Start Әлеумет ТҮРКІСТАН: АГРАРЛЫҚ БАНК ҚҰРУ – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨРКЕНДЕТУ ЖОЛЫ

ТҮРКІСТАН: АГРАРЛЫҚ БАНК ҚҰРУ – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨРКЕНДЕТУ ЖОЛЫ

Президент Жолдауынан кейін ауыл шаруашылығы саласына дара банк қажеттігі туралы мәселе көтерілген болатын. Елімізде 20 жылдың ішінде шаруаларға арзан пайызбен несие беретін жүйе құрылмады. Мәжілісте өткен мемлекеттік құрылымдар мен банкирлер, ауыл шаруашылығы саласының басшылары қатысқан дөңгелек үстел отырысында осы мәселе көтерілді.

«Біз шаруаларға 20 жылдың ішінде арзан пайызбен несие беретін жүйе құра алмадық. Оны Үкімет мойындауы керек. Қазіргі жағдайдың бәрі шаруалардың қаржыға деген қажеттілігін қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан аграрлық банк құрып, оны шаруалардың әлеуметтік проблемаларын шешуге бағыттау керек. Бүгінде Отбасы банкі жұмыс істеп тұр. Өте арзан пайызбен несие береді. Себебі халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету керек. Қазақстан даму банкі бар. Қажетті ірі инвестициялық жобаларды қаржыландырады. Осы екі банкті құрған кезде еш сұрақ жоқ, ал фермерлерді қаржыландыру мәселесінде Ұлттық банкте де, Үкіметте де қарсы дәлел пайда бола қалады. Бұл дұрыс емес», — деді Мәжіліс депутаты депутат Анас Баққожаев..

Оның атап өтуінше, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаруаларға арзан және ұзақмерзімді несие беру жүйесін құру қажет.«Ұлттық банк бізге қарсы болмаса, енді қалғаны — Үкімет пен Қаржы нарығы н реттеу және дамыту агенттігі. Біздің есептеуіміз бойынша агробанк 2,5 пайызбен несие бере алар еді», — деді Анас Баққожаев.

-Оразгелді Өтегенұлы, осы кең ауқымдағы дөңгелек үстелде көршілеріміз Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытайда Агробанк барлығы соның арқасында ол мемлекеттерден Қазақстан 6 млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттап отыр? Біз неге Агробанк аша алмаймыз? Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елімізге үш шетелдік банк  тарту мәселесін алға тартып отыр. Өзіміздегі жиырмадан астам банк аздық ете ме деген орынды сұрақ туындайды.

– Ия, сұрағыңыз орынды. «Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн»,-дейді Президент.

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын қаржыландыру жүйесі өте икемсіз. Баяу жүргізіледі. Қазір мысалы «Казагроқаржы», « Несие серіктестігі» корпорациясы арқылы қаржыландырылады. Ал бұлар қаржыны қайдан алады деген заңды сұрақ туындайды. Бұлар қаржыны мемлекеттен 1-2 пайызбен алады екен де, 16 пайызбен шаруаларға береді. Осы екі қаржылық ұйымның құрамында мыңдаған адамдар бар. Олар миллиондап айлық алады. Жылдың аяғында ғана емес, тоқсан сайын бонусы тағы бар. Енді келіп осы «ҚазАгроқаржы» холдингі 400 млрд теңге қарыз болып отыр. Бұл сыбайлас жемқорлықтың салдары. Сонда шаруалар ала жаздай кетпен арқалап, үй көрмей жүргенде, сол ат төбеліндей байшігештерді байыту үшін жұмыс істеп жүрміз бе?

