Start Әлеумет ТҮРКІСТАН: АГРОӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ, ТАУАРЛЫ БАЛЫҚ ӨСІРУ  ЖОБАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: АГРОӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ, ТАУАРЛЫ БАЛЫҚ ӨСІРУ  ЖОБАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, өңірде балық шаруашылығына қолдау көрсетілуде. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ақжайық Хаметова тауарлы балық шаруашылығын дамыту мақсатында Келес, Шардара аудандарында балық шаруашылығымен айналысатын және жаңадан шаруашылық ашып, балық өсіруге қызығушылық танытқан кәсіпкерлермен кездесті.

Келес ауданы, Ақтөбе ауыл округінде орналасқан «Жанель» шаруа қожалығында жалпы аумағы 15 гектар жер телімінде тоғанды көл жасап, тауарлы балық шаруашылығымен айналысып отырған Жанат Бауановтың шаруашылығынДА өсірілетін балық көлемін арттыру және қосымша көлдің бір бөлігін жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге жалға беру мүмкіндіктері талқыланды.

Биыл 10-нан астам шаруа «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында арнайы несиелендіру бойынша өтінімдер тастап, аталған көлдің бір бөлігіне алғашқы балық шабақтарын салуды жоспарланып отыр.

Өңірде бұл салаға қолдау жақсы. Шардара ауданында тауарлы балық шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытқан 15-тен астам шаруаға облыс әкімдігі тарапынан тоған қазу жұмыстарына демеушілік жасау қолға алынды. Атап айтқанда, Қызылқұм каналы бойынан жалпы аумағы 15,4 гектар жерде 10 дана тоған қазу жұмыстарын «Тұран су» мекемесінің техникаларының күшімен атқару және Шардара ауданы әкімдігіне қажетті жанар-жағармай отынының бір бөлігін жергілікті демеушілердің көмегімен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берілді.

Бүгінгі таңда Келес, Шардара аудандарынан 30-дан астам шаруа «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізінде балық шаруашылығымен айналысуға ниет білдіруде.

Соңғы жылдары өңірімізде балық шаруашылығы жедел дамып келеді. Мемлекет тарапынан да салаға қолдау күшейтілген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірде 2024 жылға дейін 10 мың тонна тауарлы балық өндіруді қамтамасыз ету мақсатында жоспар түзілген. Арнайы жұмысшы топ арқылы тұрғындарға жаңадан балық шаруашылықтарын ашу, оларды заңдастыру, тиісті органдарда тіркеу және «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алу тетіктері түсіндірілді. 

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жаңадан 97 шаруашылық ашылып, тауарлы балық өсірумен айналысатындардың саны 224-ке жетті. Алдағы уақытта балық шаруашылығын жетекші салалардың біріне айналдыру көзделіп отыр. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды осы саланы дамыту, жұмыстарды ширату жөнінде тапсырмалар берді. 

– Аудан, қалаларды аралау барысында өз үйінің жанынан су тартып, балық шаруашылығын дамытып жүрген кәсіпкерлермен жүздестік. Негізі балық шаруашылығы өте әлеуеті зор сала. Әлі де елге осы саланың қыр-сырын түсіндіріп, насихаттау керек. Бағын осы салада сынап жүргендерге қолдау көрсеткен жөн. Бірінші кезекте бұл арқылы тұрғындар жұмыспен қамтылып, табыстарын арттырады. Екіншіден, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуде де бұл саланың маңызы айрықша, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев балық шаруашылығын дамыту жұмыстары туралы есеп берді. Облыс аумағында балық шаруашылығын жүргізу мақсатында барлығы 112 су айдыны, оның ішінде республикалық маңызы бар 8, жергілікті маңызы бар 104 су айдыны заңдастырылып, 94 су айдыны табиғат пайдаланушыларға бекітілген. Жүргізілген тексеру және анықтау жұмыстарының нәтижесімен 4 көлдің ұлтаны мен айналасындағы жер жеке меншікте болуына байланысты, жер иеленушілерге бекітіп беру шаралары жүргізілуде, 14 көл табиғат пайдаланушылардан қайтарылып, резервке алынды. Алдағы уақытта заңға сәйкес конкурсқа қойылады.

Аудан, қала әкімдіктері мен балық шаруашылығы инспекциясының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күнге облыс бойынша 10400 тонна тауарлы балық өндіріліп, тапсырма толық орындалған. Сонымен қатар облыстағы балық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар 4900 тонна балық өңдеді. «Хамит» агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша 2023 жылға бекітілген «Балық өнімін өндіру» индикаторы толығымен орындалды.

Саланың дамуына мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіліп, 2023 жылы облыстық бюджеттен акваөсіру бойынша 31 кәсіпкерге 500 млн. теңге, республикалық бюджеттен 7 кәсіпкерге 123,8 млн. теңге инвестсубсидия берілді. Сонымен қатар, «Түркістан ӘКК» АҚ-на 14 кәсіпкер 5,4 млрд. теңге көлемінде несие алуға құжаттар ұсынып, 5 кәсіпкерге 3,7 млрд. теңге несие беру мақұлданды. 

