Start Білім ТҮРКІСТАН: БІЛІМ «РЕФОРМАЛАРЫ» ХАҚЫНДА БІРЕР СӨЗ

ТҮРКІСТАН: БІЛІМ «РЕФОРМАЛАРЫ» ХАҚЫНДА БІРЕР СӨЗ

Еліміздегі ең көп реформаланған сала – білім. Алайда осынау көп реформаның бірде-бірі салаға оң серпін берген жоқ. Неге? Себебі көп.

Билік – уақытша, білім – мәңгілік

Біріншіден, бұл реформалардан мұғалімдер қауымы тыс қалды. Олардан елімізде жүргізіліп жатқан жоба-бағдар­ламалар туралы ақыл-кеңес сұрау былай тұрсын, мұғалімдердің реформа туралы айтқан қарапайым пікірін ешкім қаперге алған жоқ. Екіншіден, ғылыми тұрғыда зерттеліп, сарапталмаған реформалар­ды жүзеге асыруда технологиялық мүм­­кіндігімізді ешкім есептеп, сараламады. Үшіншіден, реформаны жүзеге асы­ра­тын ең басты тұлға – мұғалімнің де, оқушының да ұлттық менталитеті мен психологиялық ерекшеліктері ес­керілмеді. Төртіншіден, жаңаның көзі саналатын реформалар оқушыға білім беру тұрғысынан келгенде қалыптасқан оқу жүйесінен әлдеқайда төмен еді.

Осыдан бір ғасыр бұрын қабылданған «Алаш» партиясының бағдарламалық тұғырнамасында: «…оқу жолы өз алдына автономия түрінде болуы, үкімет оқу ісіне кіріспеуі керек», деп тайға таңба басқандай жазылған. Өкінішке қарай, мұның түп мағынасын зерттеп, саралаған ешкім жоқ. Шындығында, білім-ғылымды басқару атқарушы биліктен тыс тұруға тиіс. Себебі кез кел­­­ген атқарушы билік – уақытша. Ал ұлт­­т­ың өркениетке жету жолы мен да­му стратегиясын айқындайтын бі­лім-ғылым – мәңгілік. Уақытша билік ар­­қылы білім-ғылымның мәңгілік жолын басқару мүмкін емес. Сондықтан өркениетті елдердегідей білім-ғылымды дамытудың жан-жақты жетілген, тұрақ­ты жүйесін қалыптастыруымыз керек. Өркениет биігіне жеткісі келген кез келген мемлекет білім-ғылымның өркендеуіне жағдай жасай отырып, өскелең жас ұрпақ санасына білім негі­зін қалауға міндетті. Ал білім негізі – мектепте қаланады.

Ал елімізде жасалған білім реформаларында бәрі керісінше болды. Бұл реформалар біздегі қалыптасқан оқу жүйесінің де, сол жүйе бойынша білім алып жатқан мектеп оқушыларының да білімге деген психологиялық көз­қарасының тас-талқанын шығарды. Себебі батыстық оқу жүйесінен талғам­сыз көшіріліп, еліміздің білім саласына күшпен енгізілген бұл реформалардың өзегінде жүйелі білім негізі жоқ еді. Мек­теп оқушыларына өзін қоршаған сыртқы қоғамдық ортаны таныстыра отырып, өзіндік тұлғалық көзқарас қалыптастыру үшін берілетін білімде олардың жас ерекшелігі ескерілуі керек әрі үдеріс жүйелі негізде болуы керек. Реформалардың бірде-бірі осы қарапайым қағиданы ескермеді. Ре­фор­малар арқылы жүйесіз берілген білім салдарынан жеке тұлғалық көз­қарасы қалыптаспаған, білімге деген құш­тарлығы төмен енжар ұрпақ өсіп-өнді.

