Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Елімізде 6,5 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар. Халықтың 40 пайыздан астамы сонда тұрады. Солардың 85 пайызы негізгі елді мекендерде немесе жақын маңдағы серіктес ауылдарда қоныстанған. Үкімет өңір әкімдерімен бірлесіп, тіректі елді мекендерді дамыту мәселелерін мұқият қарауы керек. Олар лайықты инфрақұрылымға және заманауи талаптарға сай жаңғыртылуы қажет. Бұл үшін, әрине, жайлы жолдар, қолжетімді байланыс пен интернет, заманауи білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары қажет», – деген еді.
Осы ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Онда ауыл шаруашылығы саласын негізгі 6 бағытты дамытуға басымдылық берілді. Осыған орай тұжырымдамасын таныстыру үшін өңір тұрғындарының назарына ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында маңызды мағлұматтарды ұсынып отырмыз.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, тиімділігін арттыру мақсатында Түркістан облысында 1 гектар аумақта көкөніс сақтау қоймасының құрылысы қарқында жүргізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.
– Түркістан облысында ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Дегенмен өнімді сақтау және терең өңдеу мәселелері өзекті. Біз осыған мән берудеміз. Жуырда Түркістан қаласының іргесіндегі аумақта көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталды. Жоба құны – 1,4 млрд. теңге, қуаттылығы – 4 000 тонна. Келесі жылы пайдалануға тапсырылады, – деді облыс әкімі.
Аймақта кәсіпкерлерді қолдау мақсатында келесі жылдан бастап, қоймаларды салу үшін жұмсалатын инвестициялық шығынның 50 пайызын өтеу қарастырылып жатыр.
Тағы айта кетерлігі, облыс халқының 80% ауылда қоныстанған. Негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Басқа саламен салыстырғанда табыс төмен. Осыған орай, ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы 6 бағытта іске асырылуда. Бұл мақсатқа бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлінді. Пилоттық жобаға 64 ауылдық округ белгіленді.
Бүгінгі таңда, 14,8 млрд. теңгеге 2 496 жоба қаржыландырылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3 413 жаңа жұмыс орны ашылады, қосымша 30 млрд. теңгеге өнім өндіріледі. Жобаға қатысушылардың орташа табыс өседі, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азаяды, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі ұлғаяды деп күтілуде.
Сонымен қатар Түркістан облысында шағын және орта бизнесті қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін Сауран ауданында 30 гектар аумақта шағын өнеркәсіптік аймақ жобасы іске асырылуда.
Жобаның жалпы құны – 12,9 млрд. теңге. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді. Өңір басшысы кәсіпорындар ашу, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстармен тікелей өзі айналысып жатқанын мәлімдеді.
– Экономиканы көтеру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Инвесторларға, отандық кәсіпкерлерге жағдай жасауға басымдық берудеміз. Мен кәсіпкерлерді күтіп отырмаймын, алдына өзім барамын. Тіпті, өңірде жобасын жүзеге асырғысы келетін кейбір кәсіпкерлерді әуежайдан өзім күтіп алып жүрмін. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Біз кәсіпорындарды көбейту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Осы мақсатта өңірде шағын өнеркәсіптік аймақтар құруды бастадық. Жобаға сәйкес алдағы 3 жылда 42 өндірістік ғимаратты салу көзделіп отыр. Жалпы алаңы 66 528 шаршы метрге жетеді. Қазір 11 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңілдетілген талаптармен ұсынылды. Мұнда шағын кәсіпорындар жұмысын бастайды, – деген Дархан Сатыбалды шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады.
Түркістан облысында қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. Жыл басынан 28 мыңға артып, бүгінгі таңға 213 мың бірлікті құрады. Жыл басынан 1 трлн. теңгеден астам өнімі шығарылды. Кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы (48,3%), сауда (23,3%), туризм (20,3%) және өнеркәсіп (6%) саласында.
Бизнес субъектілері 21,3 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Келесі жылы кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелендіру көлемін 40 млрд. теңгеден асыру жоспарлануда.
Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы 20 мыңнан астам қызмет түрі тегін көрсетілді.
Тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылған.
Осыған орай бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен алқалы жиын өтті. Оған ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, инвесторлар мен ғалымдар қатысып, тұжырымдаманы кеңінен талқылады. Жобаның Түркістан облысының ауылдарында кооперативтік қозғалысты дамытуға серпін беретіндігі атап көрсетілді.
Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 5 жылға арналған тұжырымдамасы агроөнеркәсіптік кешенді дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаруға, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын нығайтуға және саланың экспорттық бағдарын күшейтуге мүмкіндік береді.
2024 жылға арналған 37 даму көрсеткіштері бекітілді. Атап айтқанда, егіс көлемін 860 мың гектарға, бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасын 9303 гектарға жеткізу көзделген.
Қосымша 93 гектарға жылыжайлар салу жоспарланды. Су үнемдеу технологиялары ендірілген алқапты 39,2 мың гектарға жеткізу, жаңадан 665 гектарға қарқынды бау, 120 гектарға жүзім отырғызу межеленген. Сақтау қуаттылықтарын қосымша 29,3 мың тоннаға арттыру, 1346 бірлік а/ш техникаларын алу жоспарланды. Жылына 40 мың тонна жеміс-көкөніс өңдеу, 17 мың тоннаға ет өңдеу, 37 мың тоннаға сүт өңдеу кәсіпорындары ашылады. 1000 бастан жоғары 13 бордақылау алаңы, 200 бастан жоғары 4 сүт фермасы ашылады. 4 ірі құс фермасы ашылады және жалпы 270 мың басқа отбасылық құс шаруашылықтарын ашу көзделген.
Биыл Түркістан облысында 4 тоқыма, тігін және 6 жүн, тері өңдеу кәсіпорындары ашылады. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 75,2 млрд. теңге, тамақ өнеркәсібіне 11 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылып, жалпы өнім көлемі 1 трлн. 127 млрд. теңгеге жеткізіледі.
– Ауыл шаруашылығы Түркістан өңірінің экономикасының негізгі және жетекші саласы. Бұлай дейтін өз жайы бар. Сондықтан Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы біз үшін өте маңызды. Оны жүйелі түрде жүзеге асыруымыз керек. Мақсат – нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді қамтамасыз ету. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға тиімді бағытталуын қатаң қадағалау маңызды, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Ауыл шаруашылығы саласы негізгі 6 бағытты дамиды. Олар: ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, жылыжай шаруашылығын дамыту, қарқынды бау шаруашылығын дамыту, жеміс – көкөніс өнімдерін сақтау жүктемелерін арттыру, мақта кластерін дамыту, мал шаруашылығын дамыту, қайта өңдеу саласын дамыту және серпінді инвестициялық жобалар.
Басқосуда өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өз тәжірибелерін ортаға салды. Дамыған елдердің озық тәсілдерімен бөлісті. Жиналыста облыс ғалымдары оңтүстіктің климатына аса қолайлы саналатын жүзім өсіру кәсібін дамытуға назар аударуды атап өтті. Жоңышқа өсіруді жетілдіруді жеткізді.
Сонымен қатар, өңір басшысы облыстағы бірқатар маңызды бастамаларға да тоқталды.
Ең үлкен облыс Түркістанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы бүтін республикаға әсер етер күшке ие. Өйткені Оңтүстік облыс географиялық тұрғыда қолайлы орналасқан, ондағы халық тығыздығының деңгейі жоғарғы және кейінгі жылдары қолға алынған іргелі бастамалар біршама. Өңірдегі аса өзекті мәселелердің көшін инфрақұрылым мен әлеуметтік ахуал бастайды.
Жалпы Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында 128 нысаналы индикатор қарастырылған. Оның орындалуы бақылауда. Сонымен қатар, өнеркәсіп өнім көлемі былтыры жылға 815,4 млрд. теңге деңгейінде жоспарланып, 11 айда 776,8 млрд. теңге құрады. 11 айда облысқа тартылған инвестиция көлемі 576,6 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде 400 млрд. теңгеге жуығы немесе 62%-ы жеке инвестициялар есебінен. Өткен жылға жалпы құны 398,5 млрд. теңге құрайтын 26 жоба жоспарланған. Инвестиция көлемі шағын кәсіпорындар есебінен де артпақ. Ауыл шаруашылығы көлемі бойынша биылғы жоспар – 1 трлн. теңге. Келер жылы құны 58 млрд. теңге болатын 5 ірі жылыжай кешенін, және де құны 9,6 млрд. теңгеге 3 сүт-тауарлы ферма іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ 860 мың гектар егістен 4 млн. тоннадан астам өнім жиналады деп күтілуде. Нәтижесінде, жалпы ауыл шаруашылығы өнім көлемі 1,1 трлн. теңге деңгейінде жоспарланды. Құрылыс жұмыстары көлемі 11 айда 269,2 млрд. теңгені құрады. Биылға жоспар – 329,1 млрд. теңге.