Start Әлеумет ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ ГАЗЕТ ОҚЫРМАНДАРЫ КӨБЕЙМЕК

ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ ГАЗЕТ ОҚЫРМАНДАРЫ КӨБЕЙМЕК

Бұған дейін жария еткендей, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйытқы болуымен аудан, қалалардағы ақпарат құралдарының жағдайымен танысу мақсатындағы алғашқы сапарымыз Отырар ауданы мен Арыс қаласында өтті. Қалыптасқан жағдайды өз көзімізбен көріп, жарыққа шығып жатқан газеттер мен телеарна ұжымдарының тыныс-тіршілігіне қанық болдық. Ұлылардың мекені – Отырардағы ғасырға тарта тарихы бар «Отырар алқабы» және соңғы онжылдықта жарық көріп келе жатқан «Отырар өркениеті» газеттері бар мүмкіндігін сарп етіп, тіршілік кешіп жатқанын айтуға болады. Бұдан көшпелі мәжіліс қатысушылары шалғайдағы әріптестерінің жағдайы аса мәз емес екендігіне көз жеткізгендей болды.

Жалпы бұған дейін де айтылып жүрген мәселе ғой. Ерекшелігі бұл жолы көзбен көрдік. Жеке баспанасы жоқ. Баспана мәселесі тек бұл басылымда ғана емес екенін де айта кеткен жөн. Дегенмен аудан әкімдігі екі-үш бөлме қарастырып берген. Жалпы оқырман саны азайып, таралымы кейін кетіп бара жатқан басылымдар үшін мемлекеттік тапсырыс алу тәртібінің қиындай түсуі де жығылған үстіне жұдырық болып тұрғаны жасырын емес. Мәселені ықшамдап сипаттасақ, Шәуілдірдегі екі газет ұжымы да сол бір ғимараттағы екі бөлмеде жайғасқан. Қосымша тағы бір бөлме беріліп отыр екен. Таяу күнде шығармашылық ұжым осы бөлмеге де жайғаспақ. Қос редакцияның қызметкерлері ортақ. Отырардағы іс басында жүрген әріптестеріміздің саны 7 адам. Оның біреуі есепші. Маман тапшылығы туралы мәселе көпшілігімізге ортақ. Ұжым басшылары да бұл мәселені ашық айтып отыр. «Отырар алқабы» газетінде соңғы қырық жылда зейнетке шықса да үзбей қызмет етіп келе жатқан Оразбай Мұратов есімді қариямен таныстық. Жасы 74-те. Ал, мардымсыз айлыққа жастарды тарту жағы қиынға соғатыны айдан анық. Мәселен Отырарда орташа жалақы көлемі 120 мың болса, Арыста да осы шамада айлық қарастырылған. «Отырар өркениеті» газетінің бас редакторы Кәдірхан Маханбет ағамыздың айтуынша, бұрынғыдай таралымнан да түсетін қомақты табыс күтілмейді. Бұлай болуының бір себебін мемлекеттік тапсырыстың аздығымен де байланыстырсақ болатын шығар. Аудан әкімі Қ.Жолдыбайдың сөзіне сенсек, алдағы уақытта Азат Әмірбек басқаратын басылымның жағдайы оңала түсетін сыңайлы. Қызметке жаңадан тағайындалған аудан басшысы уақытының тығыздығына қарамастан көшпелі мәжіліске қатысушы топ өкілдерін өзі қарсы алып, ерекше ықылас білдірді. Қабылдау барысында мәселеге қанық болған әкім алдағы уақытта ауданның рухани келбетіне баланатын құтты шаңыраққа тиісті деңгейде қолдау көрсететінін жеткізді. Келелі кеңесте өңір журналистикасында өзіндік өрнегі бар аға буын Отырардағы бірнеше өзекті мәселені ортаға салды. Айталық, Әсет Әссанди ағамыз аудан басшылығы тарапынан газетке қамқорлық жасалу керектігін баса айтса, белгілі сазгер, ғалым, ұстаз Бекжігіт Сердәлі ағамыз шалғайдағы ақпарат саласы қызметкерлеріне арналған жаңа мүмкіндіктермен таныстырды.

– Журналистер қоғамның әр саласында жанкешті қызмет еткенмен, өзінің әлеуметтік жағдайын ойлай бермейді. Бүгінгі басқосудың мақсаты да осы еді. Біз қолымыздан келгенше әріптестерімізге жәрдеміміз тисе деген ойдамыз. Көшпелі отырыс барысында біз аудан, қаладағы әріптестердің тізімін жинап жатырмыз. Қарап отырсақ, шалғайдағы журналистердің осы мамандықты меңгерген арнайы дипломы болмай, біразы басқа мамандық иелері атанған екен. Айтайын дегенім, Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да жоғары білімі болса, екі жыл ішінде қашықтықтан оқыту арқылы журналистиканы кәсіби меңгеру мүмкіндігі бар. Ол дипломды алу үшін аудиторияда отыру маңызды емес. Бастысы «ZOOM» арқылы білімін жетілдірсе жеткілікті. Осындай жобаларымыз бар. Алдағы уақытта бұл да әріптестерді қуантарлық жаңалық болады деп ойлаймын, – деді Бекжігіт Сердәлі.