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 35 кәсіпкер 249,5 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, шаруашылықтарын дамытуда. Алдағы уақытта жоспарға сәйкес, Қазығұрт ауданында – 4, Бәйдібек, Мақтаарал, Жетісай аудандары мен Арыс қаласында бір-бірден, Төлеби ауданында – 

3 және Созақ ауданында  7 шаруашылық ашылып, Сырдария өзенінің бойынан Шардара, Сарығаш аудандарындағы бұрынғы балық тұқымбақтары (466,7 га) іске қосылса, тауарлы балық өндірушілердің саны 250-ге жетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында балық шаруашылығына да ерекше мән беруді, қараша айына дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, бекітуді жүктегені белгілі. Бұл жерде халықты жергілікті жерде өндірілген азық-түлік өнімдерімен жеткілікті көлемде қамтамасыз ету мақсаты діттеліп отыр.
Алайда «Ұсыным сұранысқа сай болуы керек» деген нарықтық қағидаға сайсақ, қазекең балыққа аса құмар да емес. ДДСҰ әрбір адам жылына 16 килодан кем емес балық тұтынуы керек деген пікірде. Ал бізде бұл көрсеткіш 4 килоның о жақ, бұ жағында екен. Тіпті балықты аз жейтін ел де біз болып отырмыз. Жоғарыда ДДСҰ ұсынған балық тұтыну нормасына қол жетізу үшін ел өңірлерінде 300 мың тонна балық өсіру қажет етілмек.
Елімізде, оның ішінде, өңірімізде де бұл межеге қол жеткізу үшін қыруар жұмыстар атқарылуы керектігі айтпаса да түсінікті. Бір атап өтерлігі, балық шаруашылығы басымдыққа ие емес біздің өңірімізде де балық саласы – облыс ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан секторларының біріне де айналуда.
Өңіріміздің жартылай шөл, шөлейтті екендігін, су тапшылығы барын ескерсек, мәселе балық шаруашылығы нысандарына бекітіліп берілген су айдындарында балықты аз немесе көп өсіруге де емес, оларда жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытынды нәтижелеріне де байланысты. Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар бірінші кезекте су айдындарындағы балық қорын сарқып алмауды қамтамасыз етеді екен. Демек, қай су айдынынан қаншалықты көлемде балық ауланатыны да осылай алдын ала болжамдалып отырады. Балық өсірушілердің қызды-қыздымен жоспарын белгіленген шектен асыра орындауына да болмайды. Тәртіптің аты – тәртіп. Лимит дегеніңіз де осы.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің мәліметіне қарағанда, балық шаруашылығы су айдындарының табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілуі тізбесіне 139 су айдыны мен учаскелері енгізілген екен. Олардың қатарында жергілікті маңызы бар 121 су айдыны және Жамбыл облысы шекарасы шегіндегі республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 учаскесі бар. Аталмыш мекеме, міне, осынау ұланғайыр аумақтағы балық қана емес, орман, жануарлар дүниесі, аңшылық шаруашылықтары жұмыстарының белгіленген заң талаптары мен нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес атқарылуын тексеру, бақылау және үйлестіру ісін жүзеге асырады.
Осы жылдың 1 шілдесіне дейін облыс бойынша барлығы 673 тонна балық аулау лимиті бөлініп, оның ішінде ауланғаны 668 тоннаны құрапты. Аулау жолымен алынған өнімдердің арасында тұқы, көксерке, жайын, табан, дөңмаңдай, жыланбас, ақмарқа, ақ амур, шортан, мөңке, қаракөз, беріш, шармай, қызылқанат, торта, аққайран, шаян секілді балықтар мен басқа да су жануарларының түрлері бар. Бұл да облыс көлеміндегі су айдындары нысандарында жүзеге асырылған балықтандыру жұмыстарының жемісі екені айтпаса да түсінікті.
Тағы бір атап өтерлік жәйт, заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес биылғы шілдеден бастап келесі жылдың шілдесіне дейін облыс бойынша барлығы 1150 тонна балық аулау лимиті бөлініп отыр екен. Қазірдің өзінде оның 561 тоннасы ауланып та үлгерілген. Мұның өзі қазына қоржынын біршама толықтырып та отыр. Бұл облысымыздың балық шаруашылығы қызметкерлерін де айрықша серпіліске бастауда.
Осы тұрғыда жоғарыда аталған инспекция басшысының орынбасары Болат Асанбеков балық шаруашылығы нысандарының биылғы балық шаруашылығын дамыту жоспарларын орындау көрсеткіштерімен де бөліскен. Оның айтуынша, жергілікті маңызы бар су айдындарының жоспарларына сәйкес ғылыми-зерттеу, күзгі кезеңдегі балықтандыру жұмыстарына, нысандардың материалдық -техникалық жабдықталуына, балық ресурстарының өсімі молайтылуына, мекендеу ортасының қорғалуына тиісті көлемде қаражаттар қарастырылып, кезең-кезеңімен игерілу үстінде екен.

Балық өсіру шаруашылықтарының экономикалық тиімділігін жоғарылату – бүгінде еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидиялар беру және салаға инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыстың аудан, қала әкімдіктерінде балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, 250-ге жуық балық өсіру шаруашылығын ашу жоспарланып отыр. Түркістан облысының су айдындарының орналасуы мен климаттық жағдайлары балық шаруашылығын жүргізу үшін қолайлы өңірлердің бірі болып саналады. Еліміздің балық шаруашылығын дамыту, осы бағытта жаңадан кәсіп бастаймын дегендерге ынталандыру, облыстағы әуесқойлық және спорттық мақсаттағы балық аулауды дамыту маңызды.