Start Білім ТҮРКІСТАН: «БІЛІМ БЕРУДЕГІ  1000 КӨШБАСШЫСЫ» ЖОБАСЫЖҮЗЕГЕ АСУДА

ТҮРКІСТАН: «БІЛІМ БЕРУДЕГІ  1000 КӨШБАСШЫСЫ» ЖОБАСЫЖҮЗЕГЕ АСУДА

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асырып жатқан жоба конкурсына облыстан 26 педагог қатысып, 17-і мектеп директоры лауазымына конкурстан тыс тағайындалды. Бұл туралы сұхбатымызда тарқатып айтатын боламыз.

«Президент тапсырмасымен «Қауіпсіз мектеп» жобасы іске асты.Оған  6 млрд. теңге бөлініп, білім ұялары қоршаулары реттеліп, күзет мәселесі шешілді. 200 мыңға жуық бастауыш сынып оқушысы ыстық тамақпен қамтылды. Өңірде 121 білім ұясы күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның 22-сі күрделі жөндеуден өтсе, 63-і ағымдағы жөндеу арқылы реттелетін болды. Жалпы, бір жылда 108 білім нысаны жөнделеді. Бұл – облыс тарихында болмаған жағдай. Осы мәселенің көбін салаға бөлінген қаржыны үнемдеу арқылы шешіп жатырмыз», деген болатын облыс әкім Д.Сатыбалды «Қазинформ»тілішісіне берген сұхбатында. Расында облыста білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, түрлі жобалар жүзеге асуда. Осы орайда, Оқу жылының қорытындысы, облыстағы білім саласындағы өзгерістер, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру жайлы Жандос МАХАНБЕТОВПЕН сұхбаттасқан едік.

Жандос Маханбетұлы, биылғы оқу жылының қорытындылары бойынша қанша түлек мектеп бітіріп, үлкен өмірге қанат қақты, жалпы  қандай өзгерістер, жаңалықтар болды?

– Өздеріңізге белгілі, өңірімізде 1052 жалпы орта мектеп бар. Ол мектептерде 518 733 оқушы білім алады. Биылғы оқу жылында отыз мыңнан астам түлек мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам баспақ. Нақтырақ айтсақ, 32 306 түлек қолына аттестат алады. Осылардың арасында 1727 оқушы «Алтын белгіге», 2466 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға

27 340 оқушы өтініш білдірген. Ал, биыл облысымызда 45 416 оқушы 9-сыныпты тәмамдайды. Олардың төрт жарым мыңнан астамы «Үздік аттестат» алуға үмітті.

Өңірдің білім беру ұйымдарында білім сапасына байланысты проблемалардың бар екенін жоққа шығармаймыз. Сондықтан өңірдің даму жоспарындағы ұзақ мерзімді жұмыс бағытын нақтылау бойынша жүйелі түрде әдістемелік нұсқаулар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық бағдарламасы аясында бекітілген өңірлік жол картасы шеңберінде 1028 білім беру ұйымының Даму бағдарламасы жасалып, ол облыстық әдістемелік орталықтың сайтына жүктелді.

Ауылдық және қалалық білім беру ұйымдарының арасындағы алшақтықты, мектептердің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін ресурстық орталық ретінде 11 жетекші мектеп бекітілді. Өңірдегі 83 мектепке менторлар бекітіліп, оқу мен оқытудың инновациялық моделін құру бағытында қарқынды жұмыстар қолға алынбақ. Білім сапасын көтеру мақсатында Сайрам, Жетісай аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларында қосымша білім беру орталықтары ашылды.Білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бағытында өңір педагогтары үшін кеңейтілген мәжілістер, ақпараттық сағаттар өткізіліп, тәжірибелік алаңдар жұмыс істеуде. Шеберлік сабақтарына, Lesson study оқыту семинарларына 1780 педагог қатысты.

