталығынан өкілдер келіп, ауылға әй жоқ, шәй жоқ, Андреев деген ат қойып кетті. Бұл жаңа ауыл үш-төрт жыл ішінде әжептеуір бой көтеріп, ізге түсе бастағанда Амангелді деп өзгертілді. Ол кезде ауылымызда әлі мектеп жоқ еді.
Күндердің бірінде ауданнан өкіл келді. Үлкендерді жинап, жиналыс өткізді. Жиналыстан соң «Ауылда мектеп ашылады-мыс, балаларды оқытады-мыс, әзірге Паччахан Құдіретов деген адам мұғалімдік етеді-міс, мектеп құрылысы біткен соң, жаңа мұғалім келеді-міс» деген алып қашпа сөздер тарай бастады. Бір күні Паччахан көкем қолында қағаз,қаламымен үйімізге келді де:
- Сен қазір достарыңның бәрін жинап, кеңсенің алдына алып кел, ертеңнен бастап оқуды бастаймыз ,-деп шығып кетті.
Ертеңіне көкем айтқандай балаларды жинап келдім. Олардың арасында 4 жастан бастап 15 жасқа дейінгі балалар бар. Паччахан көкем 6 жастан жоғарыларын таңдап алды да, қалғандарына: «Сендер әлі жассыңдар, кейінірек оқисыңдар, үйлеріңе қайта беріңдер»,-деп рұқсат берді. Содан соң таңдап алған балаларды қораның (қорғанның) күнгей жағына алып барды. Қораның күнгей жақ қабырғасында төртбұрыш терезеге ұқсаған тесік бар еді. Арбамен алып келген жем-жөпті сол тесік арқылы ішке оңай кіргізетін. Екі жігіт іштен пішен алып шығып, жерге төседі. Паччахан көкем оларға рақмет айтты да, бізге отырыңдар дегендей ишара жасады. Жасы үлкен балалар бірінші қатарға отырып алып, жасы кішілердің алдын тосып қойғандықтан, көкем үлкендерді артқа отырғызып, кішкентайларды алдыңғы қатарға отырғызды.
-Бүгіннен бастап мен сендерге көке емес, мұғаліммін,-деді салмақты үнмен. Барлық бала аң-таң. Мен де көкемді бірінші рет көргендей аузым ашылып қалған. -Ертеңнен бастап сабақты бастаймыз. Орындарыңды ұмытпаңдар, осы тәртіппен отырасыңдар. Салқын күндер басталғанда оқуымызды бірер үйде жалғастырамыз. Келесі жылы, құдай қаласа, мектебіміз де бітіп қалар. Екінші сыныптан бастап сол мектепте рақаттанып оқисыңдар,-деп, бір шетте тұрған дорбадан дәптер, қалам алып балаларға үлестіре бастады. Содан соң, ертең сабаққа кешікпей, өз уақытында келуімізді тапсырып, бізге рұқсат берді.
Алғашқы сабақтарымыз осылайша кейде сабан үстінде, кейде ауыл кеңсесінде, кеңсе бос болмаған күндері біреулердің бос үйінде жалғасты. Мал бағып, отын теріп, кетпен шауып жүрген ауыл балаларына әріптерді үйрену, жазу қиын болды. Оның үстіне әліппе кітабы екі-ақ адамда, біріншісі басқарманың ұлында, екіншісі мұғаліміміздің өзінде еді. Мұғаліміміздің мейіріммен, ықыласпен, сабырмен, кезі келгенде біраз қаталдықпен берген сабақтарының арқасында көп уақыт өтпей әріптерді танып, оларды бір-біріне қосып оқуды, сөйлем құрастыруды үйреніп алдық…
Келесі жылы бәріміз асыға күткен мектеп ғимараты бітті. Мектеп дегеніміз екі бөлмеден, бір дәлізден тұратын, аппақ әкпен әктелген шағын үй. Оны ауыл тұрғындары біраз уақытқа дейін мектеп емес, «Ақ үй» деп атап жүрді.
