Start Әлеумет ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ ӨҢІР ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУДЕ

ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ ӨҢІР ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУДЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек»,-деген болатын.

«Ауыл аманаты» жобасы Қазақстан Республикасының Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №1 «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды.

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру. Ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Жоба – халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер береді.

Бағдарламаны жүзеге асыруға 2023 жылы Республикалық бюджеттен 11,0 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бұған қосымша 8,7 млрд. теңге бөлініп отыр. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде.

Несиелендіру 6 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде өсімдік шаруашылығын дамыту, мал, құс, балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау, тұрғындардың өз кәсібін ашуына қолдау көрсетуге бағатталуда. Несиенің ең жоғарғы сомасы – кооперацияны дамыту үшін 27600 000 теңгеге дейін (8000 АЕК), ал жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін – 8625 000 теңгеге дейін (2500 АЕК) берілуде. Қаржыландырудың ең аз мерзімі – 12 ай, ең ұзақ мерзімі – 84 ай. Борышты өтеу бойынша 12 айға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған.

ҚАНАТҚАҚТЫ ЖОБАНЫҢ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ

Аталған қанатқақты жобаны жүзеге асыру мақсатында скрининг жұмыстарының нәтижесімен 2023 жылы Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтері жобаға қатысты. Қазіргі таңда Сауран ауданының жастары «Ауыл аманаты» жобасына белсенді қатысуда. Бүгінге дейін «Ауыл аманаты» жобасымен несие алуға 274 адам құжат тапсырды. Оның жалпы құны 1494 млн. теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде, 191 жобаға 1267 млн. теңгеге қаржыландырылды. Мал шаруашылығы бағытында – 165 жоба мақұлданды. Оның жалпы құны 1005 млн. теңгеге жеткізілді. Өсімдік шаруашылығы бойынша 9 жоба басталды. Оның жалпы құны – 54 млн. теңге болады. Балық шаруашылығы бойынша екі жоба басталды. Оның жалпы құны – 17 млн. теңге болады. Ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері бойынша құны – 124 млн. теңге тұратын бес жоба мақұлданды. Өз кәсібін ашуға құны 68 млн. теңге тұратын он жоба ұсынылды.

Бүгінгі күнге аудан бойынша 149 шаруа өзге облыстан 2918 мал сатып алды және 9 шаруа жылыжай салды.

Шаруаларға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында «Жер аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба бойынша 29,5 мың гектар ортақ жайылымдарды қайтару жоспарланып, оның 32,5 мың гектары қайтарылып, тұрғындардың пайдалануына берілді.

ЖЕҢІЛДІКПЕН ҚАРЖЫЛАНДЫРУҒА 275 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 89 АГРАРЛЫҚ ЖОБА ЕНГІЗІЛДІ

Жуырда Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте Halyk Bank, Қазақстанның Даму банкі, Аграрлық несие корпорациясы, Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері жеңілдікпен қаржыландыру үшін жобаларды іріктеудің аралық нәтижелерін талқылады.

2024 жылғы 10 ақпандағы жағдай бойынша Halyk Bank 275 млрд теңге болатын 89 жобаны іріктеп алды. Бірінші кезеңде компания иелерінің іскерлік беделі, олардың жобаларды іске асырудағы тәжірибесі, салалық ерекшеліктер, өңірлердің нақты өнім түрлерімен қамтылуы сараланды. Аграрлық несие корпорациясы және Қазақстанның Даму банкі желісі бойынша жеңілдікпен қаржыландырылатын жобалар пулы екінші деңгейдегі банк портфеліне енген жобаларды ескере отырып қалыптастырылатын болады. Қаржыландыру тетіктері пысықталып жатыр. Әлеуетті жобалар қатарында 88 млрд теңгеге 49 жоба бар.

Еске сала кетсейік, өткен жылдың соңында Ауыл шаруашылығы министрлігі Halyk Bank және Бәйтерек холдингінің ауыл шаруашылығы өнімдері кооперативтерімен қаржы институттарымен ынтымақтастық аясында қаржыландырылуы мүмкін 500 жобадан тұратын портфель қалыптастырды. Бұл жобалар негізінен ауыл шаруашылығы өнімдері кооперативін дамытудың басым бағыттары – тауарлы сүт фермалары, көкөніс қоймаларын салуға, мал шаруашылығын дамытуға, дәнді дақылдарды, ет, жемістер мен көкөністерді қайта өңдеуге бағытталған.

Сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалануды ескере отырып, қарыз алушы ауыл шаруашылығы кооперативі субъектісі үшін түпкілікті мөлшерлеме жылына 6%-дан аспайтын болады. Негізгі шарттардың бірі – ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың талаптарына сәйкес келетін жобаларды үздіксіз қаржыландыру.

Сонымен қатар Серік Жұманғарин қаржы институттарына айналым капиталын қаржыландыруды қарастыруды ұсынды. Бұл көктемгі егіс жұмыстары және арзандатылған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің өндірісі үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау құралы.

ЖОБАҒА ТАҒЫ ТӨРТ АУЫЛ ТАҢДАЛДЫ

Түркістан облысы бойынша 2024 жылға 13,2 млрд. теңге қаржы бағытталды. Жобаға қатысушы ретінде Үшқайық, Иассы, Жаңа Иқан, Шаға ауылдық округтері таңдалып, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша негізгі бағыттары анықталды. Атап айтқанда, Жаңа Иқан ауылдық округінен құрамында 45 шаруа бар А. Шаенов басқаратын «Адетхан» ауыл шаруашылығы өнімдері кооперативі құс шаруашылығын дамытуға кіріспек. Несие алатын мүшелер саны да 45 шаруаға жетті. Шаға ауылдық округінен құрамында 60 шаруасы бар Б. Кембаев басқаратын «Агрожетістік 2020» ауыл шаруашылығы өнімдері кооперативі құс шаруашылығығымен айналысуды көздеп отыр. Қазіргі таңда кооператив арқылы несие алатын мүшелер саны 60 шаруаға жетіп отыр. Иассы ауылдық округінен құрамында 77 шаруасы бар Д. Абдураимов басқаратын «Еңбекші дихан» ауыл шаруашылығы өнімдері кооперативі мал шаруашылығын дамытуға ден қойып отыр. Қазіргі таңда кооператив арқылы несие алушы -77 шаруаға жетті. Әлі де кооперативке қосылуға ниеттілер бар. Үшқайық ауылдық округінен 47 шаруасы бірлескен С. Жүсіпов басқаратын «Қаликөз» ауыл шаруашылығы өнімдері кооперативі мал шаруашылығын дамыту кірісуде.

Жалпы таңдалған ауылдық округтері балық шаруашылығын дамыту бойынша 14 шаруа және тұрғындардың өз кәсібін жаңалау бағытында 37 кәсіпкер ниет білдіріп отыр.

Міне, мемлекеттік қолдау мен жергілікті халықтың ынта-ықыласының арқасында ауданда сегіз ауылдық округте бастамашылық нақты жүзеге асырылуда. Бұған жақында он екі ауылдық округтегі 32 елді мекен тұрғындары да қосылуға ынта білдіруде. Бәрінен бұрын үлкен кооперативтерге бірігіп, барлық шаруаны ақылдаса отырып шешіп жатқандар алда келеді. Табыстары тасып, абыройлары асуда. Мемлекет басшысының тікелей бақылауын-дағы жоба болғандықтан «бармақ басты, көз қыстыға» орын жоқ.

Ескендір ЕРТАЙ.