Start Әлеумет ОТБАСЫЛАРЫНА АУЫРТПАЛЫҚ ТҮСКЕН ОТАНДАСТАРЫММЕН БІРГЕМІН

ОТБАСЫЛАРЫНА АУЫРТПАЛЫҚ ТҮСКЕН ОТАНДАСТАРЫММЕН БІРГЕМІН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 шілде күні қазақстандықтарға телевизиялық үндеу жолдады. Аталған үндеу барысында ел Президенті бүгінгі эпидемиологиялық ахуал жайында сөз қозғап, індеттен көз жұмған адамдардың отбасыларына көңіл айтты. Оған қоса 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялап, қара жамылып отырған отандастарымызбен бірге екенін көрсетті.

«Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мына алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Бірақ біздің күресіміз жалғаса береді. Бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймас. Алайда уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсіруге тағы да болмайды. Салмақты, сабырлы болайық!» – деді Мемлекет басшысы телевизиялық үндеуінде. Бұл сөздер расымен де әрбіріміздің көңілімізге демеу болды. Елең-алаң шақта тұрған сәтімізде рухымызды бір көтеріп тастады. Бәріміз де бірге екенімізді сезіндік. Кемелұлының кемелді тұлға екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Осы орайда Президенттің үндеуін қолдай отырып, 13 шілде – Ұлттық аза тұту күнінде отбасыларына ауыртпалық түскен отандастарыма көңіл демеулігін білдіремін. Қиын шақта бәріміз де біргеміз. Аман болыңыздар! Әлемді әбігерге салған мына індетті ауыздықтап, қалыпты тіршілігімізге тезірек оралайық дегім келеді. Мемлекетіміз мәңгі болғай!

Орынбай РАХМАНБЕРДИЕВ,
Қоғам қайраткері