Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша кәсіпкерлік нысандардың да жөндеу және құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүктелген. Жалпы Арыста 472 кәсіпкерлік нысан анықталса, оның 400-ге жуығына зақым келген. 8 нысан жарамсыз күйге түскендіктен басынан салынады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыстың бизнес өкілдерімен арнайы кездесіп, олардың мүддесі қорғалатынын айтқан болатын. Осы бағытта жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Нәтижесінде бүгінде 395 нысанға ақау актісі жасалып, 155-іне сметалық құжат әзірленген. Мердігерлер де анықталып, жұмысқа тартылған. «Атамекен» ұлтттық кәсіпкерлер палатасының Түркістан облыстық филиалы арқылы кәсіпкерлердің құжаттарын жинау, нысандарға ақау актілерін жасау, шығындарды есептеу, кәсіпкерлерге кеңес беру жұмыстары қолға алынған. Филиал директоры Д.Әбсаттаровтың айтуынша, «Бизнес бизнеске көмектеседі» жобасы іске қосылып, «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі ашқан арнайы қорға Қазақстанның ірі компаниялары қаржылық көмек беруді бастап кетті.Олардың арасында «Қазақмыс», «КазАзот», «Богатырь-Көмір» сынды өндіріс орындары бар. 19 шілдедегі мәлімет бойынша Арыс кәсіпкерлерін қолдауға жиналған қаржы 1 млрд. теңгедей қаржы түскен. Қазіргі таңда 24 кәсіпкерлік нысанына 63,4 млн. теңге бөлініп, бірқатары жөнделіп үлгерді. Кәсіпкерлерге 3256 кеңес, 2375 анықтама берілген. Сонымен бірге Арыстың бизнес өкілдері үшін 1 пайызбен 5 млн. теңгеге дейін несиелер тағайындалған. Бүгінде жеңілдікпен несие алу үшін жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрайтын 368 өтінім берілді. Мамандардың сараптауымен құны 15 млн. теңгені құрайтын 6 жоба бекітілген. Игі бастамалар әлі жалғасады. Бұл – кәсіпкерлік саласы үшін үлкен көмек.