Мұғалімдердің цифрлық құзыреттіліктері мен кәсіби дамуын, сандық технологияларды пайдалана білуін қамтамасыз ету үшін Coursera, BilimCenter.kz цифрлық платформаларында (педагогикалық және көшбасшылық курстар) 32 451 мұғалімді оқыту жоспарланған. Қазіргі таңда, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ базасында Coursera орталығы үстіміздегі жылдың ақпан айынан  ашылып, жұмыс жасауда.Бүгінде білім беру сапасы мен оқыту қызметінің тиімділігін бағалау және бақылау бойынша облыс мектептерін тиімділігі жоғары, орташа тиімді және тиімділігі төмен санаттарға іріктеу жұмыстары жүргізілуде.

Облыстағы мектеп тапшылығын шешу мәселесі қалай жүзеге асырылып жатыр? «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының  жайына тоқтала кетсеңіз.

– «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде  өңірімізде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орынды 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Биыл 29 мектеп (жалпы жобалық қуаттылығы 22 900 орын) пайдалануға берілсе, келер жылы тағы да 34 мектеп (36 100 орын) пайдалануға берілмек.

Сонымен қатар, облыстағы мектеп тапшылығын шешуге жеке кәсіпкерлер де ниет білдіруде. Өңірімізде алты мыңнан астам оқушыға орын жетіспейді. Жеке кәсіпкерлер 2024-2026 жылдары облыста орын тапшылығын, апат алдындағы (саман, каркас, кірпіш), үш ауысымды мектептердің мәселесін жою және ғимараты ыңғайластырылған мектептердің орнына 23 мектептің құрылысын жүргізуді (жаңа мектептің құрылысы немесе қосымша оқу корпустарын салу) қолға алды.

Заманауи жабдықталған кабинет – оқушының сапалы білім алуына көмек берері сөзсіз.  Мемлекет басшысының білім ұйымдарын заманауи стандарттар бойынша жасақтау жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында былтыр 240 пәндік кабинетке облыстық бюджеттен қаржы қаралып (64 физика, 48  химия,  64 биология, 64 STEАM), мектептердегі мұндай арнайы кабинеттердің саны  1565-ке жетті. Сондай-ақ, биыл 305  пәндік кабинетке облыстық бюджеттен қаржы қаралып (61  физика, 61  химия, 61  биология, 61  STEAM, 61 робототехника), конкурстық шаралар басталды. Бұл бастама келер жылы да жалғасын табады. Нақтырақ айтсақ, 220  пәндік  кабинет (44 физика, 44  химия, 44  биология, 44 STEAM, 44 робототехника) жасақтау жоспарлануда.

Облыстағы орта білім ұйымдарында 64 983 педагог қызмет етеді. Олардың 2 447-сі магистратура, 59 538-і жоғары оқу орнын, 887-сі техникалық және кәсіптік оқу орындарын бітіргендер. Педагогтардың 65,2 пайызының тиісті санаттары бар. Ал, мектепке дейінгі ұйымдарда 13701 педагог жұмыс істейді. Олардың 128-і магистратура, 8080-і жоғары оқу орнын бітіргендер, 3014-і мектепке дейінгі жоғары білімі бар, 2032-і техникалық және кәсіптік орта білім беру ұйымдарын бітіргендер. Балабақшаларда  11 педагог-шебер, 60 педагог-зерттеуші,  121 педагог-сарапшы, 306 педагог-модератор еңбек етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігінің білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы жобасына өңірдің 26 педагогы қатысып, бүгінде олардың 17-сі конкурссыз мектеп директоры лауазымына тағайындалды (9-ы тұрғылықты жерлері алшақта болуына байланысты бас тартты).Осы жылы жобаға 568 үміткердің біліктілік талаптарға сәйкестігі қаралып, іріктеу жұмыстары жүргізілуде. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынып жатқан жаңа мектептерді білікті басшылармен қамтамасыз ету ең бастысы, жаңа үлгідегі көшбасшылардың кадрлық резервін, білім берудегі өзгерістің көшбасшыларын қалыптастыруға ықпал етеді.

