Қазір көпшілік кітап оқу мәдениетінің тоқырап қалғаны жайлы айтып жатады. Осы тұста «кітап оқу мәдениетін қалай жандандырамыз?» деген сауал туатыны анық. Оны бұқаралық мәдениетке айналдыруға не кедергі? Осы мәселе жөнінде кітаптары қалың оқырманға танымал болған дарынды жас қаламгерлердің пікірін білген болатынбыз.
Әлішер РАХАТ, жазушы: – Кітап оқуды трендке айналдыру арқылы жандандыруға болады деп ойлаймын. Меніңше, дәл қазіргі уақыт мәдениеттің өркендейтін кезі. Өйткені әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр және ол жалғаса беретін түрі бар. Тарихты еске түсірер болсақ, осындай заманда адамдардың өнерге деген құштарлығы күшейеді және мәдениет қарыштап дамиды. Ал енді сұраққа келер болсақ, қазір көп кісі «қалай байысам, қалай отбасыммен бақытты болсам, өз орнымды қайдан тапсам» деген мәселеге ден қоя бастады. Блогер-психолог, коуч-консультант көбейді, демек сұраныс бар. Трендте солар. Күндердің күнінде әр нәрседен үміт еткен адамдар өнерден, әсіресе әдебиеттен өз сұрақтарына жауап табады деп сенемін. Бәлкім, сол кезде трендке айналар. Оны бұқаралық мәдениетке айналдыруға шын мәнісінде еш кедергі жоқ. Тек шығармалар аз. Сапалы шығармалар аз. Бұқаралық әдебиетке лайық шығармалар жетіспейді. Әдебиетте жүрген көптеген автор үлкен өнер тұрғысынан жазуға, академиялық деңгейде мойындалуға тырысады. Шын мәнісінде, сапалы, кәсіби, жұмыр бұқаралық әдеби шығарма өмірге келсе, 10-20 мың тиражбен таралуға мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Ал бұл өз кезегінде барша әдебиетші қауымның жеңісі болар еді. Осы тұста «Квнщиктерді» жарнамалағандай, авторларды да мемлекет дәріптеп жіберсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Жадыра ШАМҰРАТОВА, жазушы: – Балабақшадан бастап кітапқа құрметпен қарауды үйренген бала бастауышта кітапқұмарға айналады, кітап оқу мәдениеті осылай келеді. Кітапты бұқаралық мәдениетке айналдыру үшін қазақ кітаптарының аудионұсқасын қолжетімді ете отырып, оның қағаз нұсқасы да жетіп, жаңа кітаптар туралы хабар тез таралып, талқыланып жатуы қалыпты жағдай саналатын қоғамға айналуымыз керек. Оған қашан жетеміз, алдымен жастар TikTok-тан, ересектер арзан шоулар көруден жалығуы тиіс, жанына басқа бір биік рухани дүниені керексінуі қажет. Кітап оқуды бұқаралық мәдениетке айналдыру үшін қажетті жүйелі жұмыс керек, шынымен ниеттенсе, Үкіметтің өзі мұны келістіріп шеше алады. Ол үшін ол жақта руханиятқа жанымен жақын, біздің қазақ классиктерін түгел оқыған, жаңа әдебиетті дамытуға ниетті, өзінің ішінде «шіркін, біздің ұлт тәрбиелі, парасатты ұлтқа айналса екен» деген арманы бар адамдар отырса болды. Осы халық салық төлеп отыр, оның бір бөлігін кітап шығару, тарату, бұқаралық мәдениетке айналдыру ісіне жұмсасақ. Шығармалар насихатталып, жастар арасында оқырмандар байқауы өткізілсе, ол жұмыстардың нәтиже береріне өз басым сенемін. Абай кітап үйіне, А.Иманов көшесіндегі кітап дүкеніне жиі барамын, сол жағалаудағы «Вива плаза» тұрғын үй кешенінде де кітап дүкені ашылды, ал соларға бас сұғатындар көп емес, онда өзі аз қазақша кітаптар сувенир сияқты тұрады. Соларды облыстардағы аудандар-ауылдарға жеткізсе, өтер ме еді деп ойлаймын. Ал «Меломанда» кітап таңдап жүргендер көп, негізінен орыстілді жастар. Кезекте тұрғанда әуестікпен жастар не оқиды деп қараймыз ғой, психология, бизнеске қатысты кітаптар, нон-фикшн, фэнтези, детектив… Бәрі орысша. Қазақша сөйлемейтін, ауызекі сөйлесе де көркем шығарманың тілін түсініп жарытпағандықтан, соңына дейін оқуға шыдамы жетпейтіндер, әлбетте орысша оқиды. Оның үстіне, жастар баяғыда біз оқыған шығармаларды неге оқымайды деуге уақыт басқа, олар ақыл айтатын, мораль көрініп тұратын шығармаларды оқи бермейді, олардың дүниетанымымен қабысатын жаңа дүние керек, осыдан келіп жазушыға да, шығармаға да талап өзгергенін көреміз. Жазушылар да осыны түсінуі керек, егер шығарма жалықтырса, демек не уақыты өткен, не жаңашылдығы аз болуы мүмкін.