«Бір мемлекетті басып алу үшін оған соғыс ашып, атом бомбасын тас­тап әуре болудың қажеті жоқ. Ол үшін сол елдің білім жүйесін тас-талқан етсең болды», деген ұстанымдағы шетел­дік диверсиялық күштер бір адамға табынып, жемқорлық жайлаған біз­дің авторитарлық жүйедегі парақор шенеуніктерді парамен сатып алып, «Қараев технологиясы», «Кембридждік оқу әдісі», «Жаңартылған оқу бағдар­ламасы» атты білім реформалары арқылы еліміздің қалыптасқан бі­лім жүйесін тас-талқан етіп, ұлт бола­­ша­ғын жойып, тәуелсізігіміздің тамы­­ры­на балта шауып жатқандай болып көрінеді маған. Рас, «ұлт бола­ша­ғы», «мемлекеттік мүдде» деген ұғым­ның не екенін білмейтін кейбір жем­қор шенеуніктерден бәрін де күтуге бола­ды. Еліміз­дің бо­лашағы жас ұрпақтың психоло­гиялық тұрғыдағы жеке тұлға болып қалыптасуында жетекші күшке ие, ұлт­тық рух пен ұлттық кодымыздың негізі – «Қазақстан тарихы» мен «Қазақ әдебиеті» пәнін жүйелеп, ғылыми негізде оқытпайтын, «Қазақ тілі» пә­ні­нің грамматикасын жүйелі түрде тереңдете меңгертіп, бұл пәннен диктант жаздырмайтын, «дұрыс емес» деп оқушының қатесін түзеуге болмайтын, оқушыға ойын жазбаша түрде сауатты жеткізуге үйретпейтін «реформалар» жоғарыда айтқан ойымыздың анық айғағы емес пе!?

Анығына келсек, өзімізден де бар. Негізінде, біздің қоғам – авторитарлы жүйеге бейім. Оның негізгі себептерін мемлекеттік жүйемізді – жалғыз хан, ауылды – ақсақал, тоқсан түрлі түйінді бір-ақ ауыз сөзбен шешетін жалғыз би басқарған еліміздің сол кезеңдегі сот жүйесі мен барлық мәселені бір ғана партия шешкен кейінгі кеңестік жүйеден іздеу керек сияқты. Авторитарлық жүйе қанымызға сіңіп, етімізден өтіп, сүйегімізге жеткен. Қалай десек те, бү­гінгі қазақ қоғамы жалғыз адам бас­қа­ратын авторитарлы жүйеге бейім. Авторитарлы жүйеге бейімділіктің бір жақсы жері – жоғарыдан басталған кез келген реформаны жүзеге асыру оңай. Төмендегілердің өзі жоғарыдан үнемі реформалы жаңалық күтіп отырады. Сондықтан болу керек, жоғарыдан басталған білім реформалары қоғам тарапынан еш қарсылықсыз қабылданып жатты.

Осыдан 16-17 жыл бұрын бастал­ған «Қараев технологиясы» атты «ре­форманың» алғашқы «тірі нәти­желері» – «жоғалған ұрпақ» атойлап алдымыздан шыға келгенде ғана: «Ойбай, мыналар қайдан пайда болды?», деп маңдайы тасқа тиген бекіре балықтай «ах» ұрдық. Міне, осы кезеңнен бастап елімізде білім реформаларына деген жаппай қоғамдық қарсылық пайда болды. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде білім саласын 14 министр басқарыпты. Орта есеппен алғанда әр министр жайлы «креслода» екі жылға жетер-жетпес уақыт отырыпты. Бір қызығы, министр болғандардың барлығы да еліміздің білім саласына өз реформаларын «сүйреп алып» келді. Оларға «Бұларың қалай?», деген бір адам болмады. Осыдан кейін «Ұлтымыздың білім саласына қара ниетті диверсиялық күштер жоспарлы түрде шабуыл жасап жатқан жоқ па?», деген ойға қалдық. Білім реформаларына да күдікпен қарай бастадық. Қазір бұл саланы Ғани Бейсембаев басқарады. Біздіңше, халықтың қазіргі министрден күтері көп. Бәрін уақыт көрсетеді, әрине.

