Start Мәдениет „Ұлы даланың жеті қыры“ және аң стилі

„Ұлы даланың жеті қыры“ және аң стилі

„Ұлы даланың жеті қыры“ – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ел тарихын тереңнен тәпсірлеген маңызды құжат. Онда Елбасы ұлт болып қалыптасу жолындағы халқымыздың құнды мұраларын тілге тиек ете отырып, Қазақстан тарихына немқұрайлы қарамай, ғылыми тұрғыда жан-жақты ой салуды үндейді. Сонымен қоса ел-жұрттың рухани игілігін ұрпақ танымына бекіте түсу мақсатында маңызды жобаларды ұсынып, оның болашақта жоспарлы түрде жүзеге асуын міндеттейді. Мәселен, „Архив-2025“, „Ұлы даланың ұлы есімдері“, „Түркі әлемінің генезисі“, „Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі“, „Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы“, „Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі“ сынды жобалар елдің өткенімен қоса, мәдениеті мен өнерін дәріптеуге ерекше ықпал етері анық. Ал, оларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру қоғамдағы рухани саланың жаңа тынысын ашып, биік өрлеуге жол ашары белгілі. Расында, өр Алтайдан атырапты Атырауға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр даламызды    мекендеген ұлт пен ұлыс төрткүл дүниенің материалдық, рухани мұраларына өшпес із қалдырып кеткенін бүгінге тарих ақтаңдақтары дәйектеп отыр.         Қазір әлем өркениетіндегі озық идеялардың барлығының дерлік негізгі түпқазығы сонау ғасырлар тезінде ата-бабаларымыз қалыптастырып кеткен көшпелі әрі отыршылдық мәдениеттің тоғысында жасалды. Сондықтан Мемлекет басшысы өз мақаласында атқа міну, ежелгі металлургия, аң стилі өнері, Алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны құбылыстарына жаңа қырынан қарады. Бұл түсініктердің өзара байланысының ерекшеліктерін сараптап, ортақ тарихи үдеріс ретінде баға берді. Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарап, ондағы өз рөлімізді байыппен пайымдау қажеттігін баса айтты. Расында, мақалада сөз болған әрбір мәдени құндылық тұтас ұлт тарихының қайнар бастауын құрайтын құнды дүниелер.         Тұрмыс-тіршілігінің тұтқасын табиғатпен етене байланыстырған ата-бабаларымыз қашанда қоршаған ор­та­дан ажырамаған. Олардың дүниетанымының, наным-сенімінің қалыптасуына тұрмыс пен табиғат жағдайының ерекше ықпал еткені анық. Жаратылысынан алғыр халқымыз өз жазуы мен мифологиясы бір жолға түспей тұрып, сол жазу-сызуы жоқ дәуірдің өзінде-ақ озық мә­де­ние­тті қалыптастырып үлгерді. Сондай мәдениеттің көркем көрінісі осы – аң стилі өне­рі. Бұл туралы Елбасы өз мақаласында қарбайыр тілмен оның тарих үшін мән-маңызын тереңнен толғап баяндаған.         – Жануарлар бейнесін тұрмыста пай­далану адам мен табиғаттың өзара бай­­ланысының символына баланып, көш­пенділердің рухани бағдарын айқын­дап отырған. Олар жыртқыштардың, негізінен мы­сық тұқымдас аңдардың суретін көбірек қол­данған. Егемен Қазақстанның сим­вол­дарының бірі – жергілікті жануарлар әле­мінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес. Бұл ретте, аң стилі бабаларымыздың ай­рықша жоғары өндірістік тәжірибесі бол­ғанын көрсетеді, – деді Елбасы өз сөзінде.         Шындығында, ата-бабаларымыз қыш табақтар бетінде оюлап кес­кін­деуді, металмен жұмыс істеудің тех­никасын, соның ішінде, мыс пен қоладан бал­қымалар жасаудың және құймалар құю­дың, жайма алтын дайындаудың күр­делі әдістерін жақсы меңгерген. Берік металдарды отта балқытуды, тас жартастарда аң аулаудың әдіс-тәсілдерін қашап салу арқылы сол дәуірден сыр шертетін жылнамадан кем емес мағлұматтар қалдырған. „Аң стилі“ феноменінің әлемдік өнер­дегі биік белестердің бірі саналуы сондықтан болса керек.         – Б.з.б VIII ғасырдан бастап Ұлы дала төрінде аңдарды бейнелеу өнері, яғни, аң стилі пайда болды. Оның негізгі тақырыбы, діңгегі – аңдарды және аңыздағы ғажайыптарды бейнелеу. Негізінен, ол көбіне сәндік сипатта қолданылған. Ол бабаларымыздың ай­рықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Мәселен, археологиялық қазба нәтижелерінде табылған жәдігерлерден аталмыш өнердің сол заманның өзінде-ақ дамығанын аңғаруға болады. Қазба шаралары нәтижесінде түрлі бейнелермен безендірілген қола қазандар, құрбандық заттары, қару-жарақтар, ат әбзелдері мен киімдер табылды, – деді тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Ибраев. Ол осы саланың маманы ретінде аң стилінің төркінінде келешек ұрпақтарға қалдырған мол рухани-материалдық мұра жатқандығын жеткізді.         Осы аталған құндылықтардың тереңінде, шын мәнінде қазіргі Қазақстан жерінде мекендеген біздің ата-бабабаларымыздың материалдық және рухани дүниелерді жасап, оны әлемдік тарих пен игілік қоржынына айналдырғанын көрсету мақсаты жатқандығын бағамдау қиын емес. Ендігі кезекте оларды дәріптеу, оған деген халықтың қызығушылығын ояту, тарихты жаңаша сипатта зерделеуге үлкен түрткі болары сөзсіз. Себебі, тарихи саралау арқылы сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады. Рухани жаңғыру үдерістері жетілдіріле түседі. Келешекке дұрыс бағыт-бағдар алуға тың мүмкіндіктер пайда болады.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА