Start Әлеумет АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІКТІҢ АРТУЫ – ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕҢГЕЙІН ТӨМЕНДЕТЕДІ

АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІКТІҢ АРТУЫ – ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕҢГЕЙІН ТӨМЕНДЕТЕДІ

Қандай да бір сыбайлас жемқорлық көріністеріне куә болған азаматтың әлеуметтік індетке көз жұма қарамауы, белсенді әрекет ете білуі – еңселі еліміздің ертеңі үшін жасалған ерлікпен пара-пар.
Ол үшін не істеу керек? 
Ең алдымен, қандай да бір жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы ақпарат білген азамат Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) тәулік бойы тегін қызмет ететін «1424» Саll-орталығына қоңырау шалуы тиіс. Онда хабарласушының жеке ақпараты құпия түрде сақталып,  берілген түрлі ақпараттар мен арыз-шағымдар, ұсыныстар мен  пікірлер операторлар арқылы қабылданады. Ел аумағынан, өңір тұрғындарынан және түрлі елді-мекендерден сыбайлас жемқорлық тәуекелін жасады деген ақпарат келіп түскен жағдай да, жедел желінің операторлары абонентті Агенттіктің кезекші офицерімен тікелей байланыстырып, әрбір хабарламаны  басты назарға алып отырады.
Егер азамат өз ақпаратына сенімсіздік   білдірген жағдай да, тегін консультациялық кеңестер беріліп,  ақпараттық көмектер көрсетіледі. Бүгінде «1424» сенім телефоны арқылы келіп түскен хабарламалардың нәтижесінде қаншама іс қозғалып, бірқатар көлеңкелі қылмыстың беті ашылып үлгерді. 
Сондай-ақ, қоғам індеті турасында тиісті мекемеге хабарлаудың өзге де жолдары қарастырылған.  Мәселен, Агенттікке не болмаса Агенттіктің аумақтық Департаменттеріне, яғни өңір тұрғындары үшін  Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаментіне жазбаша түрде арыз қалдыру арқылы  хабардар етуге болады.
Бұл тұрғы да,  жылдан-жылға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне – облыс халқының сенімі күшейіп келеді.
Атап айтсақ,  халықтың сыбайлас  жемқорлыққа қарсы қызметке деген сенім деңгейін анықтау мақсатында жыл басынан бері жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес,  Түркістан облысы 94,5%-ды еншілеп, халықтың сеніміне ие болған өңір ретінде алғашқы орыннан төбе көрсетті.  
Бұл өз кезегінде, құқық қорғау қызметкерлеріне сенім артып, жемқорлықпен жұмыла күрес жүргізуге ниетті өңір тұрғындарының қатарының артқанын көрсетеді.

                           
Жандос ҚАМБАРБЕКОВ,
    «Күрең тұлпар» Қоғамдық Бірлестігінің жоба үйлестірушісі