Дамыған мемлекеттерді айтпай ақ қояйық. Өзімізбен іргелес Ресейде, Белорусьта, Өзбекстанда, Қырғызстанда агробанк бар да, бізде неге жоқ? 21 банктің артында олигархтар отыр. 21 банктің артында олигархтар отыр. Бізде Қазақстанды осы агробанкті ашуға жібермей отырған алпауыттар осылар деп ойлаймын. Мен шетелден келетін үш банкке келіспеймін. Егер олар 16-30 пайыз көлеміндегі несиемен кіретін болса, одан бізге пайда жоқ. Ол қаражаты қалтасына басып, шетелге кетеді деген сөз. Ал, егер де халыққа 5-6 пайызбен несие беретін болса, әкелгені жөн деп ойлаймын. Банк саласының сарапшыларының пікірінше, елімізге «Агробанк» ауадай қажет. «Агробанк» ашып мемлекеттен екі пайызбен несие алып, шаруаларға үш пайызбен берсе тамаша емес пе? Бұл қадам халыққа үлкен жеңілдік әкелген болар еді. Шетелдің банк шекемізді шылқыта қоймас. Сондықтан, «Агробанк» құрмай-шаруалардың көсегесі көгермейді! Онсыз күніміз қараң.

-Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының тұралап қалуының сырын ашып, оны жедел оңалтудың жолдарын көрсетті. Осыған байланысты өңірде қандай жұмыстарды алдымен қолға алып жатырсыздар?

-Мен ауыл шаруашылығы саласының маманы болғандықтан Жолдаудағы өзіме жақын мамандығыма қатысты түйткілді мәселелер бойынша айтылған пікірлер мен тапсырмалардың астын сызып қойдым. Алдағы уақытта  талдау, сараптау жасауыма қажет болады деп отырмын. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар.  Маған ұнағаны көп қордаланған мәселелер ашық айтылған.

Мәселен, «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет»,-деп отыр Президент.

Бұл рас. Өйткені біздің жеріміз ұлан-байтақ. Халқымыз ата-бабамыздан келе жатқан мал бағып, егін өсіруді кәсіп еткен халықпыз.  Жер көлемі бойынша дүние жүзінде тоғызыншы орында тұрғанымыз Президент айтқан мақсатқа жетуге болатын үлкен негіз болып табылады. Біз Еуразия құрлығына ғана байланып қалмай, әлемдік ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайтын қуатты мемлекетке айнала аламыз.

-Отыз жыл бойы мемлекет «нашар менеджер» деп жекеменшікті дамытуға үндедік. Енді ірілендіруіміздің жайы қалай болар екен?

​-Иә. Отыз жыл бойы жекеменшікті дамытуда біраз жұмыстар атқарылғанымен Президенттің айтуынша, енді шаруашылықты ірілендіруге көшуіміз керек. Қазір енді ірілендіру үдерісі оңай болмайды. Өйткені, біз үлкен ауылдарды таратып, «жердің иесі болуы керек. Әркім өз жерімен жұмыс жасайтын болуы керек» деген оймен әсіресе, егін шаруашылығында 2-5 гектар жерлерді бөліп беріп, өте ұсақ шаруашылықтарға айналдырып алдық. Мұны енді қайтару қиын. Сондықтан, оларды кооперативтерге бірлесіп, жұмыс жасауға тартуымыз керек. Негізі, ірілендіру деген тіркесті пайдалабасақ екен деймін. Егер, ірілендіру деген тіркесті айтсақ, халық оны жерін қосып жібере ме, қайта тартып ала ма деп баяғы колхоздастыру секілді бола ма деп үрейленеді. Яғни, барлық техникасы, жері бір орталыққа беріліп, шаруаларға бір адам билік ете деп қорқады. Себебі, осы Түркістан, Қызылыорда облыстарында осындай ірілендіру, бірігу жүргізіліп,оны басқарғандардың қолы таза, адал болмау оқиғалары жиі кездесті. Жерді, техниканы кепілге қойып, бас пайдасына пайдаланып кеткендер де болды. Ірілендірудің бір ақ жолы бар. Ол кооперацияға біріктіру. Соған мүше етіп қабылдау. Қазіргі «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңның аздап кемшіліктері бар болғанымен жақсы. Дегенмен, осының өзі орындалмай жатыр. Себебі, орындалу тетіктері дұрыс емес. Заңда бірігу тек өз еркімен және кооператив қаулысымен бірігеді деп жазылған. Оны апарып әділет басқармасына тіркеу деген жері жоқ. Соған қарамастан облыс, аудан әкімдіктерінің шенеуніктері әділет басқармасына тіркелуді талап етеді. Оны талап етуші негізінен қаржы ұйымдары. Себебі, олар бәрін апарып тіркемесек, жауапты мекемеден айрылып қаламыз деп сескенеді. Ал, бұл жерде кооперацияға бірігу келісім шартпен жүзеге асырылады. Азаматтық кодексте көрсетілген. Келісім шартпен бірігіп, нотариалды мөрленген соң ол әділет басқармасына тіркелген құқықтық құжатпен бірдей заңды құжат болып табылады. Мұны заңгерлер түсіндіріп жатқан жоқ.

