ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде „Таза сессия“ акциясының жүргізілу барысы бойынша келелі кездесу өтті.
„Таза сессия“ науқанының негізгі мақсаты – емтиханның объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету және жоғары білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, сондай-ақ студенттер мен оқытушылар арасында адалдық құндылығын кеңінен насихаттау.
Аталмыш акцияның аясында өткен кездесуге ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, Халықаралық университеттің вице-президенті Әміреқұл Абуов және Академиялық мәселелер бойынша департамент директоры Талғат Ниязов, сондай-ақ „Түркістан – Адалдық алаңы“ жобалық кеңсесінің менеджері Ерұлан Тұңғышбаев қатысып, аталған жоғары оқу орнының қоғам індетімен қарқынды күрес жүргізу бойынша атқарып жатқан жұмыс барысын ортаға салды.
Науқан барысында Талғат Жақсыбайұлы университет бойынша барлық емтихандарға бейнебақылау жүргізілгендігін және сессияның өту барысына прокторинг жасайтын арнайы жұмыс тобы құрылғандығын, сондай-ақ студенттер мен профессор-оқытушылар үшін арнайы Call-орталық жұмыс істеп тұрғандығын жеткізді.
Сондай-ақ, онлайн емтихандар moodle (dot.ayu.edu.kz) платформасында және Zoom, Webex Meetings, Microsoft Teams қосымшалары арқылы өтіп жатқанын баяндап, Парасаттылық орталығы мен арнайы бекітілген мамандар онлайн емтиханның өту барысын жіті қадағалап отырғанын атап өтті.
Айта кетсек, «Таза сессия» акциясы онлайн емтиханның әділ өтуін қамтамасыз етіп, тек адал білімді сарапқа салады.
Жоғары статусты білім беру ордасымен танысқан Мирас Асқарбайұлы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша қойылған сенім жәшігіндегі студент пікірлерін назарға алып, білім беру ошағы – ел ертеңінің берік іргетасын қалыптастыруда айрықша маңызға ие екенін, сол үшін жастар адал біліммен азықтануы тиіс екенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, Департамент басшысының бірінші орынбасары арнайы „ситуациялық орталыққа“ бас сұғып, онлайн емтиханның өту барысына бақылау жұмыстарын жүргізді.
Жиынды қорытындылаған Әміреқұл Ергешұлы Агенттіктің бастамасымен Халықаралық университетте қолға алынған бірқатар жобалардың нәтижесіне кеңірек тоқталып, сыбайлас жемқорлықсыз мәдениетті қалыптастыруда студент жастардың белсенділігі жоғары екенін жеткізді.