Бірінші сыныпты бітіретін кезде бір қызық оқиға болды. Күн ыстық. Ауыл жаңа болғандықтан, көлеңкесі түсетін ағаштар да жоқ. Далада аптап ыстыққа шыдай алмайсың, мұндай кездерде шаруа малдарын да қораға кіргізетін. Бидай орылып,сабан жиналған соң, далада дәндеп, әбден семіріп алған торғайлар да ыстыққа шыдай алмай, «гүр» етіп ұшып келген бойы қораның күнгей бетіндегі әлгі тесіктен ішке қарай сүңгіп кететін.
Сондай күндердің бірінде үйде отырсам, қолтығына кенеп қап қыстырып алған мұғалім кіріп келді-де:
-Сен үш-төрт досыңды шақырып кел, жұмыс бар,-деді.
Мен солай жасадым. Балалар келген соң, мұғалім бір құпия сыр айтатын сияқты даусын бәсеңдетіп бізге тапсырма бере бастады:
- Былай жасаймыз. Сендер қолдарыңа керсен бе, шелек пе алып, шөпқораға ақырын кіресіңдер. Сыртта мынау ағаларың кенеп қаптың аузын ашып қораның тесігіне ұстап тұрады. Мен бастаңдар деп белгі бергенімде сендер қолдарыңдағы шелек пен керсендерді тақырлатып, улап-шулап торғайларды сыртқа қарай қуа бастайсыңдар. Мұндай кезде торғайлар жарыққа қарай шығуға әрекет жасайды. Одан кейін не болатынын көресіңдер… Түсінікті ме?
Біз үшін ауылда бұдан да қызықты, бұдан да көңілді оқиға жоқ еді. Зырылдап барып керсен мен шелектерді алып, шөпқора есігіне жақындадық. Көрсеткіш саусағымызды тыныш дегендей ернімізге қойып, бір-бірлеп ішке ендік. Шөпқораның іші қап-қараңғы, ол жетпегендей қапырық болатын. Тесіктен болар болмас жарық сәуле түсіп тұр. Сырттан мұғалімнің ишарасы болғаннан кейін тасыр-тұсыр басталды. Қаншалықты шу көтергенімізді елестете беріңіз. Байғұс торғайлар жан дәрмен әлгі жарық түскен тесікке қарай ұмтылды. Сәлден соң тамаша бітті. Не болғанын көру үшін жүгіріп сыртқа шықтық. Қарасақ, торғайлар кенеп қаптың ішіне қамалған, қаптың аузы мықтап байланған. Мұғалім: «Бәрекелді!» – деп бізді мақтап қойды да, әлгі жігіттерге қарады:
-Бәрі ойдағыдай. Келіскеніміздей кешкі сағат алтыларда кездесеміз. Оған дейін барлық нәрсе дайын болсын.
Жігіттер «құп болады» деді де, торғайлар қамалған кенеп қапты атқа өңгеріп алып, жөнеп кетті.
Біз ештеңеге түсінбей аң-таң болып қала бердік…
Бұл оқиғаның сыры кейін мәлім болды. Аудан орталығынан ауылымызға екі адам келген екен. Біреуі аудандық білім бөлімінің басшысы, екіншісі Тәмен аға деген жаңа мұғалім екен. Екінші сыныптан бастап бізді сол мұғалім оқытады екен. Соларға бір таңсық тағам әзірленуі керек болып, торғай аулау операциясы ойлап табылған екен.
Біз, балалар, алғашқы мұғалімімізді қызғанғанымыздан ба, әлде бейтаныс Тәмен ағаның қандай адам екенін білмегеніміз үшін бе қатты әбігерге түсіп қалдық. Әсіресе, мен қатты алаңдап, сары уайымға салындым. Мен мейірімді, өзіне жақын тартып жүретін сырлас, қымбатты адамымнан айырылып қалудан қорқып қалған едім.
Аудандық білім бөлімінің басшысы дастархан басында Тәмен ағаны жаңадан құрылып жатқан мектептің болашақ директоры әрі мұғалімі деп таныстырыпты. Жаңа мұғалімге бұл жердегі жағдай, әсіресе торғайдан жасалған дәмді бұқтырма қатты ұнапты.
