Түркістан облысы Арыс қаласындағы орын алған төтенше жағдайға байланысты
Жетісай ауданның тұрғындары көмек көрсету жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі
таңда аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың тікелей басшылығымен арнайы штаб
мүшелері мен дәрігерлер тобы Монтайтас ауылындағы Бейсен Онтаев атындағы
мектепте орналасқан арыстықтарға қол ұшын беруде. Яғни, бүгін таңғы сағат
7:00-де мектептегі 100-ге жуық азаматқа ыстық тамақ ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтқанда, мектепке жайғасқан барлық азамат үш мезгіл
ыстық тамақпен қамталатын болады.
Сондай-ақ, штаб мүшелері облыс аумағындағы
пункттермен байланысып, сондағы азаматтарды тіркеу, жоғалған балаларды
іздестіру жұмыстарына да атсалысуда.
Кеше кешкісін Монтайтас ауылына Жетісайдан 1
„Камаз“ жүк көлігімен азық-түлік пен 200 адамға жететін көрпе-төсек
жеткізілген болатын. Сондай-ақ, 1 медициналық топ, 4 психолог, 34 маман мен 4
арнайы техника қауіп аймағына жеткізілді.
Аудан әкімінің бастамасымен Арыс қаласының
тұрғындарына көмек көрсету мақсатында жетісай ауданында қайырымдылық шаралары
әлі де жалғасып жатыр. Бұл ретте аудан кәсіпкерлері мен қатар ауданның барлық
жұртшылығының да белсене атсалысып жатқанын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, бүгін таңертең кешегі оқиғадан қорқып,
ауданымызға қашып келген 5 балаға да қажетті көмек көрсетіліп, олар таңертең
Шымкент қаласындағы „Ақмешітке“ жөнелтілді.