Start Басты жаңалықтар ӨНІМ ӨҢДЕУ ЦЕХЫНЫҢ ӨРЕЛІ ІСІ

ӨНІМ ӨҢДЕУ ЦЕХЫНЫҢ ӨРЕЛІ ІСІ

Кейде қала дүкендерінде көрген өнімнің өзімізден шығатынын білмей қалып жатамыз. Бірде дүкеннен әдемі қорапшадағы кепкен жемістерді көріп, қатты қызықтым. Дәмі де әдемі. Бағасы да салыстырмалы түрде қарағанда тым қымбат емес. Кейіннен сол бір дәм қайта кездеспеді. Алайда, оның өзіміздің Қ.А.Ясауи атындағы университетінің жеміс-жидек өңдеу цехынан шыққандығын кейінірек білдім. Туған қаламыз Түркістанның мәртебесі өскен сайын шаһарымызда түрлі бағыттағы, әртүрлі салалар мен түрлі мақсаттағы іс-шаралар жиі өткізілетін болды. Осындай алқалы жиынның бірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-де өткен еді. Ол – «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» деген тақырыпта өткен симпозиум болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар бас қосып, келелі ойларын ортаға салып еді. Осы симпозиум аясында жеміс-жидектерді өңдеу цехын ашу рәсімі өткізіліп, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев ғылыми жоба негізінде жүзеге асырылып отырған өндірістің тұсауын кескен болатын. Заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен жасақталған жеміс-жидек өңдеу цехының жай-жапсарын қадірлі меймандарға түсіндірген университет ректоры Жанар Амангелдіқызы осы цехта арнайы дайындалған бұл өнімдердің оқу орнының жанындағы ботаникалық бақта өскен жемістерден жасалғандығына жан-жақты тоқталды:

– Біздің ботаникалық бақта өсетін жеміс және сәндік ағаштардың өте сирек кездесетін түрлері мен сапасы көпшілікке бұрыннан белгілі, – деді ол үстел үстіне әдемі қораптарға сәндеп салып, түрлі кептірілген жемістерден топтастырылған өнімді көрсетіп.

– Мысалы, мына жаңғақтардан, өріктерден пластиналар жасалады. Жақында алғашқы өнімдерімізді жергілікті сауда орындарына шығарып көріп едік, нәтижесі көңіл қуантарлықтай болды. Тағы да сұраныстар түсті. Сәби күтіп жүрген болашақ аналардың оның ерекше дәміне тұшынған қызығушылығы көп болды. Бұл тек бастамасы. Бұл тек үлгергеніміз. Бүгінгі симпозиумға келген қонақтарымызға дайындадық өнімімізді, – деген басшы сөзін тыңдап тұрып, «Шынында да, сапалы, таза құнарлы топырақта өсіп, ешбір зиянды қоспасыз дайындалған өз өніміміз тұрғанда, өзгелердің өнімін алыстан арбаламай, жақыннан алғанға не жетсін» деген ой келді. Сыртқы қапта-масының көрінісі де көзтартарлықтай көрінді. Осы өнімнің өзімізден шық-қандығына әрі таңданып, әрі сүйсіндік. Білім мен ғылымды ұштастырып, түрлі жобаларды жүзеге асырып жатқан университет ұжымының жаңашылдығына тәнті болдық.

Ал, енді, осы жобаның жайына кеңірек тоқталар болсақ, тиімділігі жан-жақты «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының бағалы гендік қорын сақтау» атты коммерциялық жоба аясында жүзеге асырылып отыр.

2022-2025 жылдарға арналған бұл жобаның жалпы қаржыландыру сомасы 360 млн. теңге. Өндірістік цех қазіргі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген және онда өнімдерді жуу, кесу, сұрыптау, орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады. Өндірістік цех тәулігіне 5-7 тонна өнімді қабылдап, өңдей алады.

Аталмыш жоба жетекшісі Ерден Мұратов жүзеге асырылып жатқан жобаның мақсатына тоқталды:

– Біздің мақсатымыз – Түркістанда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудың, оны қайта өңдеудің негізгі әрі маңызды жолдарын анықтау. Осыған орай, осы жобаның негізінде оңтүстік облыста алғаш рет ботаникалық бақта өнімдерді өңдейтін, қайта өңдейтін цехтың жұмысын жүзеге асырудамыз. Бұл бағытта ұлан-ғайыр жұмыс жасалды. Және бұл цехтың жұмысы өте ауқымды. Мұнда жыл сайын отыз-қырық тонна өнімді қайта өңдей аламыз. Алманың қағын, қауынның қағын, қарбыздың қағын, өріктің қақтарын дайындауға болады.