Біз отырғанның өзінде Қайрат Жолдыбайұлы жауапты мамандарға сол жердегі шенеуніктердің түрлі себептерді желеу етіп ғимараттың маңдайшасынан алып тастаған «Отырар алқабы» газетінің жазуын қайта ілуді тапсырды. Бұл да болса жақсылықтың нышаны. Ауданның шежіресіне айналған басылымға әкімнің сөзге келмей араша түсуі бізге де қанат бітірді. Қорыта айтқанда, Отырар ауданында осындай мәселелер бар. Солай бола тұра киелі мекеннен үлкен үмітпен қайттық.

Ал, Арыстағы жағдай мүлде бөлек. Алдымен Әбдімәлік Ағыбай ағамыз басшылық ететін «ТАЙМА» баспа үйіне табан тіреп, сондағы жұмыстармен таныстық. Еңселі ғимарат алдына келгенде жабырқаулы жүзімізге күлкі үйіріле бастады. Бұған дейін газет шығару ісімен бірге баспа, компьютерлік қызметті жүйелі жолға қойып, кәсібін дөңгелетіп отырған «Арыс ақиқаты» газетінің бас редакторы, белгілі журналист Әбдімәлік Ағыбай ағамыздың жағдайы бір қарағанда тамаша көрінеді. Ал, дөңгеленген дүниенің ішінен аталған газеттің бүгінгі шығыны, мамандардың қызметі, оқырманның сұранысы мен жергілікті бюджеттен қаралатын қаржы көлеміне назар салсаңыз, Отырар ауданындағы Азат Әмірбек әріптесіміздің кешкен күйіне бір табан жақын екен ғой дерсіз. Мұндағы ерекшелік, газет ісінен бөлек баспа қызметіне қатысты қосымша кәсіп түрлері дамыған. Соның арқасында жарыққа шыққанына келер жылы 90 жыл толатын «Арыс ақиқаты» газетінің теңселіп тұрған тағдыры көзге көрінбей тұр. Әйтпесе мұндағы бес қызметкердің үшеуі зейнет жасында.

Осындай қиындықтарға мойымай жан жадыратар жұмыс жүргізіп жатқан арыстық әріптестердің қатары тек осымен бітпейді. Маханбет Төлебеков жетекшілік ететін «ART TV» телеарнасы тоғыз жолдың торабындағы тұрғындардың көгілдір экраннан күтетін төл арнасы. Тасы өрге домалап келе жатқан қалалық телеарна ұжымының әр қызметкері әмбебап маман. Олай дейтінім Маханбет ағамыз телеарна қызметкерлерін «заман ағымына сай оператор, монтажер және қабілетіне қарай журналист етіп баулып жатырмын», – дейді. Есесіне ұжымның әр мүшесіне 200 мың теңгеден бастап, 350 мың теңгеге дейін жалақы төлеп отыр. Телеарна редакциясы үшін бүгінгі күннің талаптарына лайықталған жаңа ғимараттың құрылысымен таныстық. Арнайы студия, монтаж бөлмесі секілді арна жұмысына қажетті бөлмелермен жабдықталып жатқан «ART TV» телеарнасы ғимаратының ашылуына да күн жақын. Бұған қоса көгілдір экранның сырын меңгерген арыстық Жұлдыз Өтегенованың да жеке бейнестудиясында болдық. Жалға алынған шағын бөлменің әр бұрышы түрлі бағдарламаға лайықтап безендіріліп, онда шаһардың өткені мен бүгіні таспаланып жатыр. Көңіл қуантатыны 70 мыңнан астам тұрғыны бар Арыста еңбекқор жандардың арқасында журналистика саласының өзіне лайық тарихы таңбалануда.

