Start Әлеумет ТҮРКІСТАН: СУ ҮНЕМДЕУ – ЗАМАНАУИ ҮРДІС

ТҮРКІСТАН: СУ ҮНЕМДЕУ – ЗАМАНАУИ ҮРДІС

Ауыл шаруашылығы саласы үшін өте маңызды ресурстың бірі – ағын су. Себебі, су болмаса, бір шаршы метр жерге де егін егіп, өнім ала алмайсыз. Сондықтан да қай мемлекетті алып қарасаңыз да ең алдымен осы пір мәселенің оңтайлы шешілуіне аса мән береді. Өз кезегінде, біздің елдің Үкіметі де бұл тұрғыдан қол қусырып отырған жоқ.  Тиісінше, бұл саладағы жұмыстар ауыл шаруашылығына бейім Түркістан өңірі үшін де ерекше маңызды болып саналады. Осы орайда, өңір тұрғындарының назарына түсіндіру жұмыстары бойынша ақпаратты ұсынамыз.

Негізі, бұл саладағы жұмыстардың қарқын алуына 2020 жылдың басында Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін көтергені түрткі болғандай.

«Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне жеке тоқталып өткім келеді. Бұл күрделі болғанымен шешімдері мемлекет экономикасы мен ұлт денсаулығына айқындаушы ретінде ықпал ететін күрделі әрі стратегиялық маңызды мәселе. Мәселемен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі айналысады. Су ресурстары проблемасымен айналысатын өзге қандай да бір ведомство құрылмайды. Осыған сүйеніңіздер!. Сіздердің бағдарламаларыңыз бар ма?», – деп сұраған Мемлекет басшысы сол кездегі еліміздің бас экологы Мағзұм Мырзағалиевтен.

Өз кезегінде сол уақыттағы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: «Су саласынан көріп отырған негзігі тәуекел – бұл ағын судың төмендеуі. Біздің есептеуімізше, ағын су жылына шамамен 100 текше шақырымды құрайды және 2040 жылға қарай ағын судың 30-40 пайызға азаю қаупі бар. Осыған қарай біз су үнемдейтін технологиялар енгізу, Қазақстанның бүкіл аумағында 28 су қоймасын салу сынды бірқатар шараны қабылдауымзы керек. Цифрландыруды да белсенді енгізгеніміз жөн. Тиісті тұжырымдаманы әзірледік. Оны Премьер-Министрге баяндадық. Таяу уақытта оны Үкімет отырысының қарауына шығарып, одан кейін Сіз мақұлдасаңыз мемлекеттік бағдарлама әзірлеуге кірісеміз», – деп, Президентке он негізгі басымдықтан тұратын даму бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленгендігін баяндаған.

Кейіннен сол экс-министр бағдарлама жайында түсінік жасап, Қазақстанда гидротехникалық құрылымдардың техникалық жай-күйіне бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету үшін екі орталық құрылатынын мәлімдеген болатын. Ол өз сөзінде су саласының өзекті мәселелері ретінде мынандай жайттарды айтқан: ескірген инфрақұрылым және соның салдарынан болатын судың ысырапсыз пайдалануы; сапалы судың тапшылығы; тариф есептеуде қолданатын тетіктің әлсіздігі; білікті кадрлардың жетіспеушілігі; көршілес мемлекеттермен су бөлу мәселелері. Ал, бұл проблемаларды шешу үшін «Қазақстанның су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасын» әзірлеу қажет болатын. Оның айтуынша, бағдарлама жобасының мақсаты – халықтың тұрмыс-тіршілігі мен елдің экономикасына жеткілікті су көлемімен қамтамасыз ету, су саласындағы экологиялық тепе-теңдікті сақтау еді.

«Біз бағдарламаның негізгі 10 бағытын анықтадық.

Бірінші – халықаралық ынтымақтастық. Көршілес елдерден келетін негізгі су көздері Жайық, Ертіс, Іле, Сырдария, Шу және Талас өзендері болып табылғандықтан, келесідей шараларды іске асыру қажет деп есептейміз: шекаралас елдермен су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін жетілдіру; келіссөздер ұстанымын күшейту мақсатында кәсіби келіссөздер топтарын қалыптастыру.

