Start Басты жаңалықтар АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды даму үстінде. Былтырғы жылы 906,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,7%-ды құрады. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев рухани шаһар тұрғындарымен кездесуінде баяндады.
«Егіс көлемі 845 500 гектарға орналастырылып, жоспар 2 100 гектарға артығымен орындалды. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде көкөніс, бақша, картоп өнімдерінің түсімділігі орташа 50 центнерге көбейіп, өнім 2020 жылмен салыстырғанда 429 000 тоннаға артып, Рекордтық көрсеткіш 3,3 млн. тонна өнім жиналды. Жаңадан 122 гектарға жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 1 467 гектарды құрады», – деді өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы. Сонымен қатар оңтүстік өңір мал шаруашылығының дамуы бойынша да Республикада алдыңғы орында. Елімізде экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 75%, қой етінің 40% облыстың үлесінде.
«30 700 тонна ірі қара мал еті, 3 200 тонна қой еті экспортқа жіберілді. 4 млн. тонна мал азығы жиналып, жоспар 109%-ға орындалды. Халықты жергілікті өніммен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы құны 55,3 млрд. теңгеге 42 инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы ылғал үнемдеу технологиялары ендірілген алқап 4 000 гектарға жеткізіледі. Жылыжайлар көлемі қосымша 122 гектарға ұлғайтылып, жалпы 1 590 гектарды құрайды. 1 262 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары алынып, 5%-ға жаңартылмақ. Алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 1,3 трлн. теңгеге жеткізу жоспарлануда.