Start Басты жаңалықтар МАҢҒЫСТАУЛЫҚТАР ТҮРКІСТАНҒА ТАРТУЫН ҚАЗАНДА БІТІРЕДІ

МАҢҒЫСТАУЛЫҚТАР ТҮРКІСТАНҒА ТАРТУЫН ҚАЗАНДА БІТІРЕДІ

Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесіне ие болған тұста Елбасы өзі осында келіп, Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Соның ішінде еліміздегі барлық облыс, қала әкімдіктері және ұлттық компаниялар жаңа облыс орталығына сый ретінде бір-бір ғимарат салуы тиіс еді. Арада көп өткен жоқ Түркістан үлкен құрылыс алаңына айналды.


Соның бірі – дәл осы амфитеатр. Киелі өңірдің халқына Маңғыстау облысы әкімдігінің сыйы. Енді бұл нысан қара күзге жетпей тұрғындарының игілігіне берілмек. Нақты айтсақ, үстіміздегі жылдың сәуір айында құрылыс жұмыстары басталған ғимарат қазан айында аяқталады деп жоспарланған.
1000 орынға лайықталған заманауи кешеннің көлемі 2400 шаршы метрге тең. «Рухани-мәдени орталық» аймағындағы 0,56 га жерде жүргізіліп жатқан құрылыс алаңында күндіз 22, түнгі аусымда 10 жұмысшы еңбек етуде.


Құрылысқа жауапты «АА-Стройинжиниринг» ЖШС мердігер компаниясының учаске бастығы Абай Абдурахманов: «жұмыс өз қарқынымен жүргізілуде, келісілген мерзімде аяқтауға мүмкіндігіміз жеткілікті» – дейді.
Мұнда 4 жұмысшы жергілікті, ал, қалған жұмысшылар Нұр-Сұлтан қаласынан келіп тер төгуде. Қосымша еңбек күшін арттыру мәселесін қарастырып отырған компания өкілдері мүмкіндігінше тағы да бірнеше тұрғынды жұмыспен қамтымақ ниетте.