Коммерцияландыру ісінің басшысы Искаков Азат бұл коммерцияландыру ғылыми жобасының ботаникалық бақтың гендік қорын сақтауға байланысты қолға алынғандығы туралы таратып айтып өтті:

– Жасыратыны жоқ, жыл өткен сайын кейбір ағаштардың түрлері сиреп, жоғалып кетіп жатыр. Оның ішінде, сәндік ағаштар да, жеміс ағаштары да бар. Солардың гендік қорын сақтау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Ал, енді оны биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы сақтап қала аламыз. Яғни, қалдық ағаштарымызды қайта өңдейміз. Оны коммерциялық игереміз. Сатамыз. Жемістерімізді қайта өңдейміз. Ол үшін арнайы өндірістік цехты іске қосып жатырмыз. Бұның іші жуудан бастап қазіргі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Кесеміз. Жуамыз. Қаптаймыз. Ораймыз. Сақтаймыз. Барлық қызмет түрлері орындалады. Бұл жерде цехтың, яғни кептіргіш аппараттарымыздың тәулігіне жеті тонна өнім қабылдауға мүмкіндігі бар. Оның бәріне көз жеткізу үшін 2023 жылы қосып көріп, тестілеуден өткіздік. Тестілеу кезінде он екі түрлі өнімді кептіріп көрдік. Оның ішінде көкөністер бар. Жемістер де бар. Қызанақтан бастап қарбызға дейін кептіріп көрдік. Және оның алғашқы партиясын шығардық. Өте жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзімізден шығатын бұл жерде алмұрт, алма, өрік, қара өрік. Оларды кептірдік. Кептіргеннен кейін еліміздің ішінде сатып жатырмыз. Түркістан қаласында ауыл шаруашылық өнімдерін сататын қожалықтардан сұраныс түсті. Әсіресе, кептірілген өріктерге сұраныс көп. Балабақшалар да алады. Баға жағынан төмен. Қолжетімді. Өйткені, ол өзіміздің өнім болғаннан кейін өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Бұл жерде жұмысшы қолы азайған сайын, аппараттармен жұмыс істеген сайын бағасына әсер етеді. Бағасы да әртүрлі, соған қарай бекітіледі. Қазіргі уақытта жартылай аппаратпен істеудеміз. Біраз жұмыстар қолмен атқарылды. Адамдарға ақша төледік. Қыста да жартылай аппаратпен жұмыс істеуге тура келді. Енді толыққанды жұмыс істеуді қамтамасыз еттік. Жалпы бұл жердің жұмысына екі адам бас-көз болса жетеді. Жалпы жоба іске асырылып жатыр. Әлі бұл жоба аяқталған жоқ. Жоба үш жыл бойы іске асырылады. Негізгі талаптар, орындалғаннан кейін ғана, яғни цехтың жұмысы бар, бау-бақшада орындалып жатқан күтіп-баптау жұмыстары бар, барлығы аяқталғаннан кейін толыққанды іске қосылады. Маусым айында жемістер пісе бастайды. Өнімдерді қабылдауға цех дайын.

Жеміс-жидектерді өңдеу цехының ашылу рәсімінде университеттің биология кафедрасының меңгерушісі Ғани Исаұлы Исаевпен сұхбаттасып, жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалардың мән-мақсатына қанықтық:

– Жалпы кафедра жоспарында бес гранттық жоба бар. Химтехнология бойынша екі, биотехнология бойынша бір гранттық жоба коммерциялық негізінде ғылым қоры тарапынан қаржыландыратын жоба. «Бұл жоба неге құрылды?» – деген сауалға жауап берер болсақ, бірінші біздің ботаникалық бақтағы өнімді ысырап етпеу, оны қайта өңдеу. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда қалдықсыз технологиямен жұмыс істеу күн тәртібінде тұр. Біздің шығып жатқан өнімдердің барлығы адам ресурстары арқылы жүзеге асады. Мына жоба бойынша жұмыстың басым бөлігін техника атқарады. Осы аппараттардың барлығын алып келіп, өнімді кептіреміз. Бұл – бір. Екіншіден, өңделген өнімдеріміз тым болмағанда өзіміздің асханаларымызды қамтамасыз етсе де, келтіретін пайдасы зор. Демек, бұл ғылыми зерттеулердің өндіріске енгендігі, пайдаға асқандығы. Осылайша ғылым мен еңбекті ұштастырып жатырмыз. Зерттеуді өндірісте қолданып жатырмыз. Коммерциялық игеру осы мақсатта құрылған. Бұдан бөлек методикалық жобамыз бар. Білім бағыты бойынша жобаға тоқталсақ, биология мұғалімдерін даярлау тарапынан педагогикалық жоба бар. Ол 37 млн. теңгені құрайды. Жалпы кафедра бойынша бес гранттық жобаның жалпы құны 562 млн 400 мың теңгені құрайды.

Қорыта келе айтарымыз, ұлы баба есімін еншілеген жоғары оқу орнының бұл бағыттағы тасы өрге домалап тұр екен. Осы жобалардың бәрі рет-ретімен іске асса, түркістандықтардың табиғи таза жолмен өндірілген өз өнімдерімізге қарық болары сөзсіз. Шынында, өз өніміміз тұрғанда, өзге өнімді қайтеміз?!

Роза НАРЫМБЕТОВА.