Педагогтарды аттестаттаудың жаңа ережелері бойынша  Өрлеу біліктілікті арттыру орталығымен бірлесіп түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді. Облыс бойынша бес тестілеу пункті (Түркістан, Созақ, Сайрам, Сарыағаш, Жетісай) жұмыс істейді. Қазіргі таңда педагогтардың  83%-ы тестілеуге тіркелді. Ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында биыл 100-ге жуық түркістандық мұғалім Жапония, Оңтүстік Корея елдеріне оқу-тәжірибелік семинарға қатысып қайтты. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті мен облыс әкімдігі арасында меморандум қабылданды. Меморандум аясында 5 мыңдай педагог университеттің академиялық сағаттарына қатысады. Одан бөлек 60-тан астам мектеп директоры мен 200-дей директор орынбасары менеджмент бойынша шеберлігін шыңдау қолға алынды. Өңірде білікті мектеп директорларының ортасын құруға бағытталған «Көшбасшы» өңірлік мектеп директорлар ассоциациясы мен «Жас көшбасшы» жаңадан тағайындалған директорлар мектебі құрылды.

– Енді балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстарына тоқталып өтсеңіз…

– Биыл Түркістан облысында 45 мыңнан астам бала әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалады. Жалпы жаз мезгілінде облыс бойынша 22 сауықтыру лагері (оның 7-еуі мемлекеттік, 15-і жекеменшік) қызмет көрсетеді. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 444 педагог қызметкер жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, облыстық колледждің 80 студенті практикаға тартылады. Жоғарыда аталған балалардан бөлек 20 мыңнан аса бала ата-аналар есебінен ақылы демалады. «Қазақстан халқына» қоры есебінен өңірдегі 2 лагерьде 3421 бала (Түлкібаста 2000 бала, Төлеби ауданында 1421 бала) демалады. Сонымен бірге, Оқу-ағарту министрлігінің берген нұсқаулықтарының негізінде мектеп жанынан 5 күндік шатырлы және киіз үйлердегі лагерь жұмысы ұйымдастырылады. Оған 10 000 оқушы қамтылатын болады, қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл лагерьлердің жұмысын қызықты өткізу үшін «Үздік жаздық бағдарлама» байқауын өткізу жоспарланған.

Таулы аймақтарда маусым айында күннің суықтығына байланысты шатырлы және этнолагерьлер жұмыстары шілде айында басталып, тамыз айының 23-іне аяқталады деп жоспарланған.Бұған қоса, 350 мектепте бір мезгіл тамақ беретін мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейді. Қала сыртындағы лагерьлерде әлеуметтік жағдайына байланысты 35 482 бала бюджет есебінен демалады. Ал, өзгелер үшін маусымдық лагерьлерде жолдама құны 59 594 мың теңгені құрайды, әр ауысымның ұзақтығы 10 күн.

Облысымызда жазғы маусымда барлық мектептерде спорттық командалар жасақталып, әртүрлі ойындар мен жарыстар, спартакиадалар, үйірме жұмыстары ұйымдастырылады. Жасөспірімдердің Отанына, туған еліне деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық тәрбие беру мақсатында Түркістан қаласы мен Отырар, Сайрам, Бәйдібек аудандарындағы тарихи орындарға туристік шерулер мен саяхаттар ұйымдастырылмақ. Оған 41 000 оқушы барады деп жоспарлануда.

Жоғарыда аталған іс-шаралар барысына мониторинг жасап, жұмыстарды бақылауға алу мақсатында барлық құқық қорғау мен құзырлы сала өкілдерінен облыста жұмыс штабы құрылды.Биылғы жазда Отырар, Арыс, Шардара, Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Созақ аудандарындағы жазғы ауа температурасы өте жоғары болады деп күтілуде. Ауа райының , күннің қатты ысуына байланысты , облыстық білім басқармасы бұл аудандардағы оқушылар үшін таулы аудандардан лагерь ұйымдастырған болатын. Олар сонда барып демалады.

– Әңгімеңізге рахмет!