КООПЕРАТИВТЕГІ ТЕХНИКАНЫ ЖАҢҒЫРТУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

-Шаруалар кооперативтерге бірігуден не ұтады? Олар тозығы жеткен техникаларымен алсықа бара алмайтыны белгілі емес пе?

-Міне, нақты сұрақ. Қазір әрқайсысының жеке жері бар. Жұмысын істеп жатыр. Кооперативтерге бірігудің мәселесі бірлесіп қызмет жасау. Яғни, техниканы бірлесіп пайдалану, минералды тыңайтқышты, жанар-жағармайды бір жерден алу жүзеге асырылады. Одан кейін өнімді жинау, өткізу мәселесі де бірге атқарылады.  Бұған барлық техника жұмылдырылады. Бұл жерде айта кететін нәрсе. Бірігудегі мақсат – кооперативті заманауи үлгідегі жаңа техникамын жарақтандыру. Мәселен, Жолдауда айтады.

«Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал».

Бұл өте қиын мәселе. Жеке-дара жүрсе, шаруалар техникаларын жаңалай алмайды. Себебі, жаңа техникалардың бағасы шарықтап кетті. Мәселен, 2010 жылдары бес миллион теңге тұратын трактор қазір он миллион теңге тұрады. Бағасы екі есеге өскен. Оны шаруалардың алуға шамасы жоқ. Сондықтан, кооперативтерге бірігіп, оларды техникамен қамтамасыз ету керек. Біздегі майда, ұсақ шаруашылықтарды біріктірудің ең негізгі тетігі осы. Мемлекет техниканы кооперативтерге 50 пайыздық субсидиямен (қайтарымсыз қаржы) береді.

-Меніңше қазіргі кооперативтерге берілетін 28 миллион теңге қаржының өзі теңізге құйған тамшыдай ғана емес пе?

-Дұрыс айтасыз. Қазіргі кезде кооперативтерге 28 миллион теңге шамасында қаржы береді. Ол жаңа бір техника, пайдаланылғаны болса, асып кетсе екі техникаға ғана жетеді. Ал, жаңадан құрылған кооператив бір-екі техникамен алысқа ұзай алмайды. Алдымен Сауран ауданындағы жетекші бір ауылда осындай үлкен кооператив құру керек. Мәселен, келесі жылы «Ауыл аманаты» жобасына берілетін қаржыны көбейтейін деп жатыр. Сол кезде осы бастаманы өндіріске батыл енгізу керек. Мен осы мәселе туралы Түркістан облысының әкімі Ермек Кенжеханұлына кіргенімде, ол кісі мені қолдап министрлікпен сөйлескенде, «келесі жылы бөлінетін қаржы еселенеді» деген пікір білдірілді. Осы мәселе созбалаңға салынып кетпесе болғаны.

– Оразгелді Өтегенұлы, салиқалы сұқбатыңызға үлкен рахмет!

Түркістан қаласының құрметті азаматы, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын реформалау жөніндегі комиссия мүшесі Оразгелді Өтегенұлы Егізбаевпен сұхбаттасқан:

Ескендір ЕРТАЙ