Ордабасы ауданының әкімі Әліпбек Өсербаевтың халыққа есеп беру кездесуінде өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Аудан әкімінің есебіне облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты.
Ауданның шығысы мен кірісін жік-жікке бөліп, халыққа есеп берген аудан басшысы экономикаға алдағы уақытта серпін беретін маңызды жоспарлармен бөлісті. Айтуынша, 2020 жылы жалпы инвестициялық құны 97 млрд. теңгеден астам қаржыны құрап, 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтитын пластмасса және мұнай-химия өнімдерін өндіруге бағытталған 4 жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Ордабасы ауданының өнім көлемі былтыр 79, 2 млрд теңгені құраған. Кірістің басым бөлігі өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы саласына тиесілі. Ауданда бүгінде тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, металлургия, машина жасау, құрылыс саласы мен кен өндіру өнеркәсібі сынды кәсіптермен айналысатын 35 кәсіпорын қызмет көрсетеді. Соның арқасында халық тұрақты жұмыспен қамтылып келеді. Ел алдында сөз алған облыс басшысы ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
«Мен әкімдердің есебіне баға беру үшін келмеймін. Бағаны сіздер бересіздер. Басшы жұмысының нәтижесін халық өзі-ақ көреді. Әкімдер халыққа жақын болуы тиіс. Ал әр аудан өзін-өзі қамтамасыз ете алатындай дәрежеге жету керек. Инвесторлар тартуды мықтап қолға алған жөн. Мысалы, осы Ордабасы ауданында Израиль елінен келген инвесторлар қарбызды сусыз егіп жатыр. Осындай жаңалықтарды үйренуге болады. Арысқа АҚШ инвесторлары келіп жатыр. Олар спутниктен көріп, табиғаты қолайлы екенін зерттеген. Сөйтіп бірегей жоба ұсынды. Жаңашылдыққа жақын болайық. Жаңалық ашуға құмар болайық. Әкім бизнеспен бір тілде сөйлесе білу керек. Әзірге біздегі әр кәсіпкердің салығы 100 мың теңгеден аспай отыр», – деді аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы.
Ауыл шаруашылығы саласына тоқталсақ, егіс көлемі әлдеқайда артып 65 374 гектарға жеткізілген. Көбінесе суды аз қажет ететін дақылдарға көңіл бөлініп отыр. Соңғы жылдары аудан аумағында жылыжай салуға ниет білдірушілердің де қатары артқан. Былтыр жалпы көлемі 72 гектарды құрайтын бүкіл жылыжайлардан 8 580,3 тн өнім жиналған.