Сондай-ақ, кеңес барысында қатысушылар тағы бірнеше түйткілді мәселені тарқатты. «Хабар 24» арнасының өңірдегі меншікті тілшісі Жандос Жұмабек:

– Біз өңір жаңалықтарын республикалық арналардан көрсететін кезде аудандарға жиі іссапар жасаймыз. Әсіресе, аудандардағы ерекше жаңалықтарды жеткізсек деген мақсат болады. Көбінде аудан әкімдері кез келген мемлекеттік қызметшіге баспасөз хатшысының міндетін атқаруды қосымша жүктеп қойып жатады. Ал ол қызметкер журналистика саласынан бейхабар болғандықтан, бізге дұрыс тақырыптар мен қызықты ақпараттарды ұсына алмай жатады. Амал жоқ, өңір жетістіктерін, өзекті тақырыптарды республикалық арналарда насихаттаудың орнына жауыр болған жаңалықтарды көрсетуге мәжбүр боп жатамыз. Баспасөз хатшылары – әкімнің қоғам алдындағы, тұрғындар алдындағы айнасы десек, әкімнің атқарған жұмыстары мен ауданның тыныс-тіршілігі бірінші баспасөз хатшылары-ның жұмысына байланысты. Сондықтан алдағы уақытта осындай мәселелерге мән берілсе деген ұсыныс бар, – деді.

Иә, біз барған аудан, қала әкімдерінің уақыт тауып, журналистермен пікірлесуі, осы саладағы бірқатар мәселелерді бірлесе талқылап, өз құзіреттері шегінде жергілікті жерде туындаған кедергілерді шешуге дайын екенін байқатқаны бастау алған көшпелі мәжілісіміздің нәтижесі деп түйдім. Неге десеңіз, топ құрамында есімдері елге белгілі журналистер Бекжігіт Сердәлі, Жанахмет Ағыбаев, Жандос Жұмабек, Ерсұлтан Әмірбек, Әсет Әссанди, Тельман Бейсен, Айдар Сейдазым өз мүддесін емес, шалғайдағы қаламын жанына серік еткен әріптестерінің күйін күйттеп барды. Алдағы сапарда дәл осындай мақсатпен жаңа құрамда келесі аудан, қалаларға жолға шығамыз деп отырмыз.

Айтпақшы бұл жобаны бастамас бұрын ағаларымызбен ақылдасып, алдынан өткенбіз. Қолдауға ие болды. Одақ жұмысын кешегі күнге дейін жүргізіп, біраз бастамалардың басынан табылған Ғалымжан Елшібай ағамыз «қан жаңарды деген осы» деп, сәттілік тіледі және мүмкіндігіне қарай мәжілістеріміздің біріне қатысуға тырысатынын айтты. Сонымен, алғашқы сапарымызға шығарда бірқатар әріптестерімізге хабарласып, бірге жүруге ұсыныс білдірдік. Алдағы уақытта да осы саладағы біраз азаматтарға қолқа салмақпыз. Облыс аумағында қатарымызда жүрген журналистерімізді, ардагер аға-әпкелерімізді түгендеп, етек-жеңімізді жиятын әрекетке бет бұрайық. Бірлесіп еңбек етіп жатсақ көп түйіннің күрмеуін аса қиындықсыз ағытамыз деп ойлаймын.

Тірлігімде артық-кемі болып жатса, оны бірлесіп түзетейік. Қатар жүрген әріптестерді алалаудан аулақпын. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегендей мақсатым – өзіме жүктелген міндетті әріптестеріміздің күшін біріктіріп, бірге атқару. Бұдан алдындағы жазбаларымда да айттым. Мен жалғыз шауып, журналистердің құқығын қорғап, бәріне бірдей пана бола алмаймын. Бұл басы ашық мәселе. Біріксек қана жақсылыққа, жетістікке, мол берекеге жол ашылады. Бұл сөзіме кешегі жұмадағы сапарымыз дәлел. Бірлесейік, кестеге сай жыл соңына дейін әрқайсымыздың қатысуымызбен аудандарда көшпелі мәжілісімізді өткізіп, желтоқсанда жиынымызды қорытындылайық. Бірімізге шығармашық демеу керек шығар, келесімізде белгілі бір мәселе бойынша мұқтаждық болуы мүмкін. Тағы бір әріптесімізге арамыздағы бір адамның жылулығы қажет шығар. Осының барлығы біз ынтымақта болсақ қана шешімін табады. Жұрт жабылып мұқтаждарға үй салып, науқас адамның дертінен айығуға себепкер болып жатыр. Соның бел ортасында біздің әріптестер де жүр жақсылықтың жаршысы болып. Алайда, өз ішімізде шешілмей жатқан түйін көп. Сіз бен біз болып өз жақын-дарымыздың жайын ойлап, күрделі істердің күрмеуін бірге тарқатайық!

Тағы бір айта кететін мәселе оқырмандарымызға, көрермен мен тыңдармандарымызға сапалы дүние ұсынуға қатысты біршама тың ұсыныстар айтылуда. Алда тағы да күнделікті тіршілігімізде кездесетін заман талабына сай қызмет етуімізге бағытталған мәселелер көтерілуі мүмкін. Осының барлығын сараптап, жоспар ретінде бекітіп, атқаратын жұмыстарымыздың бағдары етсек деп отырмын.

Мәлік ЖҰМАХАНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы, «Түркістан Медиа» ЖШС директоры.