Жоспар жазудағы жүйесіздік

Соңғы білім реформасы – «Жаңар­тылған оқу бағдарламасы» бойынша оқу жоспары «ұзақмерзімді жоспар» және «қысқамерзімді жоспар» болып екіге бөлінеді. Министрлік бекіткен оқу стандартына сай, ұзақмерзімді оқу жоспарын сағат санына ыңғайлап, мұғалімнің өзі түзгені – құптарлық іс. Ал мұғалімнің қысқамерзімді оқу жоспары педагогика ғылымы тарихында бұрын-соңды болмаған дүние. Айтып отырғаныңыз қысқамерзімді оқу жоспары болса, бұрын да сабақ жоспарын жазып жүрген мұғалімге оның несі қиын дерсіз. Қиындығы сол, бұл – белгілі формада өзіндік формуламен жазылатын оқу жоспары. Әуелі сабақтың мақсаты, одан әрі оқу мақсаты, белсенді оқыту әдістері, саралау әдістері мен критериалды баға­лау түрлері және сабақтың ықпалды қорытындылары, қабілетіне қарай топқа бөлінген оқушылар тақырыптан не үйренді… Қысқасы, қандай қимыл жасап, не істедіңіз бәрін-бәрін хаттап жазып отыруға міндеттісіз. Әрі барлығы да өз кезегімен болуы керек. Тура бір кроссворд шешіп отырғандай боласыз. Осындай жағдайда жазылып, компьютерге басылған қысқамерзімді жоспар 3-4 парақ жазуға айналады. Әр сыныптың деңгейі әртүрлі. Сондықтан бірдей сынып болса да, әр сыныпқа жеке-жеке қысқамерзімді жоспар жазасыз. Ойланып, ақыл тезіне салып көріңізші. 16 сағаты бар мұғалім күніне 3-4 сағат сабақ беріп, әр сабаққа 3-4 па­рақ қысқамерзімді жоспар жазса, ол орта есеппен күніне 10 парақ, аптасына 50 парақ, айы­на 200 парақ, бір оқу жылына 1 600 парақ жазу жазады екен. 1 600 А4 парағын екіге бүктесек 3 200 бет шығады. 3 200 бетті 300 беттен кітап етіп түптесек, бір мұғалім бір жылда орта есеппен 300 бетті 10 том кітап жазады екен. Бұған әр оқушыдан алатын бөлімді жинақтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалауды қо­сыңыз. Мұның бәріне кететін қағаз бен оны компьютерден шығаруға жұм­­салатын шығындарды мұғалім өз қал­тасынан төлейді. Бұрынғы қағаз­бас­тылық деп жүргеніміз – қазіргі қағаз­бастылықтың қасында баланың ойыны болып қалды. Министрліктің «Мұға­лімдерді қағазбастылықтан құт­­қар­дық», деп жүргені – бос сөз. Аны­ғында, бұрынғымен салыстырғанда бірнеше есе өсті. Білім реформаларына назар аударар болсақ бірқатар жағдайларға қанық боларымыз анық.

Айтудың өзі ұят, бірақ қазіргі таңда мұғалімдердің білім жетілдіру курстары ұстаздарға тек қана қысқамерзімді жоспар, ұзақмерзімді жоспар, бөлімді жиынтық бағалау, тоқсандық жиын­тық бағалау жазуды ғана үйретеді. Қыс­қамерзімді жоспарды жазуға 1 сағат­тай уа­қыт кетеді екен. Мұғалім күніне 3-4 сағат тек қана қысқамерзімді жос­пар жазса, сонда ол қай кезде қосымша әдебиеттер оқып, кәсіби тұрғыдан өзін өзі жетілдіреді?

Нұрғали МАХАН,

жоғары санатты шебер-педагог.