Start Білім ТҮРКІСТАН: КИЕЛІ ҚАЛАНЫҢ «ҚАЗЫНАЛЫ КЕРУЕНІ»

ТҮРКІСТАН: КИЕЛІ ҚАЛАНЫҢ «ҚАЗЫНАЛЫ КЕРУЕНІ»

Жүрекке жылу ұялататын не деген әдемі сөз! Түркістан облыстық мәдениет басқармасы мен Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасы бірлесе отырып ұйымдастырған «Қазыналы керуен – 2024» акциясын ұжымның ағымдағы жыл басында өткізіп отырған маңызды да ауқымды іс-шарасы деп бағалаған жөн. Оқырманмен араға салынған алтын көпір іспетті жаңа форматты бастамаға кітапхана жүйесінде алар орны, салмағы бар үш кітапхана қатысты. Түркі тілдес халықтар кітапханасы, Сауран аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, Кентау қалалық орталықтандырылған  кітапханалар жүйесі бірлесе отырып көпшілік назарына ұсынған қойылым төрт кезеңге бөлінді. Сақ дәуірі, қазақ хандығы, Алаш арыстары, жаңа Қазақстан. Осы кезеңдер аясында кентаулықтар «Сак», саурандықтар «Қас-сақ», түркі тілдес халықтар кітапханасы «Ахмет Байтұрсынов және Зейнолла Ишан» қойылымдарын қойды. «Түркістанның төл перзенттері» туралы көріністер де туған қаламыздың өмірден өткен дарындарын, арамыздағы көзі тірі ардагер қаламгерлерімізді құрметтеудің үлгісін көрсетті. Күн тәртібіне шығарылған тақырып – өте күрделі. Оны шынайы, терең, дәлме-дәл деректермен алып шығудың өзі шеберлік пен ұлан-ғайыр білімді қажет ететіні белгілі. Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасы бірлесе отырып ұйымдастырған «Қазыналы керуен – 2024» акциясының негізгі мақсаты да баға жетпес қазына – кітап әлеміне оқырман тарту, кітапқа құштарлығын ояту, кітапханалар жүйесінің өзара іс-тәжірибе алмасуына қол жеткізу, іс-шараларды түрлендіру. Әдеби-композицияға, тарихи оқиғалар желісіне құрылған қойылымдарды тамашалау барысында қазыналы кітап шырақшылары мен мәдениет қызметкерлерінің бұл мақсатқа қол жеткізгендінің куәсі болдық.

«Қарт Қаратау тарихтың,

Толқындағы кемесі», – деп ақын Нармахан Бегалыұлының жүрекжарды өлеңімен бастап, «Әлем» күйінің күмбірімен сахна төріне шыққан Кентау орталықтандырылған кітапханасы қызметкерлерінің «Кентауды жырлаған ақын-жазушылар» тақырыбындағы қойылымы тартымдылығымен, жинақылығымен, орындау шеберлігімен есте қалды.

Кентау орталықтандырылған кітапханалар жүйесі  ұсынған тарихи қойылым абайтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың «Дулыға» атты екі томдық кітабының бірінші томынан алынып, сонда айтылған: «Ұлы сақ даласында  Кир патша біздің дәуірімізге дейінгі 53 жылы, кей деректерде 529 жылы ат басын тіреген делінген. Сырдарияның ұлы арнасына келіп тоқтаған. Бұл қазіргі Қызылқұмның жиегі, Түркістан мен Отырардың  маңы болуы мүмкін деп жазылған» деректерді келтіре отырып, «түйін сөздерден» түсінік берген кітапханашылардың ізденісіне көпшілік тәнті болды. Сондай-ақ, жазушы Болат Жандарбековтың «Саки» кітабынан келтірілген үзінділер де тың деректерімен оқырманға ой салды.

Саурандықтар ұсынған әдеби композицияда іскер басшы Жанар Жұмабекова басқарып отырған Сауран аудандық  мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты Мәдениет үйінің қызметкері, арқалы ақын Сайлаухан Жолановтың «Ақ пен қара», «Жеті жұт» сияқты  бірнеше өлеңдерінің желісі бойынша тарихи оқиға паш етілді.

