Түркістан облысы Жетісай ауданында іскер әйелдер кеңесінің кезекті
отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев, Түркістан
облысының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Төлегенова,
«Атамекен» ҰҚП Жетісай аудандық филалының директоры Талғат Бапаев,
Түркістан облысының іскер әйелдер кеңесінің төрайымының орынбасары
Нұржамал Маусова және ауданның бір топ іскер әйелдері қатысты.
Жиында сөз
алған аудан басшысы кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін
ынталандыру, әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамыту аясында сөз қозғап,
көпшілікке Жетісай аудандық іскер әйелдер кеңесінің жаңа басшысын
таныстырды. Аталған қызметті бұдан былай Назипа Алтаева атқаратын
болады.
«Бүгінгі жиынның мақсаты – әйелдер арасында
кәсіпкерлікті дамыту, олардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Осы мақсатта ауданымызда іскер әйелдер кеңесінің жаңа төрайымын сайлап
отырмыз. Алдағы уақытта іске әйелдер кеңесі тұрақты жұмыс істейтін
консультативтік-кеңесші органға айналуы керек» , – деді Жамантай
Қанайұлы.
Іскер әйелдерді бір одаққа біріктірудегі мақсат –
қыз-келіншектерді мүмкіндігінше кәсіпкерлікке тарту, іскерлік әрі
әлеуметтік белсенді әйел мәртебесін жоғарылату. Осы тұрғыда сөз қозғаған
Түркістан облысының іскер әйелдер кеңесінің төрайымының орынбасары
Нұржамал Маусова кеңестің құрылғанына 5 жыл толғанына тоқталып, осы
уақыт аралығындағы атқарылған жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ, ол бизнес
ортада гендерлік тепе-теңдікті ұстау, әйелдерге арналған жаңа жұмыс
орындарын ашу, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамту жағдайында да жұмыс
орнымен қамтамасыз ету мәселесін тілге тиек етті.
Жетісай
аудандық іскер әйелдер кеңесінің жаңа басшысы Назипа Алтаева осындай
жауапты жұмысты тапсырғандары үшін іскер әйелдер кеңесі мүшелеріне алғыс
білдірді. Ол сондай-ақ, алдағы уақытта жергілікті әйелдердің қала
кәсіпкерлігіндегі үлесін арттыру мақсатында тиісті жұмыстардың
атқарылатынын атап өтті.
Айта кетейік, іскер әйелдер кеңесі
құрылғанынан бастап дербестігі мен тиімділігін дәлелдеп келеді. Кеңес
түсіндіру жұмыстарынан бөлек, түрлі оқу семинарларын да жүргізеді,
мәселелерді шешуге қатысады.