Start Әлеумет ТҮРКІСТАН: СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

ТҮРКІСТАН: СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

 «Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені, оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу,-дейді Мемлекет басшысы. Осы орайда су ресурстарының бүгінгі жай күйі мен болашақ бастамалар туралы Оразгелді Өтегенұлымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Менің ойымша, елімізге жиырма бөген салу өте аз. Оның ішінде біздің оңтүстік өңірді алайық.  Бізде екі ақ су қоймасын салмақшы. Бізде су қоймасын салуға сұранып тұрған жерлер өте көп. Өзіміздің Түркістан облысын айтайық. Арыстың, Бөгеннің суы қыс бойы дарияға құйылып жатыр. Саурандағы Қарашық өзені қыс бойы дарияға кетіп жатыр. Қысқы жауын, қар суларын көктемде жинауымыз керек. Су жинайтын тоғандарды көбейту керек. Қазір міне қала іргесінде 8 млн текше метрден астам су жиналатын Қосқарған-Көлсай қоймасы бір жылдың ішінде салынды. Ол Түркістан қаласын суландыру үшін ғана салынды. Қазір ауылдарды суландыруға болатын су қоймаларын салуға сұранып тұрған үш төрт жер бар. Мәселен, Сауран ауданындағы Иқан су. Оның жобасы дайын. Шағада да су қоймасының жобасы бар. Оны да бастауға болады. Қошқорған және Майдантал су қоймаларын үлкейтуге, аумағын кеңейтуге толық мүмкіндік бар. Соны жүзеге асырсақ, едәуір еңсеміз көтеріліп қалады.

Түркістан өңірінің астында үлкен су асты теңізі бар. Мен 1980 жылдары Майдантал совхозында партком болып қызмет істедім. Сонда жүзден астам құдық қазылды. Солардың бәрі қазір тоқтап тұр. Себебі, құдықты пайдалануда электр қуаты тым қымбатқа түседі. Тарифтері де қымбат. Соған жеңілдік жасалып, жер асты суларын пайдаланатын болсақ, диқандарымыздың мәселесі шешіледі. Бірақ, бұрын 30-40 метрден су шығатын. Қазір енді жер асты сулары да төмендеп бара жатыр.

Бұрын да қазір де ағын сулардың 40 пайызы жер астына сіңеді. Сауран ауданында Иқан шекарасынан бермен қарай Қарашық ауылдық округі шекарасына дейін тастақ. Шорнаққа дейін де тастақ деуге болады. Содан мінеки судың елу пайызына дейін жерге сіңіп кете беретін.

Қазір Арыс-Түркістан каналының 60 шақырым жерін бетондады. Сөйтіп, ол сулар жер астына сіңбейтін болды.  Соның салдарынан 10-15 метрден шығатын құдық суы тереңдеді. 20-30 метр қазып алуға болады. Келіп тұрған суды ысырап етіп, жер астына жіберудің не қажеті бар? Егін жердің астында өспейді. Жердің бетінде өседі. Сондықтан, өзен көлдерден, тоғандардан келетін тасарықтарды бетондау керек. Кеңес Одағы кезінде үлкен зауыттар тасарықтар үшін бетон лотоктар құятын. Ол арықтарға төселетін. Қазір қалайда суды жер астына жібермеудің әрекетін жасау керек. Президент айтып өтті.

«Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет».

-Қазір Оранғай, Шаға, Майданталда жаңбырлатып, тамшылатып суару технологиялары өндіріске енгізіліп жатыр. Жаппай енгізуге бұл тым қымбат технология ма? Ондай болса, мемлекеттік тұрғыда субсидиямен, лизингпен алуға болмас па еді?

-Бұл жаңбырлатып, тамшылатып суару барынша суды үнемдеуге мүмкіндік әпереді. Бірақ электр қуатын көп қажет етеді. Бәрібір соған көшуіміз керек. Мәселен, Президентіміз: «Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет»,-деп отыр.

Шұғыл міндет болуы үшін мұны біз тез арада жасауымыз керек.  «Жыл сайын 150 мың гектарға жаңа технология енгізуіміз керек» деп тапсырма беріп отыр.