-Ауылыңыз маған ұнап қалды. Ауасы таза, тыныш жер екен,-депті кесесін аудандық білім бөлімі басшысының кесесімен соғыстырып отырып Тәмен аға. –Әрине келемін. Шыны керек, бұл жерді жақсы білмегендіктен біраз қыңырлық көрсеткенім рас. Қане, басеке, алып қояйық, жаңа мектеп үшін, жаңа лауазым үшін. Қане, Паччахан аға, сіз де алыңыз, сізбен танысқаныма қуаныштымын. Жаңа оқу жылынан бастап сіз бірінші сыныпты, мен болсам екінші сыныпты оқытамыз…
Ол кездерде мұғалім жоқтың қасы болғандықтан өте құрметті адам болып есептелетін. Ауыл тұрғындары жыл бойы тер төгіп істесе де, қолына ақша тимейтін. Жыл соңында жылдық еңбегін есептеп, оның ақысына бидай берілетін. Мұғалімнің айлығы ол кезде 90-120 сом айналасында. Бұл ақшаға 3 қой сатып алуға болады. Паччахан аға толық емес орта білімді болғандықтан 90 сом айлық алатын. Сол себепті әжептеуір жағдайы жақсарып қалған еді. Тәмен мұғалім орта білімді, еуропаша киінген, сөздері нақты-нақты, өте мәдениетті кісі еді. Ауыл тұрғындарының көзіне ол жоғары білімді, зиялы адам болып көрінген. Ол үлкендермен қоштасып, міндетті түрде келетініне уәде беріп, қасындағы басшы жолдасымен ауданға қарай жол тартты…
…Демалыс кезінде мен бірінші мұғаліміммен аңға шығуды әдет қылып алдым. Ол табиғатты, неше түрлі шөптердің қыр-сырын, не үшін керек екендігін дәл кітаптан оқып жатқандай қызықты етіп айтып беретін.
-Мына шөпті жусан деп атайды, оны тандырға жақса қызуы күшті, жабылған нанды тез әрі жақсы пісіреді. Оның үстіне жусанның шоғына піскен нан өте дәмді, әрі хош иісті болады. Оны өзің де білесің ғой, анаң нан жабады емес пе…Мынау сары түсті ұсақ гүлдері бар шөпті итошаған деп атайды. Оны қайнатып, суына кішкентай сәбилерді шомылдырса, дертіне дауа болады. Жантақты білесің, тікені бар. Жантақ көп жерде омарташылар бал арасын бағады. Жантақтан алынған бал өте дәмді, түсі ақшылдау болып келеді. Жантақ арнайы күтімді қажет етпейді, сусыз жерде де өсе береді, себебі тамыры 20 метрден де төменге қарай өседі. Ол түйенің сүйікті азығы. Мынау болса – зира. Кептіріп, тамаққа салса, дәмді қылады. Әсіресе, қазыға салса, паһ-паһ оның дәмін айтып жеткізе алмаймын. Одан бөлек неше түрлі дертке дауа.
Мұғалім дәрілік шөптер, жан-жануарлар туралы айтып келе жатып, әлсін-әлсін қолындағы қосауыз мылтығының ұңғысымен қалың өскен шөптердің арасын тінтіп, «кіш-кіш» деп қояды. Ол өте тез жүретін. Мен артынан жүгіріп әрең жетіп алатын едім.
-Қоян өте қорқақ, сезгіш жануар. Ойламаған жерден лып етіп шығып, зуылдап қашып кетеді. Мұндай жалаң жерлерде қырғауыл кездеспейді. Ол дарияның бойындағы тоғайларда болады. Кезі келгенде оны да көрсетемін.
Сол кезде кенеттен от-шөптердің арасынан үлкендігі мысықтай келетін бір жануар жүгіріп шықты. Жиырма-отыз метр шамасында ұзақтап барып, артқы аяқтарымен тік тұрып, қолын алдына қойып, намаз оқып жатқан молда сияқты тұра қалып, айналаға қарап қатты дауыспен шиқылдай бастады. Бұл жануар сасықкүзен болатын.
-Серіктеріне ескерту жасап жатыр бұл жарымес,-деп мұғалім оны дәлдеп тұрды да, атпады. – Бекерге оқ құртпай-ақ қояйық. Кеттік , балақай.
Жалғасы бар…
Насыр Фазылов
Қазақ тіліне аударған Рухсара Кудретова