Бақытбек ҚАДЫР, жазушы: – Көркем әдебиет оқыған адамның барлығы жазушы, ғалым болып кетпеуі мүмкін. Алайда еліміздегі күрделі мәселе – тіл мәселесінің бір шешімі осында жатыр. Әдебиет адамның тіл байлығын дамытады, арман-қиялы мен алға ұмтылысына ойтүрткі болады. Неге Германия, Жапония өнертапқыш, мықты технологиялар жасайды? Өйткені олардың шын мәнінде көркем әдебиеті жақсы дамыған. Еуропада бір мықты жазушының кітабын оқыса «өзінің қиялын дамыту үшін, рухани азық алу үшін оқимын» деген түсінік бар екен. Бізде болса «білім алып жатырмын» деп ойлайды. Көркем әдебиет адамды алға жылжытуға, ұмтылысына себепші болуы мүмкін. Жалпы, кітапты өзің шығарып көрмей, жалпы осы процестерді бастан кешірмей бұл мәселе туралы қорытынды жасау қиын. Сондықтан біз «Дауыс» антологиямызды нарыққа бейімде шығардық. Ешқандай мемлекеттің, Жазушылар одағының қолдауынсыз, жеке кәсіпкерлердің демеуімен жарық көрді. Былайша айтқанда, бұл шектеусіз шыққан еркін шығарма. Сонымен, біз орташа баға қойып саттық. Көптеген өңірде кездесу өткізіп, антологияның таныстырылымын жасадық. Осыдан алып қарасақ, елімізде кітап жақсы өтеді екен. «Кітап оқылмайды, өйткені қазір гаджет заманы» деген қасаң түсінік бар. Ол негізі өзі кітап оқымайтын адамның пайымы шығар, «мен ктіап оқымаймын басқалар да оқымайды» дегендей. Белгілі бір деңгейде кітап оқитын аудитория бар. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында кітап оқуға мұрша болмай тоқырауға ұшырады ғой. Қазір белгілі бір азаматтар оқырман көңілінен шығатын қызықты кітаптың кең таралуына, оқылуына атсалысып жүр. Раиса Қадырқызы балаларға арналған әдебиеттерді сапалы басып шығаруға кірісті. Санжар Керімбайұлының «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шыққан жобасы көркем әдебиет болмағанымен, адамдардың кітапты іздеп жүріп оқуына түрткі болды. Былтыр Астана әкімдігінің қолдауымен біраз қаламгер, ақындардың кітаптары басылып шықты. Алайда кітаптың саны шектеулі. 1 мыңдай дана, олардың көбі кітапханаларға түсті. Меніңше, қазір кітапханаға барып кітап іздейтін оқырман көрсеткіші төмен деген ойдамын. Көбі кітапті дүкеннен сатып алып, үйінде оқығанды қалайды. Осы тұрғыдан қарасақ, мемлекеттің қолдауымен кітап шығаруда кемшін тұстары бар деген ой туындайды. Мысалы, бір авторға кітабын шығаруға 3 млн теңге бөлінеді. Ол кітаптардың халыққа таратылуы реттелмеген. 8 мың данасы еліміздегі кітапханаларға берілуі керек. Оның орнына еліміздің облыс және аудан орталықтарында Жазушылар одағының кітап дүкендері ашылса. Мемлекеттің тапсырысымен шыққан кітаптар бүкіл аудан орталықтарында сатылатын болса деген ұсынысым бар. Бір жағынан халық мемлекет қаржысына арзан бағада шыққан кітаптардың игілігін көрер еді. Бюджет авторларға берген ақшасын қайтарып алар еді. Бұл мемлекетке, авторға және оқырманға да тиімді. Осындай ұсыныстарымызды ұдайы айтып келеміз. Ең бірінші осы мәселеде авторлардың өзінің ерік-жігері қажет. Баяғыдай «мен жаздым болды, енді мемлекет шығарып беруі керек» деген ойдан арылуы тиіс. Жазушы жартылай менеджер болуы қажет. Сондай-ақ халықтың мәдениетін үлкен сапаға көтеру үшін кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға мемлекет те мүдделі екені жасырын емес қой.
Әзірлеген Жәнібек АМАНГЕЛДІ