Қазақ тілін меңгеруге қатысты Президент «Ең бастысы, ынта болуы керек» деді. Ынтаны қажеттілік, қажеттілікті талап, талапты лайықты заң туғызады. Заң жоқ емес. Бар. Президент атап өткендей, «Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата Заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде жазылған». Одан бері 30 жыл өтті. Тәуелсіздігіміз нығайды. Күрделі кезең артта қалды. Сондықтан сол өтпелі кезеңде жазылған заңның солқылдақ тұстарын жетілдіретін уақыт келді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керегін де айтқан болатын. Яғни, еліміздегі барлық ұлт өкілдерін қазақ ұлтының маңайына топтастыра, ұлт ретінде ұйыстыра алатын ұлы күш мемлекеттік тіл екеніне назар аудартқан. Осы жолғы мақаласында да Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге ұлт өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты» деп атап өтті. Тілі бірдің – тілегі бір. Оған нақты негіз бар. 2020 жылғы әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, елімізде қазақ тілін орыстар 45,3 пайыз, өзге ұлт өкілдері 49,3 пайыз меңгерген. Олардың бәрі қазақтың батырлар жырын жатқа айта алмаса да, мемлекеттік тілді түсінеді, азаматтармен қоғамдық қатынаста тілді қолдана алады. Нақтырақ айтсақ, сауалнамаға қатысқан 10 мың адамның арасында қазақтардың 50,7 пайызы, орыстардың 22,3 пайызы, ал өзге ұлт өкілдерінің 18,6 пайызы қазақша еркін сөйлейді, оқиды және жаза алады. Бұл тілді меңгеру үлесінің арта түскенін көрсетеді.
Міне, сондықтан да «Орыстілділер қазақ тілін үйренгісі келмейді» деген негізсіз миф пен «мемлекеттік тілдің ел өміріне тереңдей енуіне орыстар қарсы болуы мүмкін» деген отарлық заманнан қалған жалған үрейдің заманы өтті. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір азаматы өз тағдырын тәуелсіз Қазақстанмен және оның құқығы мен бостандықтарына кепілдік беретін Ата Заңымен, оның мәдениетімен және тілімен байланыстыра қарайды. Өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе орыстардың қазақ тілін таза меңгеріп алғандарының қатары өсті, меңгеруге деген ұмтылыс та жоғары. Мәселен, Тіл саясаты комитеті өткен 2020 жылы «Тіл – Тәуелсіздік символы» шарасы аясында бүкіл республикалық деңгейде өзге ұлт өкілдері арасында «Мен қазақша сөйлеймін» акциясын өткізді. Сонда 5 – 60 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдері (басым бөлігі орыстар) қазақтың батырлар жырын жатқа айтудан сайысқа түсті. Шынын айтайын, бүгінде батырлар жырын нәшіне келтіріп дәл осылай жатқа айтатын қазақ жастарының өзі бірен-саран. Тілді үйрену – ниеттен екені рас. Ниеттенді, үйренді, еш қиналған жоқ. Бұдан бөлек, Тіл саясаты комитеті этнос өкілдерімен өткізген жиын барысында өзге ұлт өкілдері Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жөнінде үндеу қабылдағаны да баршаға мәлім. Жалпы, Парламентте, министрліктерде, бизнесте, БАҚ-та, басқа да салаларда қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері саны жыл санап артып келе жатқанына жұрт куә. Сондықтан Президенттің «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады» деп батыл айтуының осындай алғышарттары бар.
Мақаланың толық нұсқасымен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар: https://aikyn.kz/104580/%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0%d…