Екінші – құқықтық базаны жаңғырту. Осы бағыт аясында су қауіпсіздік стратегиясы мен заң жобаларын әзірлеу, су ресурстар комитетіне салалық тарифтік реттеуші функциясын беру, және Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттарымен су ресурстар бағдарламасын үйлестіру ұсынылады.

Үшінші – институционалдық реформалау. Инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру мақсатында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны АҚ ретінде жасақталады. Гидротехникалық құрылымдардың техникалық жай-күйіне бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету үшін екі орталық құру көзделген.

Төртінші – су шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіру және қайта жаңғырту. Бұл ретте қолданыстағы республикалық меншіктегі 182, ал коммуналдық меншіктегі 300 гидротехникалық құрылымдардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін оларды қайта жаңғырту кажет. Жаңа 26 гидротехникалық құрылымдарды салу елдің экономикасы үшін қосымша жерүсті су қорларын жинақтауға мүмкіндік береді.

Бесінші – су нарығын құру бойынша озық халықаралық тәжірибені зерттеу. Көптеген мемлекеттер сумен жабдықтау, су шаруашылығы инфрақұрылымын салуды қаржыландыру сияқты бірқатар мәселелерді су нарығының тетіктерін енгізу арқылы шешіп отыр. Мысалы, Австралия, Франция сынды мемлекеттерде бұл тәжірибе оң нәтиже көрсетті. Осы тәжірибені қолдану бізге де мүмкін болып отыр.

Алтыншы – цифрландыру, «Smart Water» жобасы, суды үнемдеу. Су шаруашылығын цифрландыру, «Smart Water» жобасы мен автоматтандырылған геоақпараттық жүйені енгізу арқылы біз суды үнемдеу саясатын жүргізіп, пайдалану шығындарын төмендетіп және тұтынылатын судың сапасы мен мөлшерін нақты есептей аламыз«, – деді ол.

Жетінші бағыт – су ресурстарын экологиялық тұрғыдан оңтайлы пайдалану. Бұл үшін заманауи технологиялар негізінде суды үнемдеудің жан-жақты саясатын енгізу, су мәселесіне азаматтық қоғам мен бизнестің қатысуы мен хабардар болуы, тасқын суды басқару жүйесін құру секілді қадамдар жасалуы қажет. Сегізінші бағыт – су саласының мамандарын даярлау және ғылыми тәжірибиені сүйемелдеу. Осы бағыт бойынша еліміздің жоғары оқу орындарындағы білім беру стандарттарын қайта қарауды, су секторының мамандарын даярлайтын профильді жоғары оқу орнын құру, әлемнің озық оқу орындарына халықаралық гранттар бөлу, ғылым жағынан қамтамасыз ету ұсынылады.

Тоғызыншы – мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту. Су саласындағы инфрақұрылымның инвестициалық тартымдылығын арттыру, су шаруашылығы нысандарын салу, қайта жаңғырту және жетілдіру жұмысына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін жан-жақты енгізу керек.

Оныншы – еліміздегі су тапшылығы бар аумақтарға басқа өңірлерден суды тарту үшін ұлттық маңызды су жобаларын іске асыру мүмкіндігін зерттеу қажет», – деген бағдарлама туралы айтқан экс-министр.

Содан соң, Сенат депутаттарының сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі «Қазақстанның су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасын әзірлеу басталғанын мәлім етті.

«Жалпы Парламенттік тыңдаудың ұсынымдарымен Үкімет еліміздің су қауіпсіздігін сақтау бойынша қойылған міндеттерге байланысты жүйелі жұмыс жүргізуде. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау үшін Қазақстанның су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Мембағдарлама) жобасын әзірлеу басталды. Елдің су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану проблемаларын шешудің негізгі жолдарынан басқа мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс аясында «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» заңды әзірлеу қажеттігі қаралатын болады. Оны реттеу мәні гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету процесіне барлық қатысушылардың функцияларын және олардың жауапкершілік шараларын нақты ажырату болуы мүмкін», – деді Үкімет басшысы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатынын айтып, бұл жоспар жүзеге асырылды.

Бұл туралы ел Президенті: «Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған», – деді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс екендігіне айрықша назар аудартты.

«Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ендігі кезекте, бүкіл ел бұл министрліктен мардымды істер күтіп отыр. Өз кезегінде, Жаңа ведомство сәтті қадамдар жасап, бүкіл халықтың көңілінен шығады деп үміттенеміз.