Бұл жаңа технологияларды солтүстік облыстарға да қолдану қиын. Ал, суармалы жерлердің дені оңтүстік облыстар. Оңтүстік облыстардағы шаруашылықтар мұндай технологияға күші жетпейтін майда. Ол үлкен қаражатты қажет ететін технология. Оны мемлекет қолдап, субсидия беріп жатыр. Бірақ, меніңше ол қолдау аз. Себебі, бұрын 25 пайыз болатын. Қазір кооперативтерге ғана жеңілдік 50 пайыз етілді. Ал, жеке шаруалар алса 25 пайыз жеңілдік жасалады. Мұны жеке шаруалар алуы керек деп ойлаймын. Мұның бірнеше түрлері бар. Үлкен гектарларға пайдалану. Мәселен елу гектардан жоғары жерді пайдаланатын болса, оған жаңбырлатып суару техникасы, одан төмендерге трактор керек. Меніңше, елу пайыз субсидияның өзі де аз. Ең кемі 70-80 пайыздық субсидия беруі керек деп есептеймін. Бұрындары шалғайдағы жайылымдарға құдық қазатындарға осындай мөлшерде субсидияны осыдан үш жыл бұрын беретін. Екі жылда шалғайдағы жайылымдарға құдықтар қазылды. Солай 80 пайыздық субсидия берілуі керек деп есептеймін. Бірақ, оны екінші жағы бар. Бізде осындай көлемде субсидия берсе,  шашпашылыққа салынамыз. Оның артында қадағалау болмаса, әрине солай болады. Сол кезде электронды жүйемен беріліп, қадағалау болмады. Оны әрбір ауданның ауыл шаруашылық мамандары басына барып, орындалуын көзбен көруі тиіс еді. Олай болмады. Қазір өзіңіз ойлап қараңыз, облыста 75 мың шаруашылық бар. Оны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы жеті адам қайтіп бақылайды? Оны әр аудан ауыл шаруашылығы саласына қадағалау функциясын беріп қойса, олар түрлі шара қолданар еді.

 «Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн»,-дейді Президент.

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын қаржыландыру жүйесі өте икемсіз. Баяу жүргізіледі. Қазір мысалы «Казагроқаржы», « Несие серіктестігі» корпорациясы арқылы қаржыландырылады. Ал бұлар қаржыны қайда алады деген заңды сұрақ туындайды. Бұлар қаржыны мемлекеттен 1-2 пайызбен алады екен де, 16 пайызбен шаруаларға береді. Осы екі қаржылық ұйымның құрамында мыңдаған адамдар бар. Олар миллиондап айлық алады. Жылдың аяғында ғана емес, тоқсан сайын бонусы тағы бар. Сонда шаруалар ала жаздай кетпен арқалап, үй көрмей жүргенде, сол ат төбеліндей байшігештерді байыту үшін жұмыс істеп жүрміз бе? Дамыған мемлекеттерді айтпай ақ қойық. Өзімізбен іргелес Ресейде, Белорусьта, Өзбекстанда, Қырғызстанда агробанк бар да, бізде неге жоқ? 21 банктің артында олигархтар отыр. 21 банктің артында олигархтар отыр. Бізде Қазақстанды осы агробанкті ашуға жібермей отырған алпауыттар осылар деп ойлаймын. Мен шетелден келетін үш банкке келіспеймін. Егер олар 16-30 пайыз көлеміндегі несиемен кіретін болса, одан бізге пайда жоқ. Ол қаражаты қалтасына басып, шетелге кетеді деген сөз. Ал, егер де халыққа 5-6 пайызбен несие беретін болса, әкелгені жөн деп ойлаймын. Банк саласының сарапшыларының пікірінше, елімізге «Агробанк» ауадай қажет. «Агробанк» ашып мемлекеттен екі пайызбен несие алып, шаруаларға үш пайызбен берсе тамаша емес пе?

Бұл қадам халыққа үлкен жеңілдік әкелген болар еді. Шетелдің банк шекемізді шылқыта қоймас. Сондықтан, «Агробанк» құрмай-шаруалардың көсегесі көгермейді!

-Оразгелді Өтегенұлы, салиқалы сұқбатыңызға үлкен рахмет!