Ал, «Ұлы дала тарихы» бойынша ұсынылған «Қазақ хандығы» кезеңінде қойылған қойылымдар Ілияс Есенберлиннің «Алтын орда», Мұхтар Мағауиннің «Алаша хан», Сая Қасымбектің «Томирис», Сайлаухан Жолановтың «Алаш», т.б. әдеби шығармалар желісімен байланыстырылып, көрермен назарына ұсынылды.

Ал, 2009-шы жылы профессор Құлбек Ергөбек Сәрсенұлының ықпалымен ашылған түркі тілдес халықтар кітапханасының қазіргі кітап қоры 50251 дананы құрайды. Кітапхана қорында 24 тілдегі түркі тілдес әдебиет бар. Оған қосымша Бейсембай Кенжебайұлы, Өтебай Тұрманжанов, Көбей Садыханов, Өзбекәлі Жәнібеков, Өмірзақ Айтбайұлы, Әбділдә Тәжібаев, Райымбек Сейтметов, Әжібай Керімұлы, Нұрмахан Оразбек сынды халқының біртуар азаматтарының жеке кітапханасы бар. Кітапхана жұмысының дамуына кеште сөз сөйлеген тарихшы, ғалым Баян Адырбектің де қосып отырған үлесі мол. Аталмыш кітапхана қызметкерлерінің «Алаш арыстары» бөліміндегі қойылымда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов пен Зейнолла ишанның өзара диалогы арқылы ХХ-ғасырдың  20-30 жылдарында қазақ зиялыларының өзге ұлт өкілдеріне үйленудегі кеңес дәуірінің жымысқы саясаты туралы баяндалады. Қойылым авторы – Түркістан қалалық мәдениет үйінің қызметкері Сәуле Шомпиева. Мәтінін кітапхана қызметкері Гүлвера Абдуллаева оқыды. Бұл қойылымға Ербол Тілешовтың, Диқан Қамзабекұлының «Алаш қозғалысы», сондай-ақ Айгүл Ісмақованың «Алаш  әдебиеттануы» шығармаларының желісі өзек болған.

Осы орайда Түркістан, Кентау қалалық және Сауран аудандық мәдениет үйлерінің басшылары Лиза Шәмет, Жанар Жұмабекованың, Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлнар Кокулованың, Сауран аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Құндызай Нәлшееваның, Түркі тілдес халықтар кітапханасының директоры Мария Курышбаеваның бұл іс-шараға асқан жауапкершілікпен келгендігін атап өткен орынды. «Қазыналы керуен – 2024» акциясының қорытындысында сөз сөйлеген зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен ғалымдар мұндай іс-шаралар жұртшылықтың кітапқа қызығушылығын оятуда маңызы зор екенін атап өтті.

– Әдетте, «Соңғы түйенің жүгі ауыр» деп айтушы еді. Ал, мен, алғашқы түйенің жүгі ауыр дегім келіп тұр, – деді облыстық «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова. – Бүгінгі іс-шараны ары қарай мектептерде жалғастырсақ деген ой туып тұр. Проза, поэзия оқылмайды. Тіліміз шұбарланып бара жатыр. Сондықтан да, бұл салада атқаратын жұмыс көп. Кітап барда – кітапханашы, кітапханашы барда – кітап бар. Біз өз брендімізді қалыптастырғымыз келеді, – деді ойлы, ізденіс үстіндегі басшы.

Кеш барысында қоғамымыздың әр саласында еңбек еткен, бүгінгі таңда еңбек етіп жүрген, рухани қазынамызға бейжай қарай алмайтын зиялы қауым өкілдері Өтепберген Қуанышбаев ақсақал, Ұлжан Мұстафаева, Бекжігіт Сердәлі, Сауран Елеуов, Баян Адырбек, Жанар Жұмабекова, Гүлнар Кокуловалар тілек-ұсыныстарын айтты. От ауызды, орақ тілді, сөз қадірін білетін Абай Бабашев ақ батасын берді.

«Жаңа Қазақстан» бөлімінде барлық қатысушылар ынтымақтаса ән салып, биік рухпен аяқталған «Қазыналы керуен – 2024» акциясының сапары болашақта да сәтті болғай!

Роза Нарымбетова,

Түркістан.