Start Басты жаңалықтар МАҚТААРАЛДЫҚ БАҚ ӨКІЛДЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

МАҚТААРАЛДЫҚ БАҚ ӨКІЛДЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Елбасы жарлығымен «28-маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні» болып белгіленгелі БАҚ өкілдеріне жүктеліп отырған міндеттер ауқымды әрі жауапты. Баспасөз – халықтың құлағы әрі үні, қоғамның айнасы. Сондықтан жылда салтанатты түрде аталып өтетін журналистер мерекесінің мәні де, маңызы да ерекше.
Осыған орай Мақтаарал ауданында Баспасөз күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиын өткізіліп, оған аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов, аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Сәрсекбаев, «NurOtan» партиясы Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Досым Асабаев, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Сүндет Кенжебаев арнайы қатысып қаламгерлерді төл мерекелерімен құттықтады. Аудандық Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген шарада жұртшылықты жағымды жаңалықтармен қамтамасыз етіп, мемлекеттік саясатты насихаттап, үкімет тапсырмаларын орындау арқылы облыс, аудан басшыларының қол жеткізген жетістіктерін кеңінен елге таратып жүрген журналистермен қатар осы саланың ардагерлері, блогерлер де болды.
Мерекелік шара барысында аудан басшылары аса қиын мамандық иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қаламдары ұшқыр, жазарлары көп бола берулерін тіледі. Әрдайым халықтың көкейіндегіні дөп басып, күрмеуі қиын мәселелерді шешуде қаламы арқылы атсалысатын бұл сала мамандарының еңбектері елеулі екенін жеткізді. Сый-сияпаттар жасап, алғыс хаттар табыс етті.
Ауырпалықтың азабына төзіп, қиындығына көніп, ынтымаққа шақырудан шаршамайтын журналистер қауымының еңбегі әрқашан да мәртебелі.
Мемлекеттің мүддесін көздейтін, ұлттың жоғын жоқтайтын қадірлі мамандық иелеріне мерекелеріңіз құтты болсын дегіміз келеді.